Қызыларайлық кәсіпкер туған ауылына заманауи спорт кешенін тарту етті
«Ауылына қарап азаматын таны» дейді дана қазақ. Адам баласының арқа сүйер алтын бесігі – туған жері болса, сол топырақта түлеп ұшқан азаматтың елге деген құрметі – ұлттың ұстыны. Ел ішінде осындай өнегелі істің жарқын үлгісі жуырда Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай ауылында жүзеге асты. Ауылдың тумасы, белгілі кәсіпкер әрі жомарт жан Серік Төлегенұлы Қасымбеков туған еліне тарту жасап, құны 60 миллион теңгеге бағаланатын заманауи спорт кешенін салып берді. Ел еңсесін көтерген бұл жаңалық ауыл тұрғындары үшін зор қуаныш.

Алыстағы Қызыларайда бой көтерген еңселі ғимарат заман талабына сай жабдықталған. Жалпы аумағы 416 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінде волейбол, баскетбол, мини-футбол ойнауға арналған алаңдар қарастырылған. Бұл кешен – тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, саламатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік беретін жаңа кеңістікке айналмақ.
Спорт кешенінің салтанатты ашылуына қатысқан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков облыс әкімінің атынан Құрмет грамотасын табыстап, жүрекжарды құттықтауын жеткізсе, Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов жылы лебізін білдірді.

– Қызыларайдағы бұл игі бастама – барша ауыл-аймаққа үлгі боларлық іс. Туған жеріне туын тіккен азаматтар барда ауыл өркендейді, ел еңсесі биіктей түседі. Елдің іргесін бекітіп, ұлт болашағына нық қадам басуға ниетті азаматтар көбейе берсін!, – деді Руслан Кенжебеков.
«Бұл менің туған ауылыма деген борышым. Көптен бері ойлап жүрген арманым еді. Биыл соның сәті түсті», – дейді меценат азамат.
Бір кездері өзі де осы ауыл мектебінде білім алған азамат ауылдастарының алғысына бөленді. Халықтың шынайы алғысы сөзбен емес, салтпен өрнектелетіні бар. Спорт кешенінің ашылу салтанатында ауыл ақсақалдары мен азаматтары елдік дәстүрді ұстанып, Серік Төлегенұлының иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.
Спорт кешенінің ашылуына орай Қызыларайда атаулы шаралар легі өтті. Олардың ішіндегі ең ірісі – интернационалист-жауынгер, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Серікбай Оразалиннің құрметіне арналған дәстүрлі волейбол турнирінің 20 жылдығы. Бұл жолы тартысты додаға 13 команда қатысып, мәртебелі жүлделер сарапқа салынды.
І орын – «Ақжал» командасы (жүлде – 1 миллион теңге)
ІІ орын – Қызыларай ауылының «Ақсораң» командасы (500 мың теңге)
ІІІ орын – «Жібек жолы-1» командасы (300 мың теңге)
ІV орын – «Жібек жолы-2» командасы (200 мың теңге)
Турнир қорытындысында үздік ойыншылар арнайы марапаттарға ие болды. Спорт – тек жарыс емес, рух пен ерік-жігердің шыңдалатын мектебі екені тағы бір дәлелденді.
Бұл күн Қызыларай жұрты үшін мерекеге айналды. Осы күнге орай «Ақсораң жұлдыздары» атты дәстүрлі ән байқауының 10-маусымы ұйымдастырылды. Ауыл сахнасына шыққан жас таланттар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, өнерлерін ортаға салды.
Бас жүлде – Салтанат Кеңес (Балқаш қаласы)
І орын – Назерке Шапибай (Ақтоғай ауданы)
ІІ орын – Альбина Угарова (Қарағанды)
ІІІ орын – Жангүл Тойымбекова (Қарағанды)
IV орын – Жалғас Қапасов (Қызыларай ауылы)
Сонымен қатар, байқауға қатысқан өнерпаздарға Қалкен Макенбаев, Совет Аққанов, Әлімхан Ермеков, Әсет Найманбаев, Нұржан Шоңұлы атындағы арнайы жүлделер табысталды.
Кештің көркін «Тоқырауын толқындары» ансамблі мен қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Досымжан Таңатаров пен Гүлнұр Оразымбетова қыздыра түсті.
Ән мен жыр, шаттық пен мереке, әдемі отшашу Қызыларай аспанын тербеді.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы