Руханият

Қызметтік куәліктің қызығын айтайын…

«Арланды – азуы, журналисті – жазуы асырайды» деген бар. Шақтап кәстөм киіп, шенді-шекпендімен де қатар жүресің, шаңға көміліп шахтаға да түсесің. Сонысымен де қызықты бұл мамандық. Көргеніңді көпке жеткізгің келеді. Қоғамды түзеуге құйтымдай болсын үлесім тисе дейсің. Айтарыңды ашып айтпақ боласың. Сөйте жүріп, жүз түрлі жүрекке, мың түрлі мінезге үңілесің. Сондайда, бүлдіргенін білмей күлдіріп алатын адамдар да аз кездеспейді…

Расы керек, қандай да бір жиынға барғанымда журналист екенімді айта бергім келмейді. Ол – ұйымдастырушылар тарапынан жасалатын жасандылықтың алдын алса керек. Сөйлеткісі келгенді сөйлетіп, көрсеткісі келгенді көрсететіндерін түсініп үлгердік-ау шамасы. Пікір алар кезде шымбайына батырып айтатын адамды іздейсің. Өткір ой, салмақты сөз күтесің.

Кезекті жиынға да осы мақсатты ұстанып барған болатынмын. Кең залға жиналған адамдар қарасының көптігін бірден аңғардым. Орын тауып, отыра бергенім сол еді, ұйымдастырушылардың бірі бұл орынның бос еместігін айтып, басқа жерге жайғасуымды өтінді. Оны босатып, енді бір орынға барғанымда ол орын да бос болмай шықпасы бар ма?! Сонымен не керек, төрт-бес орын ауыстырып үлгердім. Қай орынға көзім түссе, сол орын міндетті түрде менен қадірлі меймандыкі болып шыға келеді.

Ақыр-соңы ұйымдастырушылар орын мүлдем жоғын айтып, залды босатуымды сұрады. Арнайы келген соң, қалам тербемей қайтып кетуге болмасын түсініп тұрмын. Амал нешік, жанқалтамда жатқан қызметтік көк куәлігімді көрсеткенім сол еді, ғайыптан тайып мейірленіп шыға келген ұйымдастырушы қыз мені бірден мекеме басшысының жанына жайғастырды. Өзіме емес, куәлігіме көрсетілген «құрметтен» айналайын. Орын емес, «беделім» жоқ екен ғой, тәйірі. Мырс еттім.

Әлгі қыз мені жиын бойы аңдып отырса керек. Алқалы кеңес аяқтала сала қолтығымнан демеп, дастарқан жайылған бөлмеге жетеледі. Бас тарттым. Айыпты жуып-шаюдың асқан түрі осы болса, ақталғаныңа болайын. Өзін емес, киімін сыйлаған сәтте сорпаға жеңін малған Қожанасырдың «қайғысы» менің де басымнан өткенін ойласам, күні бүгінге дейін күлкі қысады…

Рауан Қабидолда.

Басқа материалдар

Back to top button