Заңдар тек айыптау актісі емес
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында халықаралық деңгейде ауқымды ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара «Қоғамда заң және тәртіп идеологиясын жүзеге асырудың ғылыми негіздері мен өзекті мәселелері» тақырыбына арналды.

Конференция заманауи құқық қорғау саласына қатысты ең өткір, өміршең тақырыптарды қозғаған маңызды ғылыми платформаға айналды. Қазақстандық ғалымдармен қатар, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің жетекші құқықтанушы мамандары, полиция құрылымдарының өкілдері мен құқық қорғау академияларының сарапшылары бас қосып, ой бөлісті.
Конференция құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерін ғылыми тұрғыда қарастыруды көздеп, құқықтық реформалар мен инновациялық технологияларды құқық қорғау практикасына енгізудің жолдары талқыланды.
Шараның модераторлары Қарағанды академиясының бастығы, заң ғылымдарының докторы, профессор, полиция полковнигі Нұрлан Биекенов пен қылмыстық құқық және криминология кафедрасының профессоры, ҚР ІІМ Құрметті қызметкері Зайрулла Токубаев болды.
Пленарлық отырыста Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Үнзилә Шапақ онлайн байланыс арқылы құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгінгі конференция – құқықтық ой-пікір мен ғылыми ізденісті ұштастыратын маңызды алаң. Қоғамдағы заң мен тәртіпті нығайту – адам құқықтарын қорғаудың іргетасы. Бұл бағытта халықаралық тәжірибе мен ғылыми қауымдастықтың рөлі зор. Заңдар тек жазалау құралы емес, адам мен қоғам арасындағы әділеттілік көпірі болуы керек, – деді депутат өз сөзінде.
Халықаралық конференция барысында бірқатар жетекші оқу орындарының басшылары мен сарапшы мамандар баяндама жасады.
Ресей ІІМ Сібір заң институтының бастығы, заң ғылымдарының докторы, профессор, полиция генерал-майоры Дмитрий Ким, Өзбекстан Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, полковник Мирзаюсуп Рустамбаев (онлайн), Тәжікстан ІІМ Академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Пулод Асадулло (бейнежазба), ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, полиция генерал-майоры Ақынқали Дарменов (онлайн), Өзбекстан ІІМ Академиясы бастығының ғылым және инновация жөніндегі орынбасары, полковник Руфтулло Нигматов (онлайн), сондай-ақ, ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ғалымжан Есболаев (онлайн) қатысып, өз елдерінің тәжірибесімен бөлісті.
Пленарлық отырыста бірқатар өзекті баяндамалар тыңдалды. Қарағанды академиясынан Елеужан Серімов ішкі істер органдары қызметінде идеологиялық негіздерді қалыптастыру туралы, Сібір заң институтынан Денис Лотц шетелдік есірткіге қарсы іс-қимыл кадрларын даярлау тәжірибесі, Уфа заң институтынан Раиль Янбухтин қазіргі полиция қызметінің әлеуметтік рөлі, Волгоград академиясынан Ольга Буевич IT-технологиялармен байланысты қылмыстарды тергеудің ерекшеліктері, Қарағанды академиясынан Саябек Жакулин жол-көлік оқиғаларын тергеудегі инновациялық технологиялар жөнінде ойын ортаға салды. Сонымен бірге, қоғамдық тәртіпті қорғауда пилотсыз ұшатын аппараттарды қолдану мәселелері де назардан тыс қалмады.
Бұған қоса, Ресей мен Қазақстанның бірқатар өкілдері полиция қызметін модернизациялау, заңнаманы жетілдіру, тергеу процесінде цифрлық құралдарды қолдану, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық аясындағы кадр даярлау тәжірибесімен бөлісті.
Конференция аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған жаңа оқу құралдарының тұсаукесері өтті. Бұл бастама құқықтық білім беру жүйесіне қосылған құнды үлес ретінде бағаланып отыр. Жаңа әдістемелік әдебиеттер студенттер мен құқық қорғау саласы мамандары үшін сапалы құқықтық білімнің қолжетімділігін арттыра түспек.
Конференция қорытындысында қатысушылар заманауи қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің кешенді жолдарын, ғылыми тұжырымдарға негізделген реформалардың қажеттілігін және халықаралық ынтымақтастықтың артықшылықтарын атап өтті.
Алдағы уақытта барлық баяндама мен ғылыми мақалалар арнайы жинақ түрінде жарияланып, Қарағанды академиясының ресми сайтында көпшілікке қолжетімді болмақ.
Осылайша, Қарағандыда өткен бұл халықаралық конференция құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды ғылыми және практикалық қадам ретінде бағаланды. Ол ғылым мен тәжірибені ұштастыра отырып, құқық қорғау саласының болашағын бірлесіп дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар мен идеяларға жол ашты.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»