Заң үстемдігі орныққан мемлекет тұрақты дамуға қол жеткізе алады
Биыл еліміз үлкен саяси өзгерістердің қарсаңында тұр. 15 наурыз күні Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қабылдау жөнінде республикалық референдум өтеді. Бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін аса маңызды қадам. Сондықтан баршамыз осы тарихи сәтте белсенділік танытып, ел келешегі үшін дауыс беруіміз қажет.

Біз елімізді әуел бастан құқықтық әрі зайырлы мемлекет ретінде жарияладық. Бүкіл әлем Қазақстанды осы қағидаттарға негізделген ел ретінде таниды. Елімізде ең жоғары құндылық – адам және оның құқықтары мен бостандықтары. Заң үстемдігі мен тәртіп орныққан мемлекет қана тұрақты дамуға қол жеткізе алады. Мемлекеттік жүйе заң талаптарына сай жұмыс істеп, барлық салада әділдік пен жауапкершілік қамтамасыз етілгенде ғана елдің болашағы берік болады.
Қазіргі таңда әлем қарқынды өзгеру үстінде. Ғылым мен технология дамып, қоғамдық үдерістер жаңа сипат алуда. Соңғы жылдары еліміз де маңызды саяси жаңғыру кезеңінен өтті. Халықтың талап-тілегі мен әділетті қоғам құру идеясы алдыңғы орынға шықты. Жаңа Конституция жобасын қабылдау – жүргізіліп жатқан реформалардың заңды жалғасы әрі шешуші кезеңі.
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер – уақыт талабы. Қоғам дамыған сайын сана да, басқару тәсілдері де жаңарып отырады. Сондықтан жаңашылдықтан қорықпай, оны дұрыс қабылдай білуіміз қажет.
Осыған орай, жаңа Ата Заңды қабылдау жөніндегі республикалық референдумға қатысу – ел болашағына бейжай қарамайтынымыздың белгісі. Бірлігімізді көрсетіп, мемлекетіміздің нығаюына өз үлесімізді қосайық.
Саят ОСПАНОВ
өлкетанушы, Журналистер Одағының мүшесі


