Спорт

Өз алаңында ойсырата жеңді

Қарағандылық «Шахтер» өз ала­ңында шымкенттік «Оңтүстік Академия» клубын қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Сурет клубтың баспасөз қызметінен

Алаң иелері әдеттегідей алғашқы минуттан-ақ басымдыққа ие болды. Әуелі қарсыластарының шабуылына тосқауыл қойып, қорғаныста сауатты ойнады. Сондай бір шабуыл барысында «Шахтер» қорғаушылары қақпаға бағытталған допты жолдан тосып, алдыңғы шепте жүрген әріптестеріне асырады. Осы тұста допқа бірінші жеткен шабуылшы Диас Қалыбаев қарсылас қақпашысымен бетпе-бет келіп, допты әуелете қақпаға бағыттайды. Ал, қақпашы Ерсұлтан Смайлов ешқандай кедергі келтіре алмады. Осылайша ойынның 15-ші минутында алаң иелері алға шықты.

Бұдан кейін араға бірнеше минут салып Диас тағы бір мәрте қарсылас қақпасына допты тоғытады. Бірақ, алаңның жиегіндегі төрешілер шабуылшыны «Ойыннан тыс қалдың» деп салынған допты есепке алмайды. Бұдан кейін ойын шиеленісе түсті. Ойын ережесі бұзылып, төреші ысқырығы жиі естілді. Алаң иелері сапынан жартылай қорғаушы Рафаил Оспанов – 20-шы, қарсыластар сапынан Әли Турганов – 32-ші минутта «Сары қағаз» алды. Бұнымен қоймай, «Шахтер» сапынан шабуылшы Диас Қалыбаев пен Сұлтан Шымырханға да төрешілер «Сары қағаз» көрсетеді. Бірінші тайм осымен аяқталды.

Екінші айналымда жерлестер ойынды бірден ойыншы ауыстырумен бастады. Алаңда жүрген команда капитаны Айдос Тәттібаевтың орнына тыңнан Максим Комиковты шығарып, шабуыл шебін күшейтеді. Осылайша жерлестер шабуылын қайта жалғап, басымдықты өздеріне алады.

50-ші минутта «Шахтер» бұрыштама добын орындады. Бұрыштамадан допты ойынға қосқан Юрий Перцух, оң қапталдан алаң ортасына түсіп келе жатқан әріптесі Максим Галкинге допты асырады. Осы тұста қарсылас команда қорғаушылары шабуылшыны жауып үлгермеді. Қақпа бұрышына бағытталған жойқын соққыны да қақпашы қайтара алмады. Осылайша Максимнің жойқын соққысы есепті еселеп кетті. Таблодағы көрсеткіш – 2:0.

68-ші минутта қарсыластар сапынан Жавланбек Бабаназаров ойын ережесін өрескел бұзып, «Қызыл қағазбен» алаңнан қуылады. Бұдан кейін жерлестер де қарсыластарын бастырмалатты. 71-ші минутта Арман Нүсіп, 79-шы Максим Галкин екінші голын салып, есепті 4:0-ге жеткізді. Ал, шымкенттік клуб төрт голға тек бір ғана голмен жауап қайтара алды. Ойынның негізгі бөлігіне қосымша үш минут қосылған шақта шабуыл ұйымдастырып, есеп ашты. Сол қапталдан асырылған допты жартылай қорғаушы Бексұлтан Амангелді қақпаға дөп бағыттап, жалғыз голдың авторы атанды.

Бірінші Лига ойындарының 11 туры аяқталғанымен, бәсеке әлі жалғасуда. Әзірге көш басында ақтаулық «Каспий» қарағандылық «Шахтерден» төрт гол айырмашылығымен көш басында. Ал, жерлестер 26 ұпаймен ІІ орында тұр. Үздік үштікті павлодарлық «Ертіс» түйіндеген. Екінші сатыдағысымен, яғни, жерлес­терден бар болғаны екі ұпайға ғана қалып келеді. Егер олар бір ойыннан ұпай жоғалтса, Премьер-Лига жолдамасынан қағылдық дей беріңіз…

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button