АймақҚарағанды

Қызмет көрсетудегі қырсыздық кешірілмейді

Облыста көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталып кетті. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1 млн 188,6 мың гектарға себіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100,3 мың гектарға артық. Ал, дәнді дақылдар 956,9 мың гектар жерді алады. Одан бөлек, майлы дақылдар алқабы да өткен жылмен салыстырғанда 11,8 мың гектарға ұлғайғанын айту керек. Бұның барлығы сұранысқа сәйкес келу, табысты арттыру, егін мен шикізатты өткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ, отандық өңдеу зауыттарының жүктеме қуатын арттыру үшін. Одан бөлек, аппарат жиынында мемлекеттік қызмет көрсету мәселесі де сөз болды. Өткен жылы облыста 17251543 астам қызмет көрсетілсе, оның 17171832-і – электронды түрде. Осылайша, Қарағанды өзге өңірлермен салыстырғанда республика бойынша бірінші орынға шыққан. Осылар туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың басшылығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Инфографиканы жасаған А.Коктаева

Тауар өндірушілерге қолдау бар

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сәуірдің соңы, мамырдың басында егіс алдындағы жұмыстарға кіріседі. Ал, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин болса, мемлекет тарапынан қолдау жасалуда екенін айтады.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында 60%-ға дейін трансферттік субсидиялау тетігін дер кезінде енгізді. Бұл фермерлерге 60 мың тоннадан астам тыңайтқыш сатып алуға мүмкіндік берді. Биыл 93 мың тонна көлемінде минералды тыңайтқыштарды қолдану міндеті қойылып отыр, – дейді Саят Мусин.

Жалпы, биыл 12,3 мың гектар алқапқа – картоп, 1,01 гектарға көкөніс отырғызылады. Одан бөлек, жоғары сапалы тұқым себу мен минералды тыңайтқыштарды қолдану мәселесі ерекше маңызды.

Аудандар ұсынған деректер бойынша көктемгі егісте 109,4 мың тонна – дәнді дақыл, 0,7 мың тонна – майлы дақыл, 7 мың тонна – жемшөп, 36 мың тонна картоп тұқымы себілді.

– Бүгінде еліміздің басқа өңірлерінен және шетелден тұқым сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Тұқым сапасын анықтаушылар таңдалды, – дейді Саят Қабиденұлы.

Зиянкестер және арамшөптермен күресу де көктемгі жұмыстар алдындағы маңызды шара. Басқарма басшысы 95,2 мың литр пестицид сатып алуға шарт жасалғанын айтады.

– Егіс науқанын жүргізуге шамамен 10,5 мыңға трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам сепкіш және 9,7 мың өзге де техника жұмылдырылады. Облыста 11 122 трактор және 2 100 комбайн бар. Одан бөлек, машина-трактор паркін жаңарту үшін ауыл шаруашылық техникаларын түгендеу жалғасуда, – дейді басқарма басшысы.

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көктемгі егіс жұмыстары шығындарын субсидиялау үшін мемлекеттік қолдау көзделген. Жалпы сомасы – 4 млрд теңге. Жалпы, егіс алдындағы жұмыстарға ылғалды ұстау, топырақты дайындау кіреді. Ауарайы қолайлы болса, диқандар сәуірдің аяғы, мамырдың басында тұқым себуді бастайды, – дейді Саят Мусин.

Ермағанбет Бөлекпаев егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізу қажеттігін атап, бұл процесті бақылауда ұстауды тапсырды.

Қарағанды бірінші орында

Жалпы, облыста жергілікті атқарушы органдар 181 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Ал, оның 93,4 пайызын тұрғындар электронды түрде алады. Жыл сайын қызмет түрлерін электрондық форматта алушылар көбеюде екенін айтады облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

– Мемлекеттік қызметтердің дені денсаулық сақтау саласында көрсетіледі. Тұрғындар дәрігерге жазылуды, жедел медициналық көмекке шақыруды электрондық форматта жүргізеді. Одан кейін мектепке дейінгі жастағы балаларды балабақша кезегіне қою, білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау да электрондық форматта жүзеге асады. 2024 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізу үшін 215 бақылау өткізілді. Егер мемлекеттік органдар бөлінісінде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы санына қатысты бұзушылықтар үлесін қарастыратын болсақ, Приозерск қаласы, Қарқаралы, Шет, Ақтоғай аудандарының әкімдіктері және облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы – алда, – дейді Константин Павлович.

Басқарма басшысы мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекеттік органдармен тұрақты негізде бірлескен жұмыс жүргізетінін айтады. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік қызмет бойынша проблемаларды жою бойынша 16 ұсыныс жолданған. Бұл ұсыныстар Цифрлық даму министрлігі жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарында қаралған.

Ермағанбет Қабдулаұлы денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтерге қатысты өз ойымен бөлісті.

– Ресейдің Мәскеу облысында «Денис» атты чат-бот енгізілгені туралы оқыдым. Осы арқылы дәрігерге жазылу алдында пациенттердің 400 мың шағымын жинаған. Дәрігерге жазылудың 11 миллионнан астамы элекрондық форматта жүргізілетіндіктен, біз де жасанды интеллектің игілігін пайдаланып, осы тәрізді жаңашылдық енгізуіміз керек, – деген облыс әкімі Константин Павловқа осы мәселені зерттеуді тапсырды.

Ермағанбет Қабдулаұлының айтуынша, чат-бот дәрігерге жазып қана қоймай, пациенттің жағдайына қарай, қандай бейіндік дәрігерге жазылу керектігін де ұсынады. Егер осы тәрізді қосымша біздің облыста да қолданылса, дәрігердің қағаз жұмысын азайтып, уақыттың көп бөлігін пациентке арнауға мүмкіндік береді.

Константин Ильминский облыста көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 99,5 пайызға электрондық форматта көрсетілетінін айтқан болатын. «100 пайызға жеткізу үшін не істеу керек?» деген Ермағанбет Бөлекпаевқа басқарма басшысы қағаз түрінде көрсетілетін қызмет түрі жыл сайын азайып келе жатқанын, бірақ, соған қарамастан бұл көрсеткіш 0 пайызға тең болмайтынын айтады. Себебі, қызмет түрін қағаз форматта алуды қалайтын тұрғындар әлі де бар.

Аймақ басшысы сондай-ақ, әлеуметтік желіде жиі айтылған «Халыққа қызмет көрсету орталықтарында» көрсетілетін қызметтерге қатысты шағымдар туралы да айтты.

– Тұрғындардың не кінәсі бар?! Олар миллиондаған қызметтерді «Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан» алады. Тіпті, аталған жерлердің техникалық жағдайы да біраз сұрақтар тудырады. Сондықтан, бір шешімге келу керек, – деді аймақ басшысы.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button