Заманауи қазақ болу мүмкін бе?
Бүгінгі қазақ қандай болуы керек? Біз өзімізді заманауи әрі ұлттық құндылықтарын сақтаған ұлт ретінде қалыптастыра аламыз ба? «Заманына қарай – бөркіңді ки» дейді қазақ. Шын мәнінде, уақыт өзгерген сайын адам да, қоғам да өзгереді.
Егер жастардың тілімен айтсақ, бүгінде жастар өз өмірлеріне аса қызығушылық танытып, өздеріне не керектігін нақты біледі және сол жолда күресуге дайын. Олар өздерінің мүмкіндіктеріне сенім артады және болашақта білім мен дағдылардың септігі тиетіндігін жақсы түсінеді. Өзінің ұлттық мүддесі үшін еңбек ететін, тарихын бағалайтын және болашаққа еш кіршіксіз сенетін рухты жастардың барына сенім арта отырып, олардың мүмкіндіктерге еркін қол жеткізуіне жағдай жасаған жөн.

Бүгінгі қазақ бұрынғы көшпенді бабалары сияқты атқа мініп, мал бағып жүрген жоқ. Біз – мегаполистерде өмір сүріп, технологиялық прогреске бейімделген, жаһандық мәдениеттің әсерін сезініп отырған ұрпақпыз. Бірақ осы өзгерістің арасында біз қазақ болып қалдық па? Кейбіреулер ұлттық болмысты сақтаудың жалғыз жолы – өткенге оралу деп есептейді. Дәстүрлі киім киіп, көшпенді өмір салтын дәріптеу арқылы ғана қазақтығымызды сақтаймыз деген пікір бар. Алайда қазақтың тарихына көз жүгіртсек, біздің ұлтымыз әрдайым заман ағымына бейімделіп, сонымен бірге өз ерекшелігін сақтап келген.
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, қазақ қоғамы өзгермей қалған емес. Бірақ, бұл өзгерістер қазақтың өзегін сақтап, рухани тұтастығын жоймады. Бүгінгі қазаққа тек ұлттық дәстүрді сақтау жеткілікті ме? Ұлттық құндылықтарға беріктігіміз бізді дамудан тежемеуі керек. «Білімді мыңды жығады» деген сөз бар. Заманауи қазақ – ең алдымен, білімді, технологияны меңгерген, әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға болуы тиіс. Бірақ сонымен бірге, өзінің ата-бабасының мұрасын, тілін, ділін қадірлейтін жан болуы керек емес пе? Біз бүгінде заманауи болу үшін шет тілін үйренеміз, әлемдік мәдениетке бейімделеміз, жаңа идеяларға ашық боламыз. Бірақ, осының бәрі бізді қазақ болудан алыстата ма? «Жаңаны үйрен, бірақ ескіні ұмытпа» деген қағида дәл осы сұраққа жауап бола алады. Заманауи қазақ – өз болмысынан ажырамаған, бірақ заманауи әлемде өз орнын тапқан адам. Ол өз тілінде сөйлейді, бірақ бірнеше тіл білу арқылы өзін әлемдік деңгейде дамытады. Ол салт-дәстүрін біледі, бірақ сонымен бірге, ескі мен жаңаны үйлестіре алады. Ол өткеннің жүгін арқалаған, бірақ болашаққа сеніммен қарайтын тұлға.
Қазақ халқының бай мәдениеті ғасырлар бойы өзінің ерекше дәстүрлерімен, рухани құндылықтарымен ерекшеленіп келді. Алайда жаһандану заманы мен урбанизация ұлттық мәдениеттің кейбір аспектілерін ұмыт қалдыруға алып келді. Соған қарамастан, соңғы жылдары қазақ жастары арасында ұлттық мұраға деген қызығушылықтың артуы байқалады. Бұл құбылыс заманауи мәдениет пен дәстүрдің үйлесім тапқан кезеңі деп айтуға болады.
Ендеше, заманауи қазақ болу мүмкін бе? Әлде уақыт ағымы бізді ұлттық болмыстан алыстатып, басқа мәдениетке жұтылып кетуге мәжбүрлей ме? Жауабы әр адамның өз таңдауында.
Гүлім СОВЕТ,
Босаға жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы
Шет ауданы