Басты тақырыпЖаңалықтар

Заманауи нан зауыты ашылды

     Ақ пен қараны ажыратпастан, қазақ баласына нанның қадірін түсінуді, аяқ астына тастамауды үйретіп, дастарқанына өзге тағамдардан бірінші қойған. Сөйткен жұртымыз сенбі күні еуропалық стандартпен жұмыс жасап, нан-тоқаш өнімдерін шығаратын заманауи кәсіпорынның тұсауын кесті.

Жаңа нан зауытының құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған. Қуаты тәулігіне 75 тоннаға дейін нан, нан-тоқаш және 3 тонна кондитер өнімдерін шығаратын «Сарыарқа Нан Қарағанды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ашылуы Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына тұспа-тұс келді. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 3 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынған. Жоба Қазақстан Республикасының «Бәйтерек» Ұлттық қорының, «Цеснабанк» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ қолдауымен жүзеге асты.

Нан зауытының ашылуы 500-ден аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік берсе, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға да жұмыс орны қарастырылған.

Бүгін қаламызда тағы да бір жаңа өндіріс нысаны ашылып отыр. Бұл кәсіпорын – заман талабына сай келетін жаңа нан зауыты. Зауыт Қарағанды қаласын ғана емес, облыс орталығына жақын барлық елді мекендерді қамтамасыз ететін болады.

Жаңа кәсіпорынға іске сәт тілейміз, – деді өз сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев.

Зауытқа құйылған инвестия соңғы жылдары Қазақстан ғана емес, ТМД көлеміндегі ең ірі инвестициялардың бірі. Яғни, зауыт – Еуропа мен Азиядағы заманауи кәсіпорын.

Бұл зауыт ел үшін, халық үшін салынды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың экономика саласындағы сарабдал саясатының арқасында аз уақыт ішінде осындай ірі кәсіпорын салу мүмкіндігі туды. Бізге, кәсіпкерлерге осындай мүмкіндік ұсынған Президентімізге алғысым шексіз. Зауыт – еліміздегі инвестициялық климаттың жақсы көрінісінің бір дәлелі. Елімізде осындай кәсіпорындардың әлі де көп болатынына сенімдімін. «Сарыарқа нан зауытының» стратегиясы, мақсаты бар. Қалыптасып үлгерген кәсіби ұжым табысқа жету жолында аянбай еңбек етері анық, – дейді инвестор Ерлан Нығматулин.

Қарағанды аймағын нан-тоқаш өнімдерімен толық қамтуға мүмкіндігі зор жаңа нан зауыты Германия, Италия, Словения сынды алдыңғы қатарлы еуропалық өндірушілердің қондырғыларымен жабдықталған. Нан өнімдерін дайындайтын мамандар да Еуропа елдерінің жетекші мамандарынан оқып үйреніп келген.

Бұл жерде орнатылған құрылғылардың барлығы Мюнхен қаласында өткен ең соңғы әлемдік көрмеден сатып алынған. Тағы бір мақтанышпен айтарлық жағдай – әлемде санаулы данада шығарылған бірқатар жабдықтар да осында. Олардың біреуі Мәскеуде, енді бірі Петербургта болса, үшіншісі – Қарағандыда.

Мұндағы жаңалық – нан пісірудегі барлық процесте адами фактордың болмауы. Яғни, дайын өнімге дейінгі аралықтағы барлық үрдіске машина жауапты. Маман тек осыны жіті қадағалап, бақылау, нұсқау беріп отырса болғаны.

Барлық ингредиенттер компьютер арқылы мөлшерлеуішке келеді, ал мөлшерлеуіш барлығын реттеп, 5 тен 7 граммаға дейінгі аралықта ауытқуды байқаса, жүйе тоқтап, компьютер белгі береді және ақаулықты көрсетеді.

Нан пісіретін суды тазалауға да ерекше мән берілген. Зауыт суды қалалық желілерден алатын болғандықтан, тазалаудың үш – ірі, биологиялық, химиялық кезеңінен өтеді.

Кез келген кондитерлер тәтті нанды қолмен дайындайтыны санамызға сіңіп қалғаны белгілі. Ал, бұл жерде бәрі автоматтандырылған. Қолмен атқарылатын жұмыс – дайын өнімді безендіру ғана. Осы кондитерлік цехта тәтті нан пісірудің әлемдегі нөмірі бірінші заманауи құрылғылары орнатылған. Дамыған, озық техниканың барлығын осы жерден көруге болады. Кезінде кем дегенде екі цехты ұстау керек болатын Кеңестік дәуірмен салыстыра қарасақ, кондитер цехында орналасқан бір ғана шағын машинаның өзі жиырмаға жуық тоқаш өнімдерін дайындай алады екен.

Барлығы қарапайым – нан пісірілетін қамырды да илейтін компьютер, қажет затты да мөлшерлеп, пешке жіберіп отыратын да компьютер. Адам – компьютер жұмысын реттеп, оператор ретінде ғана қызмет атқаратынын ескерсек, нан илеу процесінде бөгде заттардың кездейсоқ түсіп кетуі деген мүлдем болмайтын жағдай. Бұл – кәсіпорынның бәсекелестерінің алдындағы бірден-бір бірегей мүмкіндігі. Ал, өз өнімінің сапасына сенімді «Сарыарқа Нан Қарағанды» зауытының нан қалыптарының түбінде «С» белгісі ойылып жазылған. Яғни, сапалы өнімді басқа өнімдермен шатыстыру мүмкін болмайды.

Қалыпқа салынып, 270 градустық пешке жіберілетін нан бөлкелерінің салмағымен қатар, биіктігі де бірдей болмақ. Ол тағы да сол компьютердің арқасында. Пешке жіберілер алдында барлығы бір деңгейде көтерілген нан бөлкелерін өткізетін компьютер барлығын реттеп отырады. Пештен шыққан нанның әрқайсысын компьютер қалыптан бір-бірден көтеріп, арнайы сұйықтық бүркеді. Бұл – нанда күйіп кетудің болмауын қадағалау үшін.

Батон дайындау цехы да толық автоматтандырылған. Бұл жерде оның кез келген түрі дайындалады. Батон дайындалатын қамырдың салмағын, көлемін де есептейтін робот. Дайын қамырдың бетіне тілік салып, пешке жіберетін, дайын болған өнімді пештен алатын да робот. Бұл жерде де адам еңбегін атқаратын техника.

Қолмен атқарылатын жұмыс – тарату бөлімінде ғана. Логистикамен қамтамасыз ету үшін нан өнімдерін сауда орындарына таситын 65 жаңа отандық автокөлігі бар көлік цехы бар. Нан зауытының мол ассортименті нан-тоқаш және кондитер өнімдерін Қарағанды қаласының және маңайдағы Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай сияқты серіктес қалалар тұрғындарына ұсыну үшін 47 фирмалық дүкен де ашылған. Сонымен қатар, кәсіпорындағы қызметкерлерді тегін тамақтандыру да қарастырылған. Ауысымнан кейін үйіне қайтқан кез келген қызметкер өзімен бірге ыстық наннан алып кете алады. Бұл – кәсіпорын басшылығының қызметкерлеріне алғысы.

Әлеуметтік қолдау шарасы аясында «Сарыарқа Нан Қарағанды» зауытының алғашқы өнімі Қарағанды қаласындағы балалар үйлеріне жөнелтілді.

Cалтанат ИЛЬЯШОВА

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button