«Қарағанды Су» 43 нысанды жөндейтін бағдарлама бекітті
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті еліміздің су ресурстарын қорғау мен басқарудағы маңызы бөлек саясатын айғақтайтын тағы бір ілкімді іс-шара өткізді. Баспасөз туры барысында журналистер, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері «Қарағанды Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нысандарына барып, ондағы өміршең өзгерістерге көз жүгіртіп, көңіл қыдыртты.

Айта кетелік, биыл «Қарағанды Су» кәсіпорны инженерлік желілерді қайта жаңғырту бойынша 43 нысанды қамтитын инвестициялық бағдарламаны бекітті. Қайта жаңғыртылатын желілердің жалпы ұзындығы – 34 435,67 метр. Бағдарлама су құбыры және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстарын қамтиды. Сумен жабдықтауға келсек, техникалық жағдайды жақсарту және су шығынын азайту мақсатында 12 нысанда сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде, 7 нысан – шаруашылық әдіспен жүзеге асырылса, 5 нысан мердігер ұйымдарды тарту арқылы іске асуда. Сумен жабдықтау бойынша нысандардың жетеуі негізгі инвестициялық бағдарламаға, бесеуі қосымша бағдарламаға кіреді. Жалпы ұзындығы – 16 541,17 метр.
Кәріз жүйесіне қатысты бағдарлама 31 нысанды қамтиды. 11 нысан шаруашылық әдіспен, 20 нысан – мердігерлер арқылы қолға алынды. 9 нысан негізгі бағдарламаға, ал, 22 нысан қосымша бағдарламаға жатқызылды. Жалпы ұзындығы – 17 894,5 метр. Инвестбағдарлама аясында кәріз желілерін жаңғырту Мирная, Бабушкин, Восточная, Зелинский, Сводная, Н.Гоголь, Қ.Сатыбалдин көшелері мен Н.Әбдіров, Н.Назарбаев даңғылдарында, Ақтас кенті, Орбита ықшамауданында.
2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалу қорытындысына оралар болсақ, қазіргі уақытта жалпы ұзындықтың 19 505,91 метрі (56,64%) орындалды, қалғаны – 14 929,76 метр. Су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары Охотская, Крылов, Қ.Аманжолов, Ишимская, Ә.Ермеков көшелерінде жүргізілу үстінде. Ал, кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары Магнитогорская, Белинский, Локомотивная, Восточная, Сводная, Зелинский, Стахановская көшелері мен Н.Әбдіров, Шахтеров даңғылында іске асуда.
Иә, «Су – тіршілік көзі» дейтін болсақ, «Қарағанды Су» секілді кәсіпорындардың тынымсыз еңбегі мен жаңашылдығы арқасында қаламыздың сумен жабдықтау жүйесі заман талабына сай жаңғырып, әрбір тұрғынның игілігі үшін қызмет ете бермек. Бұл – қажырлы еңбектің, ортақ мақсатқа деген сенімнің және туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақ көрінісіндей сезілді бізге.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»