Қарағанды облысының сот сараптамасы институты заманауи жабдықтармен қамтылған. Жаңа технологияның арқасында былтыр тоғыз жыл бұрын орын алған кісі өлтіру қылмысы ашылыпты. Сала мамандарының айтуынша, бұл тек айтулы жетістіктердің бастамасы ғана. Жүйе одан әрі дамымақ.

Маңызы зор акция
«Заң және тәртіп» идеологемасы аясында Қарағанды облысының әділет департаментінде «Құқықтық тәртіп әліппесі» атты кезекті акция өтті. Оған облыс прокуратурасының өкілдері, мәслихат депутаттары, адвокаттар, заңгерлер мен студенттер қатысты.
Жиынның алғысөзін Қарағанды облысының әділет департаменті басшысының орынбасары Данияр Байділдин айтты. Департамент жұмысының негізгі міндеттері мен мақсатына тоқталды.
– Әділет органдарының қызметі қоғамның құқықтық өмірінің барлық салаларын қамтиды. Жекеменшік құқығын қорғаудан бастап, заң шығару сапасына бақылау жасауға дейін. Біздің ведомствоның тиімді жұмысы құқықтық мемлекеттің негізі болып табылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген мемлекеттік қызметтер реестріне сәйкес, Қарағанды облысының әділет департаменті 10 мемлекеттік қызмет көрсетеді, – деді Данияр Байділдин.
Коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есепке алу, заңгерлік көмек көрсету және құқықтық насихат жүргізу, интеллектуалды меншік құқықтарын қорғау және сақтау саласында мемлекеттік саясатты іске асыру, сондай-ақ, орындаушы құжаттар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және мемлекеттік реттеу – департаменттің негізгі бағыттары мен міндеттері. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді жүргізу, мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары да қамтылады.

– Бүгін сіздер мемлекеттік органдар жүйесіндегі маңызды саланың жұмысымен танысасыздар. Әділет департаменті, оның қызметі мемлекеттің құқықтық тұрғыда жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Азаматтардың құқықтарын қорғайды, заңды тұлғалар мен жылжымайтын мүлікті тіркейді, сот актілерін орындауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ, нотариус, адвокат және сот сарапшыларының қызметін бақылап отырады. Департамент басшылығы сіздер үшін ақпараттық және мазмұнды бағдарлама әзірлеуге барынша күш салды, – деді Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.
Акция бағдарламасы төрт блоктан тұрды. Бірінші блок – Қарағанды облысы сот сараптамасы институтының қызметімен танысу. Екінші блок – орындаушылық өндіріс туралы ақпарат беру. Мұнда «АИС ОИП» ақпараттық жүйесінің жұмысын көрсету және алимент бойынша қарыздар туралы мәліметтерді анықтап, полиция қызметкерлерімен бірлесіп, борышкерлердің мекенжайларына барып, іздеуде жүрген көлік құралдарын ұстау іс-шаралары жүргізіледі. Үшінші блок – әділет органдарының қызметі. Мұнда «У-Заң-көмегі», «Тараптар кабинеті», «АИС ОИП», «Е-Апостиль» ақпараттық жүйелерімен жұмыс жасап, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының жұмысы көрсетілді. Төртінші блокта электронды нотариат пен Enis.kz ақпараттық бағдарламасы таныстырылды.
– «Құқықтық тәртіп әліппесі» акциясы «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Қарағанды облысы прокурорының Құқықтық жобалар кеңсесінің жүйелі жұмысының нәтижесінде ұйымдастырылуда. Әр апта сайын мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметімен таныстырып отырамыз. Біздің міндетіміз – БАҚ өкілдері, депутаттар, қоғам қайраткерлері арқылы бұл ақпаратты халыққа жеткізу, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
Өткен жылы департамент 130 адвокатпен кепілдендірілген заң көмегін көрсету туралы келісімдер жасасты. «055 Адвокаттар арқылы заң көмек көрсету» бюджеттік бағдарламасы бойынша 58 млн теңге бөлініп, игерілді.

«005» бюджеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында соттар, тергеу және анықтау органдары 12 084 қаулы шығарды, яғни, заңмен қарастырылған жағдайларда тегін заң көмегі көрсетілген азаматтардың саны осыған тең. Өңірдегі жалпы адвокаттар саны – 569.
«Реинжиниринг аттестациясы» пилоттық жобасы аясында нотариус болуға үміткерлердің 66-сы, адвокат болуға үміткерлердің 136-сы аттестациядан өтті.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бір жыл ішінде 1 682 құқықтық түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Соның ішінде шалғай ауылдарда өткен іс-шаралардың көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артты.
Құқықтық ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Құқық кабинеті» жобасы жүзеге асырылып, облысымыздың 166 ауылдық елдімекенін қамтыды. Азаматтарға электронды мемлекеттік қызметтер мен «Заң» ақпараттық базасына қолжетімділік қамтамасыз етілді.
2025 жылы 68 әлеуметтік-құқықтық акция ұйымдастырылды. Оған алты мыңнан астам адам қатысты. Соның ішінде «Ашық есік күндері» мен мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар мерекелерге орай ұйымдастырылған тақырыптық акциялар болды.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, балалардың құқықтарын қорғау және отбасы институтын қолдау бағытында іс-шаралар жүзеге асырылды.
Өз ісінің білгірлері
Қарағанды облысының сот сараптамасы институтында қонақтарды зертханамен таныстырды. Онда ең заманауи жабдықтар арқылы есірткі заттарын анықтау зерттеулері жүргізіледі.
– Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тәркіленген заттардың зерттеу нәтижелерімен қамтамасыз етеміз. Соның ішінде, аса ірі мөлшерде тәркіленген заттар да бар. Бұл процесс бірден отыз күнге дейін созылады. Заттың түрін біздің базамыздағы деректер бойынша анықтаймыз. Бүгінде синтетикалық есірткілер, мысалы, мефедрон сияқты заттар көбейіп жатыр, ал, 90-шы жылдары табиғи есірткілер, марихуана, гашиш көп болған. Қазір зерттеулер саны азайғанымен, олар әлдеқайда күрделі, – деді Қарағанды облысының бас сарапшысы, отыз жылдық тәжірибесі бар Ирина Сухачева.
Сонымен қатар, есірткі заттарының негізі өте улы болғандықтан, экскурсияға қатысушылардың барлығы қорғаушы халаттар мен бахилалармен жабдықталды. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Ең алдымен, ешнәрсеге қол тигізбеу керек.
Акция қатысушылары молекулалық-генетикалық зертхана жұмысымен танысты. Онда Қарағанды және Ұлытау облыстарының барлық қылмыстық істері бойынша заттай дәлелдемелер зерттеледі. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы барлық сот сараптамасы институттарының зертханаларының жабдықтары уақыт өте, дамып келеді.
– Мұнда біз адам мәйітінің қалдықтарынан жеке тұлға туралы ақпараттарды анықтаймыз. Қылмысқа қатыстылығын да анықтаймыз. Дене сұйықтықтары, қан, сілекей, тер және т.б бөліктері зерттеледі, – деді сот сарапшысы-генетик Айгүл Сейсенова.
Молекулалық-генетикалық зертхана жұмысына сала министрлігі ерекше назар аударады. Бұл зертхана ДНК сараптамасымен айналысып, сәйкесінше есептік базаларды жүргізеді. Осы база арқылы тоғыз жыл бұрын жасалған ауыр қылмыс ашылды.
– 2016 жылы Қарағанды облысында қарт әйелді өлтіріп, зорлаған. Қылмыс орнында биологиялық іздер қалды. Биологиялық іздерді сол уақытта сәйкестендіру мүмкін болмады. Сол кезде 300-450 қан үлгісі өңделді. 160 генетикалық үлгі болды. Екі зертханада да ешбірі сәйкес келмеді. Ал, өткен жылы қылмыскер анықталды. Ол түрмеге қамалған екен. Криминалистер оның эпителийін алды. Оның нәтижелері базаға енгізілді және олар тоғыз жыл бұрынғы қылмыс деректерімен сәйкес келді. Дәлелдеме үшін екі қорытынды жасалды. Дәлелдеменің негізі 2016 жылы тексерілген молекулалық-генетикалық сараптамаларға негізделген. Ал, мен қан үлгісін зерттеп, генетикалық профильді анықтадым. Ол қылмысқа қатысы бар ер адамның бұрынғы профилімен сәйкес келді, – деді зерттеу процесін жүргізген Айгүл Темірбулатовна.
Криминалистер тәркіленген материалдарды ондаған жылдар бойы зерттеулерге пайдалануға жарамды етіп сақтай алады. 99,9% жағдайда сарапшылар биологиялық іздің нақты қай адамға тиесілі екенін анықтайды.
– Сот сараптамасы құқықтық тәртіп жүйесінде ерекше орын алады. Біз үкімдер шығармаймыз және айыптау, немесе, қорғаныс тарапын ұсынбаймыз. Біздің рөліміз – ғылыми, заманауи әдістерді пайдалана отырып, фактілерді объективті түрде зерттеу. Дәл осы сараптама қорытындысы көбінесе соттың заңды және әділ шешім қабылдауына мүмкіндік беретін элемент болып табылады. Заң туралы айта отырып, оның өздігінен жұмыс істемейтінін ескеру маңызды. Заң әрекет ету үшін әрбір дәлел тексеріліп, әрбір жағдай зерттеліп, әрбір қорытынды ғылыми түрде расталған деректерге негізделуі керек. Міне, осылайша сот сараптамасының заңдылықты қамтамасыз етудегі маңызы айқындалады. Заң – бұл ереже, тәртіп – оның практикалық іске асуы, ал, сот сараптамасы – бұл фактілер мен әділ шешім арасындағы көпір, – деді Қарағанды облысының сот сараптамасы институты басшысының орынбасары Лаура Жылқыбаева.
Қарағанды облысының сот сараптамасы институтында 44 сараптама түрі жүргізіледі, 83 сот сарапшысы мен сот-медициналық сарапшы жұмыс істейді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



