Ұзақ өмір сүруге себепкер
Өмір деген – қозғалыс. Сол қозғалыстан «қалмаған» қарттарымыздың бүгінде үйде бос отырғысы келмейді. Олар үшін кейінгі жылдары елімізде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылуда. Орталықтардың жұмысы қарт адамдардың бос уақытын мазмұнды өткізуге, орта құруға, оларды қоғамдық өмірге тартуға бағытталған. Қарағандыда осындай бес орталық жұмыс істейді. Оның үшеуі биыл ашылды. Олар көздеген қарттарды қоғам өмірінен тыс қалдырмау мақсаты – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Орталық саябақтағы «Sport line» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қарағанды қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру» арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы орналасқан. Ол – аталған мекемелердің ең үлкені. Ол мұнда биылғы ақпанда көшіп келді. Орталық директоры Саян Жарылғаповтың айтуынша, егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға барлық мүмкіндік бар.
– Қарттарға қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын жақсарту, ішкі шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау, қоғамдық өмірге тарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мұнда қарияларымыз бимен де, әнмен де, спортпен де, йогамен де, қолөнермен де айналыса алады. Одан бөлек, медициналық, психологиялық көмек, компьютер сабақтарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Барлығы да тегін. Көшпелі іс-шараларды ұйымдастыру, мәдени объектілерге бару, тақырыптық концерттер мен өзге де іс-шаралар жоспары жасалған. Жұмыс сол бойынша жүргізіледі, – дейді Саян Жанғазыұлы.
Ырысалды әжейдің мұнда келіп жүргеніне жарты жылдай болыпты. «Қызметтен қалатындай ерте тұрып, қалмай келемін», – дейді өзі.
– Орталықтағы қызметкерлер маған «пионер» деп ат қойып алған. Ерте келемін, қалмауға тырысамын. Себебі, маған бұл жер ұнайды. Өте керемет. Немере, шөбере бақтым, енді өзіме уақыт бөлетін кез келді. 45 жыл ұстаздық еттім. Жас кезімнен іс тігетін, ән айтатын өнерім бар. Бірақ, «жұмыс, жұмыс» деп жүріп, соның бәрін істеуге уақыт болмады. Қазір осындай мүмкіндік беріп отырған қала басшыларына алғысым зор. «Сәулем-ай» ансамбліне, биге, тоғызқұмалаққа қатысып жүрмін, – дейді Ырысалды Тайбекова.
Өзін Галина деп атаған келуші де орталық қызметіне дән риза.
– Аптасына екі рет келемін. Маған ұнайды. Былтыр қазаннан бастағам, міне, бір жыл болады. Мен мұнда биге қатысамын. Денсаулығым үшін бастаған едім, қазір концерттерге де шығып жүрміз, – деген ол Қарттар күніне арналған шарада билейтінін де атап өтті.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары қала бойынша Майқұдықтың, Прихаштинск пен Сұрыптау станциясының Мәдениет үйлерінде орналасқан. Бесіншісі кеше ғана Оңтүстік-Шығыстан да ашылды.
– Қаладағы орталық саябақтың ішінде. Келушілерге алыстау. Оның үстіне, көбінесе Оңтүстік-Шығыстан келеді. Сондықтан, сол ауданнан ашылғанына қуаныштымыз. Ғимарат жалға алынады, – дейді орталық директоры Саян Жарылғапов.
Оның айтуынша, орталықтар жүйесіне жалпы 800-ден астам адам тіркелген. Тұрақты келетіндердің саны 600-ден асады.
– Әдетте қысқа қарай келушілер көбейеді, жазғытұрым азаяды. Көпшілігі саяжайларға кетеді. Негізі аға буын өкілдері өте белсенді. Олардың әлеуетін қоғам игілігі үшін пайдалана білген дұрыс деп ойлаймын, – дейді ол.
Алдағы уақытта жұмыс орталық көрсететін қызмет түрлерін көбейтуге бағытталады. Қазір олардың саны 30-ға жуықтайды. Мәдени, сауықтыру, консультациялық, ағартушылық бағытта бірнеше қызмет түрлері бар.
– Орталыққа жұмысқа тұрғаныма көп болған жоқ, – дейді тоғызқұмалақ бойынша жаттықтырушы Мейірман Манабаев. – Үлкен кісілеріміздің қызығушылығы жоғары. Бұрын ойнап көрмесе де, білуге, үйренуге тырысады. Келесі жолы жанына танысын ертіп әкеліп жатады. Қазір 20 шақты адам тұрақты қатысып жүр.
Мейірман Шәңгерейұлы тоғызқұмалақты 30 жыл бұрын үйреніп бастаған екен. Қазір құқық қорғау органдарының зейнеткері.
– Бос жатпайын деп осында орналасатым. Жұмыс ұнайды. Бірақ, толық штатта емеспін. Жастар келсе, соларға басымдық бермекші, – дейді ол.
Жұмыспен қамтуда басымдық жастарда екені анық. Алайда, мұндай жұмысқа келгісі келетін жастар жоқтың қасы көрінеді. Мұны орталық директоры да айтып өтті.
– Белсенді өмір сүру орталықтарының ең бірінші мәселесі – жалақының төмендігі. Мұнда зейнеттегілер, қосымша жұмыс іздегендер келеді. Еңбекақының аздығынан жастар жұмысқа келе қоймайды. Оның көлемі еңбек өтіліне байланысты. Қазір 40 адам жұмыс істейді, – деді Саян Жарылғапов.
Орталық қызметкерлерінің қатарында психолог Диана Досмағанбетова да бар. Ол аптасына бір рет келіп, психологиялық семинар, тренингтер өткізіп тұрады. Қалаған адамға жеке қабылдау да жасайды.
– Топтық тренингтерде үрейден арылу, психосоматика, қарым-қатынасты жақсарту, ресурсты арттыру сияқты тақырыптарды қамтуға тырысамын. Әуеліде психологиялық көмекке күдікпен қарағаны рас. Қазір ашылды, ойларын ашық айта бастады, қатысушылар да көбейіп келеді. Жалпы, бұл буынның психологиясы қызық. Олар үшін психологқа жүгіну қиындау, олар бәрін іште сақтап, ешкімнің «көмегіне» зәру еместігін көрсетеді. Бірақ, кез келген адамға қолдау, түсіну, сезіну қажет, – дейді психолог.
Ол қарттармен жұмыс істеудің өзі де тәжірибе екенін айтты.
– Менің жұмыс істейтін аудиториям 20-45 жас аралығындағы адамдар. Егде жастағы адамдармен жұмыс мен үшін де тәжірибе. Бұл кісілер ата-анасын тыңдаған, қазір балаларын тыңдайтын жалғыз буын деген түсінік бар. Бұл кісілер жастайынан үлкенді тыңдау керек, сыйлау керек деген тәрбиемен өсті. Ал, қазір психология бірінші кезекте өзгеге емес, адамның өзіне мән беру керектігін үйретеді. Қазір олардың балалары бір кездегі олар сияқты ата-анасын тыңдамауы мүмкін. Бұл әрине, олар үшін дұрыс емес сияқты. Реніш те пайда болатыны содан. Осының бәрін талдаймыз, – дейді Диана Жұмабекқызы.
Мұнда біз көрген барлық келушілердің жүзінде қуаныш. Орталық қалыптастырған орта оларға шынымен ұнайды. Өмір қай жаста да қызықты. Оны мәнді ететін адамның өзі.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz