Руханият

Замана сабақтары: Зұлмат идеологиялар мен зұлым заңдар

ХХ ғасыр екi бiрдей дүниежүзiлiк соғысты, сонымен бiрге өз халқына қатыгез қараған фашистiк және коммунистiк диктатураларды (Германия, КСРО, Қытай, Камбоджа) бастан кешті. Миллиондаған бейбiт тұрғын мен әскери тұтқынды қан-қасапқа ұшыратқан идеологиялар ХIХ ғасырдың екiншi бөлігінде дүниеге келді. Нигилистікпен бәрiн мансұқ ету, бәрiне ерiк берiлгендiк, жалпыға бiрдей ұжмақ пен қоғамды түбегейлi құтқарудың небір теориялары жарық көрді. Бұл концепциялар мен теорияларды жоғары эрудициялы, аналитикалық ақыл-ой иелері, бiрақ көрегендiк қабiлеттерi түкке тұрғысыз философтар, ақындар мен әдебиетшiлер жасады деген пiкiрді назардан шығармау керек. Бұлардың қатарында К.МАРКС пен Ф.НИЦШЕ бар.

Коммунистiк партия манифесi қандай қанды қырғынға үндеп тұрғанына көз жеткiзу үшiн оны оқып шықса жеткiлiктi. Ф.Ницше өзiн Гитлер солай оқығанына кiнәлi емес-ау, алайда фюрер Гётеге емес, Ницшеге нақ солай қатынас бiлдiргенi де ойлантатын жайт. 1848 жылғы Франциядағы революциялық оқиғаларға байланысты К.Маркс «…контрреволюцияның каннибализмi ескi қоғамның қанқұмарлық аласұруын және жаңа қоғам тууының қанды толғақтарын азайтатын, басатын және жинақтайтын бiрден бiр құрал революциялық терроризм екенiне халықтарды сендiредi» – деп жазса, басқа бiр еңбегiнде «бiз аяусызбыз және сендерден ешқандай аяушылық сұрамаймыз. Өз кезегiмiз келгенде, бiз терроризмдi бетбүркер жалған фразалармен әшекейлеймiз» – деп көрсеткен. Орыс террористерiн К.Маркс «бұлар шын жарамды адамдар» ол терроризмнiң өзi «ерекше орыстық, тарихи болмай қоймайтын әрекет тәсiлi болып табылады» және «ол жөнiнде онша ұждан тебiренiсiне барудың жөнi жоқ» деген. Одан Ф.Энгельс те қалыспаған. Екеуi де терроризмнiң ашық апологетi, ұраншысы болған. Оған өз еңбектерi дәлел. Мәселе екеуiнiң жеке басында емес, терроризмнiң, әсiресе, мемлекеттiк терроризмнiң сонша үлкен дәрежеде әрі кең ауқымда жайылуына, болашақ пролетариат диктатурасы мемлекетiнiң ашық саясатына айналуына «классиктердiң дуалы аузымен» жол ашылуында.

Бәлкім, менiң халқымның, оның адал ұл-қыздарының, ерен қайраткерлерiнiң 1916-1986 жылдары қуғын-сүргiнге ұшырауының себептерi «адамзаттың ұлы ойшылдары» саналатын К.Маркс пен Ф.Энгельстiң осы сөздерiнен бастау алған шығар.

Қаражүздiктердiң терроры, мемлекеттiң билiк терроры, революцияның партиялық терроры, міне, бұл тізбекті соза беруге болады. Лениннiң терроризмге өзiндiк көзқарасы болған. Оның терроризмге тиiмсiз құрал ретiнде ғана көңiлi толмаған.

Терроризм революцияға дейiн де Ресейде кең жайылған-тын. Ол көркем әдебиетте, философиялық тұрғыдан И.Тургеневтiң, Ф.Достоевскийдiң, А.Камюдiң және тағы басқалардың еңбектерiнде қарастырылған. Философтар мен ақын-жазушылардың ішінде террорға бүйрегі бұрып, оны ақтаушылар да кездесіп қалады. Кісі өлтіру проблемасын көп жыл бойы терең зерттеген қылмыстанушы Ю.Антонян кiсi өлтiруге психологиялық ыңғайы жоқ, оған тиiстi iшкi қозғамдары (мотивтері) жоқ адамдардың өлтіруші болмайтынын дәйектейді. Террорлық өлтірулерді кездейсоқ деуге еш болмайды, іс жүзінде оның бәрі алдын ала дайындалған деп қадап айтады.

Тоталитаризм – жабық жүйе, ол бәрiн де, тiптi, қылмыстылықты да бақылауға алады, сондықтан бұл жағдайда көлбеу зорлық-зомбылық көрiнiстерi аз болады. Алайда, бұл жүйе қанды зұлымдықтарын ешкiмнен, ештеңеден қорықпай, ешкiмге жауап бермей кең көлемде жасайды. Міне, кеңестік биліктің тарихы дәл осының айқын көрінісі.

Сол кезде Ресейде позитивтiк бiлiмді заңгерлер, жалпы денi дұрыс қылмыстық заңдар болды. Ал, жетпей жатқанын сол кездегi интеллигенция жазып, ұсынды да. Бiрақ, оның ешбірін Кеңес билiгi әдейi керек етпедi. Неден қауiптенсең, қатер содан деп, жау болуы мүмкiн-ау деген – оқыған, көзi ашық адамдарды талай шаруаға арандатты.

1926 жылғы Қылмыстық Кодекстің 58-бабына сәйкес: жұмысшы-шаруа кеңестерiнiң билiгiн және КСРО Конституциясы және одақтас республикалар Конституциялары негiзiнде олар сайлаған КСРО-ның, одақтас және автономиялық республикалардың жұмысшы-шаруа үкiметтерiн құлатуға, ойсыратуға немесе әлсiретуге немесе КСРО-ның сыртқы қауiпсiздiгiн және пролетарлық революцияның негiзгi шаруашылықтық, саяси және ұлттық жетiстiктерiн ойсыратуға немесе әлсiретуге бағытталған кез келген әрекет контрреволюциялық қылмыс деп танылды. 30-шы жылдардың екiншi жартысынан бастап, заңдарда қылмыс ұғымын кеңейту үрдiсi пайда болды.

Қылмыстық заңдардың негiзгi бастауларына сәйкес жерiнен айдап жiберу және жер аудару нақты қылмыс iстеп сотталғандарға ғана емес, сонымен бiрге «осы жердегi қылмысты ортамен байланысы немесе өткен шақтағы қызметi бойынша қоғамдық қауiптi деп танылған адамдарға, сондай-ақ, сотта ақталған, бiрақ әлеуметтiк қауiптi деп танылған адамдарға да қолданылатын». Бұл тек 1946 жылғы 12 шiлдеде 1938 жылғы Заңға сәйкес келмейдi, сондықтан қолдануға жатпайды деп танылды. Бiрақ, бұл шаралар 1958 жылға дейiн заңда сақталып келдi.

Қылмыстық Кодекстің 58-бабы талай арысты баудай орды. Осы баптың бірнеше бөліктері бойынша айыпталған Мұхтар Әуезовтің ісі соттан тыс қаралған, Жүсiпбек Аймауытұлы өлім жазасына, Мiржақып Дулатұлы 10 жылға кесілген. Ахмет Байтұрсынұлы өлім жазасына кесіліп, одан соң жазасы 10 жыл концлагерде отыруға ауыстырылып, 1937 жылғы 8 желтоқсанда атылған. Мағжан Жұмабаев 58-7, 58-8, 58-11-баптары бойынша 1930 жылғы 4 көкекте ату жазасына кесілген. Кейін үкімі бұзылып, 10 жылға концлагерге жіберіледі, 1936 жылғы 2 маусымда босатылады. 1938 жылғы 11 ақпанда тергеу аяқталмай тұрып, 58-7, 58-8, 58-10, 58-11-баптары бойынша ату жазасына кескен үкім әзір болған. Одан соң 20 ақпанда соңғы жауап алған. Мағжанның ісі не сотта, не үштік отырысында қаралмаған.

Менің атам Сыздық Аяпбергенов 58-2, 58-7, 58-8, 58-10, 58-11-баптары бойынша өлім жазасына кесілген. 38 жасқа қараған шағында үштіктің қаулысы тағдырын шешкен. 1938 жылдың 14 ақпанында «сағымға» айналған. Құжаттар солай дейді. Қайтқан, жерленген жері туралы еш дерек жоқ. Бүгінгі күнге дейін репрессия құрбандарының көпшілігінің молалары беймәлім.

Жұртын ашаршылық пен қырғын қысқан жағдайда Алаш арыстарының қай-қайсысы болсын, белсенді қарекет еткен. Ол қарекет Қылмыстық Кодекстің 58-бабында көзделгендей, Кеңес билiгiн құлатуға, зиянкестiк жасауға емес, ел қамын ойлауға, қазақтың тұрмысын жақсартуға бағытталған болатын. Алайда, қылмыстық iстерден олардың бұл қайраткерлігінің жұрнағын ғана көреміз. Олардың халық үшiн оң қарекеттерінің өңі бұрмаланған, тергеу мен сот тек қаралау ауанында жүрген. Небір азаптау мен қинауды бастан кешсе де, олар кейiнгi ұрпаққа өздерiнiң биiк адамгершiлiгiн, қажымас қайраткерлiгiн танытар куәлiктер қалдырып кетті.

Репрессия құрбанының ұрпағы Роза Сыздыққызының айтуынша, Ұлы Отан соғысының басталуы қызыл қырғынға тоқтау салды. Соғыс қиындығы, қан майданда қаза болу қаупi, тылдың ауыртпалығы 30-шы жылдардың қызыл қырғынымен салыстырғанда халыққа, әсiресе, қазаққа жеңiл көрiндi. «Егер соғыс болмаса, – дейдi ол кiсi, – ел арасындағы ағайын-туған, жора-жолдастың, таныс-бейтаныстың арасындағы сезiм суықтығы, өзара күдiк, сенбеушiлiк, жасырын жаулық шегiне жеткен едi. Әрi қарай қандай «жақсылық» күтуге болатыны беймәлiм болатын».

Адамзат сол шақтағы үрейді болашаққа ескерту ретінде есте сақтауы тиіс. Бұл қажет кезде қатерге қарсы белсенді қимылдауға негіз болмақ.

Болат СЫЗДЫҚ,

заң ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Back to top button