Денсаулық

Заманауи құрылғы – Қарағандыда

Уақыт өткен сайын елдің медицинасы қарыштап даму үстінде. Әрине, бұл біз үшін үлкен жетістік. Соған дәлел, облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыстық клиникалық аурухананың №2 перинаталдық орталығында жаңа заманауи шұғыл шақыру пульті орнатылды. Енді бұдан былай науқас аталмыш құрылғының тетігін басып, бөлмесіне дәрігерді шақырта алады. Бұрынғыдай дәлізді басына көтеріп, айқайға баспайды. Әзірге аталмыш аурухана жаңа құрылғы орнатылған алғашқы мекемелердің бірі. Алдағы уақытта өңірдегі барлық ауруханаларға қойылмақ.

Шұғыл шақыру пульті – қабылдау бөлімінде орнатылған. Егер жедел жәрдем көлігімен ауыр халдегі науқас келсе, кіреберіске қойылған «SOS» батырмасын басады. Батырманы басқанда қабылдау бөліміндегі пультке сигнал түсіп, қызыл шам жанады. Бұны көрген қабылау бөліміндегі қызметкер бірден сыртқа шығып, науқасты қабылдап алуы керек. Сонымен қатар, реаниматолог, лаборант, УЗИ, неонатолог, антитеррор бөлімдеріне де «SOS» батырмасы бар блог орнатылған. Қабылдау бөліміндегі дәрігер жоғарыдағы мамандарды шақыру үшін құрылғыдағы батырманы басса жеткілікті. Қабылдау бөлімінен түскен шақыртуға дәрігерлер 5 минут ішінде баруы шарт. Талап солай. Сонымен қатар, әр бөлімде оратылған блогқа бір-бір батырмалы ұялы телефон жалғанған. Қабылдау бөлімінен бөлім блогына түскен сигнал бірнеше секундтан кейін автоматты түрде ұялы телефонға қоңырау болып келеді. Телефонда дәрігер қызметіне жүгінген науқастың палата нөмірі шығады.

– Бұл жүйе 3G жылдамдықпен жұмыс істейді. «SOS» батырмасын әр бөлмеге, тіпті, әр қабаттағы дәретхана мен жуыну бөлмесіне орнатылған. Сонымен қатар, науқастардың бәріне қолсағат үлгісінде жасалған арнайы құрылғы бердік. Пациент «SOS» батырмасы бар блогқа бармай-ақ, қолындағы құрылғының тетігін басса болғаны. Оның денсаулыққа ешқандай зияны жоқ. Әрі құрылғы суға түссе де істен шықпайды. Науқастардан шағым жоқ. Керісінше, құрылғы жайлы оң пікірлер естіп жатырмыз. Аталмыш құрылғы тек «Шақыру» қызметін ғана атқарады, – деді облыстық клиникалық аурухананың №2 перинаталдық орталығының жетекшісі Гүлбан Мамалинова.

Қазіргі уақытта қолсағат үлгісінде жасалған арнайы құрылғы ауруханадағы әр түрлі санаттағы 123 науқаста бар. Егер науқас өзін жайсыз сезінсе, бөлмедегі «SOS» батырмасына бармай-ақ, қолындағы құрылғының тетігін басады. Сигнал бірден кезекші дәрігердің алдындағы блокқа түседі.

– Босануыма аз ғана уақыт қалды. Ауруханаға келгенімде бірден қолыма құрылғыны тақтырды. Өткен түні толғағым келіп, қолымдағы құрылғының батырмасын бастым. Лезде сыртта жүрген кезекші дәрігер келді. Сол кезде біз секілді болашақ аналарға осы құрылғының пайдасы көп екендігіне көзім жетті. Жалғыз біз емес, төсек тартып жатқан барлық науқасқа таптырмас құрал, – деді пациент Анна Босенко.

Ал, жас ана Динара Аманбаева: – Өткен түні толғағым кеп, қолымдағы құрылғының батырмасын бастым. Бір минут өтті, өтпеді білмеймін. Жаныма дәрігерлер бірден жетіп келді. Бөлмемізде «SOS» батырмасы бар блог орнатылған. Бірақ, толғағы келген ана оған жете алмайтыны сөзсіз. Әр поциенттің қолында осындай құрылғы болғаны жақсы болды. Қазір баламды қолыма алдым. Арасында балам мазасызданғанда құрылғы арқылы ақ халаттыларды шақырып отырамын, – дейді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Суретті түсірген А.МАРЧЕНКО.

Басқа материалдар

Back to top button