Жаңалықтар

Өз жерінде – тұғыр төрінде

«Қарағанды – Аренада» өткен кездесуде «Сарыарқа» хоккей клубы «Parimatch – Қазақстан Кубогінің» иегері атанды. «Ақтөбемен» финалдық жекпе-жекте Леонид ТАМБИЕВТІҢ шәкірттері басымдық танытып, 4:1 есебімен алға шықты.

Ойынның алғашқы сәттерінен-ақ мұз айдыны алаң иелерінің бақылауында болды. Қарсылас қақпасының алдында ұтымды сәттер ұйымдастырған «сарыарқалықтардың» ойыншысы Михаил Рахманов әне-міне дегенше есеп ашып үлгерді.

Кезекті шабуылды жерлестер сапындағы Кирилл Полохов жасады. Шайбаны қақпаға бағыттауы мұң-ақ екен, нәтижесі – гол. Араға 4 минут салып, Вадим Зеленков мүлтіксіз дәлдікпен «ақтөбеліктер» қақпасын солқ еткізді. Есеп – 3:0.

Дегенмен, үзіліске дейін бір шайбаны «Сарыарқаның» қақпашысы Денис Қаратаев өткізіп алды. Алайда, таяғын жоғары көтеріп, мерзімінен бұрын масаттанған шабуылшының қылығын ерсі көрген төрешілер мұны есепке алмады. Ойынның екінші жартысында салы суға кеткен «ақтөбеліктерді» оятқан Иван Ивановтың «Сарыарқаға» салған голы болды. Әйтсе де, небәрі екі минут өтпей Денис Федоров есеп айырмашылығын қалпына келтірді. Финалдық ысқырық «Сарыарқаның» сенімді жеңісін тіркеп, 4:1 есебімен қарағандылықтар екінші жыл қатарынан ҚР Кубогінің иегері атанып, тарихта қалды.

Басқа материалдар

Back to top button