Медицина

Қызылшаның емі – екпе

Облыста қызылшаға қарсы иммундаумен 1533 адам қамтылды. Дегенмен, аймақта әлі де эпидемиологиялық жағдай күрделі. 9 қаңтарда қызылша күдігімен 128 жағдай тіркелді.

Сурет ашық дереккөздерінен алынды

Қазіргі таңда қызылша жұқтыру өңірдің барлық аумақтарында байқалуда. Зертханалық көрсеткіштер Қарағанды, Теміртау, Приозерск қаласында, Нұра және Қарқаралы ауданында аурудың дендегенін байқатқан. Аурушаңдық көбіне екпе алмаған балалар арасында жиі кездесуде. Ауырғандар қатарында 14 жасқа дейінгі балалардың саны басым.

– Инкубациялық кезең аяқталғаннан кейін қызылшамен сырқаттанғандар саны келесі аптадан бастап артуы мүмкін. Өйткені, оқу жылының басынан мектеп оқушылары, мектепке дейінгі және балалар ұйымдары арасында қызылшамен сырқаттану тіркелді. Өткен жылы 33 мыңнан астам бала жоспарлы екпелермен қамтылды. Бүгінгі таңда қызылша 73 мектепке дейінгі ұйымдардағы 163 баладан анықталды. 97 мектепте – 225 оқушы ауырса, 21 колледжде және 4 жоғары оқу орнында 53 студент ауырды, – дейді облыстың санитариялық-эпидемиология­лық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгин. 

Департамент басшысының айтуынша, қызылша жұқпалылығы жоғары инфекция болғандықтан, ауа тамшылары арқылы таралып екпе алмағандарға қауіп төндіреді. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы жоспарлы егулер 12 айлық (вакцинация) және 6 жастағы (ревакцинация) балаларға жүргізіледі.

Аурудың алғашқы белгілері денені әлсіздік басып, қызу көтеріліп, бас ауруынан басталады. Егер денеде бөртпе байқалса, дәрігерге жүгіну керек. Ауру асқынуының алдын алу мақсатында ересектер немесе жасөспірімдердің емханаға келіп, қызылшаға қарсы екпе алуына болады. Ал, қызылшамен ауырған, зертханалық расталған ауру белгісі барларға қызылшаға қарсы вакцина алуға тыйым салынады.

Сондай-ақ, әртүрлі себептермен қызылшаға қарсы егілмей қалған балалар мен ата-аналары мәдени-бұқаралық іс-шаралардан тыс қалып, ойын-сауық орталықтарының ойын алаңдарына баруды шектегені жөн. Егер, алыс-жақын шетелдерге бару жоспарланса, әлемдегі қолайсыз жағдайды ескере отырып, балалардың екпені уақытында алуына жағдай жасаған тиімді.

Қазіргі таңда облыста мерзімінде екпе алмаған адамдарды анықтау бойынша шаралар жүруде. Осы орайда облыс­тың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 6 айдан 10 айға дейінгі және 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарын, қызылшаға қарсы екпе алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға уақытылы жүгінуге шақырады. Сондай-ақ, қызылша, қызамық және паротитке қарсы жоспарлы иммундау аясында 1 және 6 жастағы балаларға уақытылы вакцина алу қажеттігін ескертеді.

Вакцина тұрғылықты жері бойынша барлық егу кабинеттерінде емханаларда тегін жүргізіледі.

Қызылшаға қарсы қосымша иммундау кезінде Үндістанда өндірілген қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина салынады. Әлемнің 70-тен астам елі қолданған вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданған.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button