Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру және азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында облыста «Құқықтық тәртіп әліпбиі» атты ауқымды ақпараттық-ағартушылық акция өтті. Акцияны Қарағанды облысы прокуратурасы жанындағы Жобалық кеңсе мен облыстық ішкі саясат басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Акция облыс бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының жұмысын түсіндіруге арналды.

Алдымен Достық үйінде дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық прокуратураның өкілдері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшылығы мен қызметкерлері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері, жастар ұйымдары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында корпорацияның негізгі қызмет бағыттары таныстырылып, мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, акция бағдарламасына сәйкес үш бағыт бойынша көшпелі кездесу өтті. Қатысушылар Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, әлеуметтік блоктың, жылжымайтын мүлікті тіркеу және жер кадастры органдарының жұмысымен танысты. Мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі, процестердің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны, заң талаптарының қалай сақталатыны жөнінде жан-жақты мәлімет алды.
Акцияда еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қалыптасуы мен дамуы, оның ішінде, Қарағанды облысының тәжірибесі кеңінен қамтылды.
ХҚКО жүйесінің негізі 2005 жылғы 18 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауында көтерілген «Бір терезе» қағидатымен қаланды.
2011 жылы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылып, қызмет көрсету стандарттары мен рәсімдері орталықтандырылды. Ал, 2016 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылып, ХҚКО, Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы, Жылжымайтын мүлік орталығы және Жер кадастры орталығы бірыңғай провайдерге біріктірілген. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қысқартуға, құжаттар санын азайтуға және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
ХҚКО эволюциясы қызмет көлемінің айтарлықтай кеңеюімен сипатталады. Алғашқы кезеңде небәрі 27 қызмет көрсетілсе, бүгінде 1000-нан астам мемлекеттік қызмет ұсынылады, олардың шамамен 90 пайызы электрондық форматта қолжетімді.
Қарағанды облысы ХҚКО жүйесінің дамуында ерекше орын алады. 2011 жылы облыста Қазақстандағы алғашқы Мобильді ХҚКО іске қосылып, шалғай және аз қоныстанған ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Үйге бару» қызметі енгізіліп, І-ІІ топтағы мүгедектерге, мүгедек балаларға, ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға мемлекеттік қызметтердің тең қолжетімділігі қамтамасыз етілді.
2016 жылдан ауылдық пошта бөлімшелері арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жобасы іске қосылып, «Қазпошта» АҚ қызметкерлері ХҚКО ақпараттық жүйесінде 28 түрлі қызмет көрсетуге оқытылды. Бұл жоба Ақтас, Қушоқы, Дубовка және Шахан елдімекендерінде табысты жүзеге асырылды.
Маңызды кезеңдердің бірі – 2012 жылы Қарағанды қаласында Қазақстандағы алғашқы мамандандырылған ХҚКО-ның ашылуы. Бұл орталықта жүргізуші куәліктерін беру және көлік құралдарын тіркеу қызметтері көрсетіледі. Жалпы аумағы 19 мың шаршы метрді құрайтын орталықта 25 орындық теориялық емтихан сыныбы, автоматтандырылған автодром, 8 көлікке арналған тексеру ангары және 150 жеңіл автокөлік пен 10 жүк көлігіне арналған автотұрақ салынды.

Бұл өзгерістер жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Тілеубай Құсайынов кеңінен тоқталды.
– Цифрландыру бағыты 2016 жылдан бастап, негізгі басымдыққа айналды. eGov, mGov Mobile платформалары, Telegram-дағы EgovKzBot енгізіліп, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді тәулік бойы қашықтан алу мүмкіндігі берілді. 2022 жылы Қарағанды қаласында республикадағы алғашқы «Қағазсыз ХҚКО» – NewЦОН ашылып, қағаз құжат айналымынан толық бас тарту жүзеге асырылды. Connection Point аймақтары арқылы азаматтар смартфон көмегімен электрондық қызметтерді өз бетінше ала бастады. Сол жылы, қыркүйекте Қазақстандағы алғашқы СуперХҚО – Мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы іске қосылды. Қарағанды облысы бойынша филиалда кадрлық саясатқа ерекше көңіл бөлінеді. Штат саны – 908 бірлік, нақты қызметкерлер саны – 845 адам. Қызметкерлер тұрақты түрде кәсіби және цифрлық дағдыларын арттырып отырады. 2025 жылғы сәуірде «Таным» корпоративтік оқу орталығы құрылды, – деді ол.
Акцияның маңыздылығына тоқталған корпорация өкілдері «Құқықтық тәртіп әліпбиі» азаматтарға мемлекеттік қызметтер мен барлық кезеңдерде заңдылықтың сақталатынын нақты көрсетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
– «Құқықтық тәртіп әліппесі» акциясы – мемлекеттік қызметтердің қалай ұйымдастырылатынын, заңдылықтың барлық кезеңде қалай қамтамасыз етілетінін көрсететін маңызды алаң. Азаматтар қызмет көрсету процестерінің ашықтығын, қызметкерлерге қойылатын талаптар мен бақылау тетіктерін көріп, мемлекеттік қызметтердің заңнамаға сай, белгіленген регламенттер бойынша және тең жағдайда көрсетілетініне көз жеткізді. Мұндай іс-шаралар құқықтық мәдениетті арттырып, халықтың сенімін нығайтады. Бұл форматтағы кездесу корпорацияда алғаш рет өткізілді, алайда, алдағы уақытта да жалғасады. Басты қағидатымыз – ашықтық, заңдылық және әр азаматқа сапалы, тең дәрежеде қызмет көрсету, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының орынбасары Жансаят Құлжанбеков.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов те секция маңызын ерекше атап өтті.
– Бұл жұмысты былтыр қазан айында бастадық. Прокуратураның, полиция департаментінің жұмысымен таныстық. Облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері, жастар және БАҚ өкілдері бұған белсенді атсалысып жүр. Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысына куә болдық. Барлығы заң аясында қызмет етуде. 2004 жылы Астана қаласында шетелдік сарапшылар Қазақстанда Азаматтарға арналған үкіметтің қалыптасып жатқанын айтқанда, бұл ертегі сияқты көрінген еді. Бүгін сол ертегі ақиқатқа айналды. Еліміз цифрландыру бойынша әлемдегі дамыған елдердің қатарында. Бұл – тынымсыз, әрі ауқымды жұмыстың нәтижесі, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айжан Қиясова мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің ішкі ұйымдастырылуына ерекше назар аударды.
– Біз Қарағанды қаласы бойынша тіркеу және жер кадастры бөлімінің жұмысын көзбен көрдік. Мұнда 90 қызметкерден тұратын ұжым 300 мыңнан астам тұтынушыға 43 миллиард теңге көлеміндегі төлемдерді сапалы ұйымдастырып отыр. Барлық процесс нақты алгоритммен реттелген. Қойылған әрбір сұрақ жауапсыз қалған жоқ, күрделі жағдайларда жеке есептеп түсіндіру мүмкіндігі бар. Мұндай ашық алаңдар қоғам үшін аса қажет, – деді ол.
Акцияны қорытындылаған облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов бұл жобаның құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
– «Құқықтық тәртіп әліпбиі» жобасы – мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ашықтық пен теңдікті көрсетудің озық үлгісі. Қарағанды облысы бүгінде еліміздің цифрлық және сервистік дамуындағы жетекші өңірлердің қатарында тұр. Бұл бастама мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға қызмет етеді, – деді Еділ Аязбайұлы.
Осылайша, «Құқықтық тәртіп әліпбиі» акциясы Қарағанды облысында мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің ашықтығын, заңдылықтың сақталуын және азаматтарға бағдарланған сервистің нақты іске асуын көрсеткен маңызды қоғамдық алаңға айналды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



