Ресми

ӨЗ ТАҢДАУЫМДЫ ЖАСАДЫМ!

Иә, мен өз таңдауымды үлкен қадаммен жасадым. Бүгінгі саяси додада талғаммен таңдау жасау да азаматтық парыз ғой. Айтпақшы, күні бұрын ұялы телефоныма хат келген. Менің сайлау учаскемнің мекен-жайын нұсқап, дауыс беруге арнайы шақырған…

Елдің ертеңіне алаңдау, әр ел азаматының ортақ абыройы, парызы. Осыны ескеріп, түс ауа 12 ықшамауданына қарасты №129 сайлау учаскесіне еңсемді тіктеп, ентелей кірдім. Ойымда – ұлттың болашағы, бойымды ұлы рух кернеді…

Әрине, бұл – тарихи сайлау. Күрделі кезеңде көпшілік орында сақтық шараларын қатаң сақтау аса маңызды. Аталған сайлау учаскесі бұл талапты барынша ескеріпті.

Айтпақшы, белгілі бір себептермен бетпердеңіз болмай қалса, дүкендегідей не басқа да қоғамдық орындағыдай кері қайтармайды. Керісінше, өздері ұсынып, сайлау төріне оздырады. Бұдан шығар ұйғарым, елдің әр азаматы мен азаматшасының әр дауысы – маңызды. Мен дауыс берген сайлау учаскесінен осы байыпты бағытты байқадым.

Тағы айта кететіні, ұстаздық қызметтегі үш апай бүгін ерікті. Сайлауға келушілерге, оның ішіндегі үлкен кісілерге жол сілтеп, бағыт көрсетіп, барынша қолайлы жағдай жасап жүр. Қалай разы болмайсыз…

Бұл учаскеде 15 бақылаушы жұмыс жасап отыр. Таңғы 07:00-ден бері қырағылық танытуда. Негізі, халықтың да белсенділігі жоғары. Менімен бірге таяққа сүйенген қарт ана қоса кірді учаскеге. «Бұл сайлаудан үмітім зор, ел келешегіне бұл сайлаудың әсері мол деп ойлаймын» дейді сайлаушы.

Бюллетенге қол қойып, таңдауымдағы партияны белгіледім. Үлкен үмітпен!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button