Жаңалықтар

«Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін»

10 қарашада Достық үйінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңін қорытындылауға арналған салтанатты шара өтті.

Бұл жоба түрлі этнос өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді үйрету, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайту факторы ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Мерекелік іс-шараға этно-мәдени бірлестіктердің, облыстың ҚХА өкілдері, белгілі спорт және қоғам қайраткерлері, ардагерлер, «Мың бала» республикалық жобасының өткен жылғы жеңімпаздары, әдіскерлер, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері және облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының лауреаттары қатысты.

Осыған дейін облыс бойынша қазақ тілін насихаттайтын 478 іс-шара ұйымдастырылып, оған 6800 бала қатысқан. Нәтижесінде 1680 бала мемлекеттік тілді меңгеріп, жүлдеге ие болған екен.

– «Мың бала» жобасы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба 2015 жылдан бастап өткізіліп келеді. Содан бергі уақытта осы жобаға қатысып, өзінің талантымен көзге түскен, халықтың ризашылығына бөленген азаматтар аз емес. Тағы бір қуантарлығы – осындай азаматтар республика деңгейінде өткен шарада оза шауып, жүлделі қайтты. Еліміздің ырыс-ынтымағын, береке-бірлігін сақтауда осы азаматтардың үлесі көп, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын.

Мәдени-ағартушылық жобаның өткен жылғы жеңімпазы, Бұқар жырау ауданы, Тасшоқы орта мектебінің оқушысы Минара Гучикова:

–Мемлекеттік тіл – Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын және өзін патриотпын деп санайтын азаматтардың тілі. Тілдің арқасында мәдениетімізді, білімімізді көрсете аламыз. Бұл байқау мен үшін көп мүмкіндіктерге жол ашты, – деді.

Сондай-ақ, ол Бұқар жыраудың «Он бір тілек» толғауын мәнерлеп оқып берді.

Шара соңында жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды және оларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

«Тіл мектебі» номинациясы бойынша облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының әдікері Әсел Смыкова марапатталды. Шәкәрім атындағы мектептің 8 сынып оқушысы Илья Шнитко «Өнерлі өрге жүзер» номинациясы бойынша жүлдеге ие болды. Ал, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы кенті, Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Мария Макрушина «Өнер алды қызыл тіл» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

– Қазақ тілінің дамуына әр адам үлес қосуы керек. Осындай жобалар тіл үйренуге деген ұмтылысты арттырады. Мен 15 жыл бұрын осындай шараларға көп қатыстым. Бүгін қазақ тіліне деген махаббаты, сүйіспеншілігі бар оқушыларға өз биігімнен қарап тұрмын. Олар – қазақ тілінің амбассодорлары және әрқайсысы олардан үлгі алу керек, – деді облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының лауреаты Сергей Зорин.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button