Медицина

Қызылша дендеп тұр

Қазіргі уақытта облыста эпидемиологиялық жағдай күрделі. Қазанда қызылша өткен аймен салыстырғанда екі есе өсті. 15 қарашада аймақта қызылшаға күдікті 393 жағдай тіркелді. Оның 305-і зертханалық түрде расталды.

Қызылша облыстың барлық өңірлерінде байқалуда. Күн сайын тұрғындар арасында орташа есеппен қызылшаның 10 жағдайы тіркеледі.

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Жақтайқызының айтқанына сүйенсек, инфекцияға ең сезімтал – 14 жасқа дейінгі балалар. Олар ауырғандардың жалпы санының 75,8%-ын құрады. Жартысынан көбі – 1-4 жас аралығындағы балалар. Қызылшамен сырқаттанушылық 86%-ы вакцинацияланбаған балалар арасында аурудың асқынуын болдырмау мақсатында қосымша иммундау жүруде.

Балалар аурушаңдығы негізінен вакцинациядан бас тарту себебінен, сондай-ақ, вакцинация жайлы медициналық рұқсаттың болмауынан байқалуда. Бүгінгі таңда облыста қызылшаға қарсы екпені алты айдан 11 айға дейінгі 1508 бала алды.

Қызылшаға және қызамыққа қарсы қосымша иммундау кезінде Үндістанда өндірілген қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцина әлемнің 70-тен астам елі, соның ішінде еуропалық елдер қолданады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және мемлекеттік тіркеуден өткен.

Облыста ересектер арасында қызылшамен ауру белгілерінің байқалуы сирек кездеседі. Өйткені, қаланың ересек жастағы тұрғындары қызылшадан көбірек қорғалған. Жалпы, облыста қосымша иммундау науқаны 2015 жылы – жасөспірімдер вакцинацияланғанда, сондай-ақ, 2019 жылы – 20-29 жас аралығындағы жастар вакцинацияланған кезде жүргізілген. Сондықтан, облыстың эпидемиологтары қызылшаның алдын алуда екпе алмаған жағдайда профилактикалық екпе алуды ұсынады. Сондай-ақ, әртүрлі себептермен қызылшаға қарсы егілмей қалған балалар мен ата- аналары мәдени-бұқаралық іс-шаралардан тыс қалып, ойын-сауық орталықтарының ойын алаңдарына баруды шектегені жөн. Егер, алыс-жақын шетелдерге бару жоспарланса, әлемдегі қолайсыз жағдайды ескере отырып, балалардың екпені уақытында алуына жағдай жасаған тиімді.

Елімізде 2015 және 2019 жылдары қызылша ауруын оқшаулау үшін вакцина қолданылды. Иммундаудан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ. Қосымша иммундау балалардың тіркелген жері бойынша амбулаториялық-емханалық ұйымдарда тегін жүргізіледі. Қазіргі таңда облыста вакцинаның жеткілікті қоры бар.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button