Медицина

Қызылшадан екпе қорғайды

Аймақта қызылша жұқтырғандар саны 472 адамға жетті. Көбіне балалар арасында жиі кездесетін індетті аймақ дәрігерлері қосымша екпемен тоқтатуға тырысуда.

Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта облыста эпидемиологиялық жағдай асқынып тұр. Қызылшаның тіркелуі облыстың барлық аумақтарында байқалуда. Қазан мен қарашада қызылшамен сырқаттану өткен айлармен салыстырғанда екі есеге өсті. Күн сайын облыс тұр­ғын­дары арасында қызылшаның орташа есеппен алғанда 10 жағдайы тіркелуде.

– 19 қарашадағы жағдай бо­йынша қызылшаға күдікпен 472 жағдай тіркелді. Зертханалық түрде 327 жағдай расталды. Инфекцияға сезімтал 14 жасқа дейінгі балалар, оның жартысынан көбісі 1-4 жас аралығындағы балалар, – деді облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Жақ­тайқызы.

Қызылшамен сырқаттану­шы­лық 86%-ы вакцинациялан­баған балалар арасында кездесуде. Аурудың асқынуын бол­дырмау мақсатында қосымша иммундау жүруде. Балалар аурушаңдығы негізінен вакцинациядан бас тарту себебінен, сондай-ақ, вакцинация жайлы медициналық рұқсаттың болмауынан байқалуда.

Қарағанды ​​облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қызылша асқынбаған жағ­дайда үйде емделуге болады. Дегенмен, оқшаулау жағдайла­рын қатаң сақтауы керек. Нау­қас­ты дәл қай жерде емдеу қа­жет екенін дәрігер ем тағайын­дау барысында шешеді.

Эпидемиологиялық себептерге байланысты жалпы қауіп белгілері бар бес жасқа дейінгі балаларға, қызылшаның ауыр және орташа ауырлық түрле­рімен ауыратындарға, созылмалы аурулары бар науқастарға және жүкті әйелдерге қызылшаны ауруханада емдеу қажет. Қазіргі уақытта аурушаңдықтың көбеюін ескере отырып, қызыл­шамен ауыратын науқастар мамандандырылған бөлімшеге жатқызылуда.

Денсаулық сақтау басқарма­сы мамандарының айтуынша, қызылша барлық жастағы адам­дардың денсаулығы мен өмі­ріне қауіпті. Вакцинация аурудан, асқынулардан қорғайды әрі қосымша доза иммунитетті күшейтеді. Инфекция қаупін ескерген тұрғындарға уақытылы вакцина алу – маңызды.

Облыстың эпидемиологтары қызылшаның алдын алуда екпе алмаған жағдайда профилакти­калық екпе алуды ұсынады. Сондай-ақ, әртүрлі себептермен қызылшаға қарсы егілмей қалған балалар мен ата-аналары мәдени-бұқаралық іс-шаралардан тыс қалып, ойын-сауық орталықтарының ойын алаңдарына баруды шектегені жөн.
19 қарашада қызылшаға қар­сы вакцинамен 8591 адам қам­тылуы тиіс. Қазіргі таңда 4045 (47%) адам вакцина алды.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button