АймақЖаңалықтарЗаң және тәртіп

«Заң және тәртіп»: Қарағанды құтқарушыларының күнделікті қызмет барысы таныстырылды

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңірде «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылған «Құқық тәртібі әліппесі» акциясы шеңберінде ашық форматтағы кең көлемді іс-шара өткізді. Акция облыстық прокуратура жанындағы жобалық кеңсенің үйлестіруімен жүзеге асырылуда.

Іс-шара барысында құтқарушылардың күнделікті қызметі, материалдық-техникалық базасы, жедел әрекет ету тетіктері мен кәсіби даярлығы жан-жақты таныстырылды. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, депутаттар, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.

Кездесу барысында Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Думан Қайратұлы акцияның маңыздылығына тоқталып, құтқарушылар жұмысының сан қырлы екенін атап өтті.

– «Заң мен тәртіп» акциясы аясында облыс прокуратурасымен бірлесіп, құтқарушылардың қызметін белсенділерге таныстырып, олардың күнделікті қандай жұмыс атқаратынын көрсету мақсатында үлкен жиын ұйымдастырып отырмыз. Департаментіміздің техникалары мен арнайы құрал-жабдықтарын таныстыру үшін экскурсия өткіземіз. Сонымен қатар музейді аралау, жедел штаб қызметімен танысу, төтенше жағдай кезіндегі әрекеттерді көрсету қарастырылған. Жылу-түтін камерасы мен авариялық-құтқару жасағының жұмысы да тәжірибе жүзінде көрсетіледі. Мұндай іс-шараларды біз халыққа өз қызметімізді таныстыру мақсатында тұрақты түрде өткізіп келеміз. Ал биыл бұл шара прокуратурамен бірлесіп алғаш рет ұйымдастырылып отыр», – деді ол.

Сондай-ақ,жиында сөз алған Нұрлан Бикенов акция аясындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын жеткізді.

– Біз «Құқық тәртібі әліппесі» акциясы аясындағы жұмысымызды жалғастырып келеміз. Бұл акция «Заң және тәртіп» идеологиясы негізінде жүзеге асырылуда және облыстық прокуратура жанындағы жобалық кеңсенің үйлестіруімен өткізілуде. Белсенді қатысып отырғандарыңыз үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Бүгін Төтенше жағдайлар департаменті сіздерге өз қызметінің ауқымды бағдарламасын дайындады деп ойлаймын. Олардың жұмысы тек өрт сөндірумен ғана шектелмейді. Қызметтері кең көлемді, сан қырлы, – деді ол.

Нұрлан Бикенов құтқарушылардың ауа райы қолайсыз кезеңдердегі, табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар кезіндегі еңбегіне ерекше тоқталды.

– Ауа райы қолайсыз болған кезде жолда қалған жүргізушілерді құтқару, түрлі төтенше жағдайларда адамдарға көмек көрсету – осының барлығы олардың міндеті. Мәселен, кеше Топар су қоймасында орын алған қайғылы жағдай кезінде жеңіл көлік мұз астына түсіп кеткен болатын. Құтқарушылар көлікті судан шығару жұмыстарын жүргізді. Жаз мезгілінде – өрт сөндіру, көктемде – су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жұмыстары, жалпы төтенше жағдайлардың барлығы бүгінгі күні департаменттің мойнында. Бүгін сіздер өз көздеріңізбен құтқарушыларымыздың өңіріміздегі жұмысын көріп, олардың қызметіне куә боласыздар деп сенемін, – деді ол.

Іс-шара аясында департаменттің арнайы техникасы мен заманауи құрал-жабдықтары таныстырылып, өрт-техникалық орталыққа экскурсия ұйымдастырылды. Қатысушылар жедел штабтың ақпаратты қабылдау, өңдеу және тиісті құрылымдарға жеткізу тәртібімен танысты. Өрт сөндірушілердің кәсіби даярлығына арналған жылу-түтін камерасының жұмысы мен авариялық-құтқару жасағының іс-тәжірибесі көрсетілді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Мұндай ашық кездесулер құтқарушылар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыра түсетіні анық.

Жамал АҚПАРОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button