Заңсыз көліктер қайта заңдастырыла ма?
Шетелден қымбат көлікті жарты бағасына алып, кеденнен кедергісіз өткізіп жүргендердің алдағы жайы мәлім болды. Қазақстан табалдырығынан тіркеу нөмірінсіз кірген көліктердің көбі ұрланған немесе утилизацияға жіберілген көліктер. Оны анықтау үшін, дәлел іздеп қажеті жоқ. Қазақстанда шетелдік номермен жүрген төрт көліктің екеуінде бір номер. Қағыс естіген жоқсыз. Дәл солай. Оның бірі ұрланған екені айдан анық…
– Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында.
Осынау ел Президентінің нақты тапсырмасынан кейін алыпсатарлардың абдырап қалғаны бар. Іргелес Қырғызстан, Моңғолия, Ресей елдерінен құны құрық салдырмас көліктерді арзан бағада қолға түсіріп, оны қазақстандықтарға тиімді бағада ұсынатын пысықайларды айтамыз. Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін осы бір өткен дәуренді қайта сараптап көрсек.
– Біздің елде көлік бағасы шарықтап тұр. Ол жалпақ жұртқа мәлім. Сондықтан адамдар мейлінше жеңіл жолына көшіп, шетелдік көліктерге жүгінеді. Ал, заңсыз көліктің аты әрине заңсыз. Дегенмен, шетелге көлік аламын деп жиған-тергеніңді алып жолға шыққанда арманыңдағыны қанжығалап қайтқың келеді. Оның несін жасырамыз.
Расында, ол жақта да алаяқтар болады. Ұрланған көліктерді арзан бағада ұсынғанда көлік іздегендер қуанғаннан оны түбегейлі тексермей бас салып алып жатады. Жалпы, көлік алу, оны заңдастыру, істен шыққан жерлерін жүйеге келтіріп, іске қосып қайта сату да өнер. Көбі біздің құлақты шулатады алыпсатарлар деп. Бірақ, шындығында біз де ел қатарлы пайда көргіміз келеді. Әрине, заңды тұрғыда. Шетелден көлік әкелерде бізбен арнайы мамандар барады. Олар бірнеше жылдық тәжірибелері бар мамандар. Бағалаушы мамандардың сараптауынан кейін біз ол көлікті рәсімдеп сатып аламыз. Бұл – толық заңды. Ал, заңсыз көліктер екі жақты заңды тұлғасыз, жазбаша келісімсіз өтіп жатады Қазақстанға. Оны шетелден алған алыпсатар да «әйтеуір сатамын ғой» деп түбегейлі тексермей, елдегі біреуге сатады. Міне, осылай қарапайым халық жапа шегеді тағы да. Меніңше, көлікті көп адам мінетін болғандықтан һәм қазақстандықтардың көбі сол алаяқтықтың құрбаны болған соң соңғы шыққан Жолдау соның алдын алар құжат болмақ, – дейді қарағандылық көлік алыпсатары Руслан Алдабергенов. Расында, Жолдауда айтылған нақты тапсырма көп қылмыстың алдын алмақ. Дегенмен, оның күшіне енуіне де біршама уақыт керек. Тіпті, Қазақстанға бұған дейін енген көліктерді заңдастыруға келсек те. Бұл туралы ҚР Ішкі Істер министрлігі полиция төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев айтты.
– Көліктерді заңдастыру және оларға қазақстандық тіркеу номерін ұсыну бұл әрине жақсы. Жол апатына кінәлілерді тауып, жазалауда таптырмас құрал. Сондай-ақ, өзге де алаяқтық, көлік ұрлау мен кеденнен заңсыз өту фактілерін болдырмауда да көмегі тиеді. Қазіргі таңда осы фактімен елімізде 88 мың көлік тіркеуде тұр. Біз шетелдік көліктердің біздің елге өтуін тоқтата алмаймыз. Заңды болса егер. Өйткені, біз Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елміз. Көпұлтты мемлекетпіз. Оны да ойлаған дұрыс. Біздің де көліктеріміз маңайдағы Ресей, Қырғызстанға еш кедергісіз кіре алады. Қарапайым жұртшылық көлікті әуелден заңсыз алады да алаяқтарға ұрынып, санын соққанда мемлекет тарапынан көмек күтеді, – деді ол.
Әрине, бұған мемлекет пен үкіметті кінәлаудан аулақпыз. Десек те, бұрын осылай алданып, артынан аузы күйгендерге ендігі жерде қайтпек керек? Көмек кімнен, мемлекет пен заңды тұлғалар болмаса? Бұл сұрақтың жауабын «ҚАЗАВТОПРОМ» автокөлік сапасы кәсіпорындары одағының мемлекеттік реттеу жөніндегі директоры Әділбек Орымбаевтың сөзінен іздесек.
– Ресми деректер бойынша 250 мың көлік заңдастырылмаған. Оның 88 мыңы ешқайда тіркелмеген, яғни, заңсыз. Жалпы кез келген жерде мысалы Ресейден алар болсақ, көлікті ол жерден сатып алушыға арнайы сенімхат берілуі тиіс. Оның ішінде әлгі автокөлік кімнің атына заңдастырылған, иесі кім екенін анықтайтын құжат кіреді. Осы құжаттар арқылы біздің елге келген көлікті Ресейдегі бұрынғы иесі екі-үш ай ішінде өз елінен тіркеуден шығарады. Салық төлемеуі үшін. Көліктің ұрланбағанын тек сол бір жапырақ қағаз ғана растайды сонда, – дейді Әділбек Орымбаев.
Шетелдіктерден біз арзан бағада көлік алып жүрміз десек олар біз арқылы жаңа көліктерді иеленеді екен. Біздің елде құрастырылған көліктерге шетелде сұраныс бар. Олар өздеріне жаңа көліктерді арнайы келісім арқылы алып, өздерінің ескі көліктерін біздің қарапайым жұртшылыққа тықпалауда. Мініп сайрандап жүрсін деп емес, утилизацияға. Осыны қате ұққан алыпсатарлар бүгінде жапа шегушінің де, шетелдіктердің де күнәсін арқалап жүр десек артық емес.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда шетел көліктерінің 6 санаты бар. Біріншісі – Армениядан қазақстандықтардың атына тіркелген көліктер. Екіншісі – Қазақстанда жүрген армиян азаматтарының атына тіркелген көліктер. Үшіншісі – Ресей азаматтарына тіркелген көліктер, қазіргі бізде жүрген көліктердің көбі яғни. Төртіншісі – Ресейде тізімнен шығарылған көліктер. Бесіншісі – Қазақстанға бөлшектеу арқылы кірген көліктер. Алтыншы санаттағы бұл «егіздер». Олардың бірі заңды түрде сатып алынған номерлі көлік болса, екіншісі ұрланған, яғни, жалған номерлі көлік. Президенттің шектеуі де осы көліктерге қатысты болса керек. Бұл сұрақ жүйесін таппайынша қазақстандық көлік жүргізушілерінің һәм алыпсатарлардың ақылы алтау, ойы төртеу.
Мамандардың сөзіне сенсек, алдағы 1-2 жылдың ішінде бұл сұрақ толық жауабын таппақ. Әзірге құзырлы орындар да құзыретті бұйрық болатын жерін күтуде.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.