Қызыл су қызу іске пайда әкелді
Былтыр дәл осы уақытта қара халықты құрғақшылық алаңдатып, дихандар егіннен қағылған еді. Тіпті, егіс алқабының біршамасы пайдалануға келмей, аң-құстың аяғының астында қалды. Ал, биыл ауа райының қолайлығы жұрттың жанайқайына медеу болғандай. Жиі жауған жауынның әсерінен қанша аптап ыстыққа ұрынса да, көк басы оңа қоймады. Табиғаттың бұл игілігін «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны да пайдаға асырып үлгерді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны Қарағанды филиалының директоры Ибадулла Мырзаев мәлімдеді.
Биыл қамба астыққа толады деген сенім мол. Ибадулла Абдуллаұлының сөзінше, дәнді дақылдарды суаруға су қоры жетерлік көрінеді.
– Биылғы суару маусымына қарай су қоймаларында судың жиналуы кестеге сәйкес жүргізілді. Вегетация алдындағы кезеңде филиалдың 7 ірі су қоймаларына 552,56 млн. текше метр су жиналды. Бұл – олардың жобалық сыйымдылықтарының 100 пайыз артқандығының дәлелі.
– Биылға суды пайдаланудың алдын ала жоспары 394 млн. текше метрді құрайды. Оның ішінде, 65,5 млн. текше метрі суаруға арналған. Қазіргі таңда су тұтынушылармен, яғни, диқандармен 49 шарт жасалды. Ал, тікелей ауыл шаруашылықтарымен 42 келісімшартқа мөр басылды. «Қазсушардың» Қарағанды филиалындағы суармалы жер көлемі 17 мың гектарды құрайды. Оның 11,7 мың гектары Қарағанды облысының Абай ауданында орналасқан Жартас суару жүйесінің суару алабына тиесілі. Самарқан су қоймасынан 3 мың гектар суару жүзеге асырылады деп күтілуде. Ынтымақ су қоймасынан 1,83 мың гектар алқапқа су берілсе, Шоқай су қоймасы 0,5 мың гектарды сумен қамтамасыз етеді, – деді Ибадулла Мырзаев.
Аталған сумен қамтамасыз етілетіндердің барлығы – облысқа ауадай қажет ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін ірілі-ұсақ кәсіпорындар. Күнделікті тұтынатын картоптан бастап, түрлі дәнді дақылдар өнімін молайтуға биыл айтарлықтай күш жұмылдырылып, өнім еселене түсуде. Көктемнің қызыл суы көпшілікті әуелде абдыратқанымен, мамандар уақыт өте пайдаға жаратуды қолға алды. Оның үстіне кәсіпорынның тұрақты жұмысының арқасында суармалы судың шығынын азайту мақсатында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер Reinke,Valley, Bauer, tl, ресейлік фрегаттар сынды заманауи жаңбырлатқыш машиналарды сатып алу арқылы ұтымды жұмыс жүргізуде. Бұл тұтынылатын су көлемін 1,5 есеге азайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында арнайы субсидия қарастырылмақ. Бұдан бөлек филиал қолданыстағы су беру және жинақтау жүйелерін қайта құру және жаңғырту бойынша үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр.
Мысалы, 2018-2023 жылдары «Каналдар арқылы су беру» қызметі бойынша инвестициялық бағдарлама шеңберінде 2022 жылғы қазан мен 2023 жылғы тамыз аралығында біршама істің басы қайырылып, қалыпқа түсті.
Брифинг барысында осыған қатысты мынадай сұрақ ортаға салынды. «Облыстағы басты су қоймаларына жөндеу жұмыстары соңғы рет қашан жасалды және олар келесі көктемнің қызыл суына даяр ма?» деген. Расында, жыл сайын «Қар суына дайындық мығым, сақадай саймыз!» дегенмен, іргеге қызыл су іркілгенде құм толы қапшық ала жүгіруден басқа амал таппай қалатынымыз жасырын емес. Десек те, «Қазсушар» мамандары алдағы көктемгі қызыл суды да пайдаға асырып, игілікке қолданатынымызға сендіріп отыр.
– Малокомспай магистральдық арнасының екі шлюз-реттегіші жаңартылды. Жартас магистральдық каналы да күрделі жөндеуден өтті. «Қазсушар» кәсіпорнының алдағы жоспары да қарқынды. Онда көрсетілгендей, Жартас су қоймасындағы суару арналарын күрделі жөндеуден өткізу – басты мәселе. Біздің мамандар оны келесі жылдан қалдырмайды. Жоспардағы жұмыстардың іске асуы қатаң бақылауда болғандықтан, мерзіміне сай тәмамдалады, – деді Ибадулла Мырзаев.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»