АймақАқтоғайБас тақырып

«Қызыларай-Аппаз»: Ауылға жол керек

Ақтоғай ауданының тұрғындары ондаған жылдар бойы Қарқаралы және Ақтоғай аудандары арасына тасжол салу жөніндегі өтінішін шенеуніктердің елемей жүргеніне наразы. Аудандар арасын жалғайтын «Қызыларай-Аппаз» дала жолына ағымдағы жөндеу жүргізу халық сұранысынан соң туындаған. Жаз мезгілінде халық саны 40 000-нан асатын екі ауданның тұрғындары осы дала жолымен жиі қатынайды.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Мәселе өткен жылдың қаңтар айында туындаған сәтте облыс прокурорлары іс жүзінде ешкімнің балансында жоқ 40 шақырым жолды жөндеуге бөлінген конкурстың күшін жойған. Ақтоғай ауданының экономика және қаржы бөлімі бұл жұмысқа 328 млн теңге қаражат бөлінетінін жариялағаннан кейін жолдың бұл учаскесі жергілікті және облыстық деңгейдегі құзыретті орган балансында жоқ екені анықталды.

– Қолданыстағы нормаларды бұза отырып, Ақтоғай ауданы экономика бөлімі құрылыс жобалық-сметалық құжаттама арқылы жоқ тасжол салуға әрекеттенген. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша бұл конкурс жойылды, – деді облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Ерлан Түсіпов.

Алайда, жергілікті халық дала жолы Ақтоғай тұрғындарының Қарқаралыға баруы үшін бұрынғыдай 500 шақырым жол жүрмей, төтелеп 40 шақырым жолмен жетуіне мүмкіндік беретінін алға тартады. Жаз мезгілінде бұл жолды 40 мыңға жуық адам пайдаланатындықтан, жергілікті билік пен халық оның жөнделуі қажет деп есептейді.

– Жобалық-сметалық құжаттама, техникалық-экономикалық негіздеме және құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін миллиардтаған қаражат қажет болды. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу шешіліп, жаңа материалды қоса отырып, жолды қыру және тегістеу жұмыстары жоспарланып, 8 учаскеге құбыр орнату жоспарланған болатын. Келер жылы аталған жолдың құжаттары толығымен аяқталып, жұмыстар басталуы мүмкін, – дейді Ақтоғай ауданы ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ардагер Қапашев.

– Қарағанды арқылы өту керек жол қашықтығы 400 шақырым, ал тікелей жол бірнеше есе жақын. Аппаз және Қызыл­арай ауылдарын қосса, олардың арасы шөлді жолмен бар болғаны 40-50 шақырым. Ауылдар арасындағы барлығы 40 шақырым дала жолына грейдерлік тас- жол салынған жағдайда Ақтоғай арқылы Балқашқа және одан әрі бағыт алуға болады. Солтүстік бағыт бойынша тарихи нысандарды аралай отырып, туристер Павлодар облысының Баянауыл кентіне (Айрық ауылынан 90 км) дала жолымен жүре алады. Туристік саланы дамыту жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті бюджетті толықтыруға, қоршаған ортаны қорғауға тиісті қаражатты пайдалануға мүмкіндік береді, – дейді жергілікті тұрғындар.

Өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан «Бегазыны Арқа елі аспан астындағы мұражайға теңейтінін» айтады. Сондықтан, бұл аймаққа туризмнің афишасы ретінде қазақтың біртуар тұлғаларының өмірінен мұражай ашып қоюға болады. Алайда, туристерді өлкеге көбірек тарту үшін жайлы жол керек.

Өлкетанушының айтуынша, туризмге сұранған Ақтоғайдың бренді – «Бегазы–Дәндібайдан» бастау алған Қызыларай сілемдері болса, екіншісі – «Үш арыс». Үшіншісі – сұлу жердің арқары мен тау жусаны. «Қызыл кітапқа» енген дәрілік шөптерге қызығатындар көп. Туризмге сұранған мекеннің тұрғындарының дала жолын тас жолды грейдерге айналдыруды сұрағаны сондықтан.

Жергілікті билік өкілдерінен пікір білдіруді сұрағанымызда «Қызыларай-Аппаз» дала жолын балансқа алып, құжаттар рәсімдеу келер жылдың еншісіне ілігуі мүмкін екенін білдік. Алайда, жобаның нақты қашан қолға алынатыны белгісіз.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button