Бас тақырып

Заңға бағынған зардап шекпейді

Дерекке сүйенсек, бүгінгі күні облыста 1000-ға жуық мотоцикл, 700 мопед бар екен. Осылардың 150-200 текше сантиметрден басталатындары арнайы талапқа сай жүргізуші куәлігі және мемлекеттік номерімен тіркелген болса, 50 текше сантиметрден төмен мотоциклдер, мопедтер, квадроциклдер, трициклдер қалада құжатсыз жосылтып жүр. Жол-көлік оқиғасының басым көпшілігі осы кішкене кубтік мопедтердің жол ережесін өрескел бұзуының салдарынан орын алатын көрінеді. Неге?..

Сурет life.ru

Өйткені, 50 кубтік күштен төмен мопедтер, 200-250 кубтік күші бар электро мотоцикл иелеріне әу бастан жүргізуші куәлігінсіз жүруге рұқсат берілген. Тіпті, бұл мопедтерді сататын орталықтар да жарнамалау барысында «оларға жүргізуші куәлігі талап етілмейтінін» айтып тұтынушы тартады. Осыған байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаяу және көлік жүргізушілеріне қатысты заңнамаларға бірқатар өзгерістер енгізіп, қатаңдатылуын тапсырды. Бұдан былай мопед жүргізушілері жол қозғалысына қатысы бар санатқа жатқызылып, өзге жүргізушілермен талаптар теңестіріледі. Орташа жылдамдық ұғымы енгізіліп, жылдамдық шегін бұзғандар жазаланады.

Көктем шығып, жер аяғы кеңісімен, қала ішінде қаптаған мопедтің қатары көбейді. Бірі – қызыл-сары сөмке асынған тасымалдау-жеткізу қызметінің өкілдері болса, ал, енді бірі – 13-15 жасар желөкпелі жеткіншектер. Кейбірінің басында тіпті арнайы қорғаныш бас киімі де болмайды. Жергілікті полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері Қарағанды облысының аумағында мопедтердің қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Салдарынан 1 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алған. Ал, кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен 2 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам қаза тауыпты. 3 адам зардап шекті. Сонымен қатар, жалпылама деректер мотоцикл жүргізушілері тарапынан 64 жол қозғалысы ережесін бұзу анықталғанын айтады. Оның ішінде, 26 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, «темір тайлары» айып тұрағына байланған. Алайда, айыптылар қатары азаяр емес.

– Биылғы жылдың 21 сәуірінен бастап, Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы Ереженің 74-бабына» сай 16 жасқа толғандар арнайы «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігіне тапсыра алады. Олар ол құжатпен 50 текше сантиметрден аспайтын мотоциклдер, мопедтер, трицикл және квадроциклдерді басқаруға құқылы. Ал, қала ішінде 50 текше сантиметрден аспайтын мопедтерге құжат пен мемлекеттік тіркеу номері берілмейді. Бұл ҚР «Жол қозғалысы туралы Ереженің 64-бабында» көрсетілген, – дейді жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы Виктория Малышко.

Сурет zakon.kz

Қарағанды қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 16 жасқа толғандарға «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігі беріліп жатыр. Мото сүйер қауым бұдан қалыс қалмаса керек. Әсіресе, романтика мен адреналинге жақын жас жеткіншектер куәлік алуға асығатыны сөзсіз еді.

– Мопедті қатты жақсы көремін. Биыл оқуды бітіруіммен құттықтап, әкем мопед алып берді. Алайда, жаңа заңның шығуына байланысты, мопед тебемін деген ойымнан айнып қалдым. Үш, төрт мәрте «А1» жүргізуші куәлігін алуға тапсырдым. Бірақ өте алмадым. Заң талабының күшеюіне байланысты мопед жүргізушілеріне де талап қатаңдатылды. Құжат алмас бұрын, тапсыратын арнайы сынақтар үлкен жүк көлігін басқаруға тапсыратын сынақтардай ауыр. Бір ғана «сегіздік» сынағының өзінен өту арнайы межемен, ережеге сай болуы керек, комиссия көзі – қырағы. Ал, бұрынғыдай куәліксіз еркін қозғалыс қазір заңмен жазаланады. Сондықтан, мен жұмыс пен оқуыма сол баяғыша велосипедпен қатынағанды құп көрдім, – дейді 19 жасар Ұлжан Нағашыбаева.

Әрине, әп дегеннен құжатқа ие болып, құмырсқадай қаптаған көліктер қозғалысы арасында мопедті тізгіндеу оңай емес. Оның заңы неге жеңіл болуы керек?! Жастардың да басты қателігі осы көрінеді. Құжатқа бір-екі мәрте тапсырып, сынақтан өте алмағандықтан қайта қарасын көрсетпеуі керек еді. Алайда, құжатсыздық оларға тосқауыл болмай тұр. Күндіз болмаса да, түнде жасырын жүруді шығарған.

Қарағандылық мамандандырылған халыққа қыз­мет көрсету орталығының бөлім басшысы Асхат Қуанның айтуынша, жастар «Біз білеміз, тек, куәлік болса болды» деп келетін көрінеді.

– Жалпы теория бөлек, ал, іс жүзінде мүлде бөлек болады. Жастардың басым бөлігі «Біз ауылда және басқа орындарда мопед, мотоцикл тепкенбіз, білеміз» деп келеді де, мұндағы сынақтардың алғашқысында-ақ құлап жатады. Көбісі «сегіздіктен» өте алмай тоқтап немесе аяқ тіресе, ал, біреулері тіпті, мопедті де басқара алмай жол ортасында өшіріп алады, – дейді ол.

Сурет mektebi.kz

Расында, қарағандылық мопед сүйер жастардың арасында құжат аламын деушілер саны жоқтың қасы. Құзырлы орын деректеріне қарасақ, сәуір айында 2 адам келсе, мамыр мен маусым айларында 4 жеткіншек құжат алмаққа тапсырған. Олардың ішінде тек екеуінің бағы жанып, «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алыпты.

– Жас болған соң әрине көп қателікке бой алдырады. Тек, олар қала ішінде қозғалыста болған соң, өзінің ғана емес, өзге бірнеше жүргізушілердің өміріне қауіп төндіретінін ескерсе екен. Оларға сол мопедтерді алып беріп, қараусыз жіберген ата-­аналар балаларына мопедпен бірге өмірімен қош­тасуға жолдама бергендерін біле ме екен?! Жол қозғалысындағы кішкене ғана кінәрат өлімге әкеп соғады. Оның артынан сау тамтығы жоқ өлі денені құшақтап жылаудың пайдасы жоқ. Мысалы, автокөлікпен жарысулары, арнайы бас киімсіз мопед басқарулары, онымен қоймай, артына жас қыздарды мінгізіп тасымалдауы жауапкершілікті сезінбеу­лері. Осының салдарынан жалпылама мотоциклшілерге көптің көңілі күпті болады, ойы бұзылады. Меніңше, олардың ойынша мемлекеттік тіркеу номерінсіз, жүргізуші куәлігінсіз арнайы бейнебақылау, жылдамдық камераларынан сақтана аламыз деп ойлайды. Ал, өмірлерін қалай сақтамақ?! Жаңа шыққан заңның әсері айтарлықтай білінуде. Куәліксіз жастар қазір көлік қозғалысы көп жерден қашқақтайды. Онда оларды жол-патрульдік қызмет сақшылары тосатынын және заңмен жауапқа тартатынын біледі, – дейді қарағандылық «Chingizkhan MC» мотоклубының президенті Владимир Ким.

Қос аяқты көліктің тізгінінде қыршынан қиылғандар қатары көп. Бұған жауапты кім?! Шала ойлы баланың көңілін қимаған ата-ана ма? Жазасы қатаңдатылып, ережесі күрделендірілген заң ба?..

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button