АймақБас тақырыпҚарқаралы

Ыждаһаттыға ырыс қонар

Соңғы жылдары облыс аумағындағы аудандар жаңаша тыныс ала бастады. Ауыл шаруашылығы жобаларына, инфрақұрылымның жаңаруына және өңірлік туризмді дамытуға ден қойылды. Бұл – ел игілігіне арналған игі істердің бірі. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, тарихта ұлттың рухани орталығына айналған Қарқаралы ауданы да бүгінде уақытпен үндесе тыныстап тұр. Тұмса табиғатымен тамсандырған туризм мекенінің ата кәсіпте де жолы болған. Мұнда ел ырысын еселейтін тың жобалар іске асуда. Түлігі өріп, тасжолы тақтайдай түзеліп, ауылдарға ауызсу жетіпті. Бұған БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында куә болдық…

Суреттер автордан

Ата кәсіптің алтын арқауы

Мал шаруашылығы – қазақ халқының көнеден келе жатқан күнкөріс көзі, ата кәсібі. Көшпелі елдің көшелі өркениетінің ірілігі сонда, осы дәстүр сабақтастығы бүгінде заманауи тұрғыда жалғасын тауып, ел дамуына сүбелі үлес қосып отыр. Соның көрнекі бір дәлелі – Қарқаралы ауданы Тегісшілдік ауылдық округінде орналасқан «Қарынши» шаруа қожалығы.
Қожалықты 1997 жылы ата кәсіпке адалдық танытып, мал шаруашылығын ілгерілетуді мақсат тұтып, Қайырбек Қыдыралин құрған. Осы арада атап өткен жөн, бұл «Қарынши» шаруа қожалығы – кешегі күні Астанада өткен «Байқымыз» республикалық гастрофестивальде ІІ орын иеленіп, қанжығасы 15 миллион теңгеге майланып, жүлде алып қайтқан қожалық.
Қожалық енші алып шыққан әуеліде түлігі де саусақпен санарлықтай еді. Ол кезде он шақты жылқы, жүз елудей қой және санаулы сауынмен ашылған қожалықта қазір жылқы, ірі қарасы, ұсақ малдың бәрін қосқанда жеті мыңға жуық мал мыңғырған. Тарқатсақ, шаруашылықта жылқы 1 500 бас, ірі қара 541, қой малы 4 670 басты құрайды.

Бес-алты жұмыскермен бас­талған іске Жаратқан берекесін беріп, бүгінде аудандағы іргелі шаруашылыққа айналды. Дәл қазіргі уақытта шаруашылық ет өндіруде алдыңғы лекте. Жылына жылқы еті – 40 тонна, ірі қара еті – 30, қой еті 28 тонна өндіріледі екен. Бұдан бөлек, жұрт сүйсініп, жыр қылып жүрген қымыздан жылына 30 тонна тағы өндірілетіні бар.
Бұл күнде 25 мың гектар жері бар қожалықтың жылына қуаттылығы 50 тонна ет өндіретін бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр.
Егіндік алқабы 1000 гектарды құраса, онда бидай, арпа өсіріледі. Азықтық дәнді дақылдар мал азығына жұмсалады, сондықтан, өз-өзіне қажеттілікті толық өтей алатын жүйе қалыптасқан.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тікелей қолдауымен «Қарынши» шаруа қожалығына қажетті электр қуаты тартылды. Бұған дейін электр желісі болмаған алқапқа 15 шақырымнан астам жерден жарық желісі жеткізіліп, түйткілдің түйіні тарқатылды. Электр қуаты келгеннен кейін қырмандағы жұмыстар жеңілдеді, шығын азайды. Бұрын сағатына 60 литр солярка жағатын қырманның бүгінде электрге қосылып, жұмысы әлдеқайда тиімді әрі үнемді бола түсті. Аудан әкімдігі де өз деңгейінде қожалықтың мұң-мұқтажын ескеріп, қажетті құжаттар мен ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіріп, инфрақұрылымдық жобаның іске асуына ықпал етті.
Қожалықта қазіргі таңда 5 комбайн бар. Электр желісі тартылғаннан бері шаруашылықта мал сою пункті іске қосылды. Алдағы уақытта үлкен тоңазытқыштар орнатып, өнімді ұзақ сақтау, жеткізу және өңдеу бағытындағы жұмыстар кеңейтілмекші. Шаруашылықтың өркендеуіне тек жеке еңбек қана емес, мемлекеттік қолдаудың зор әсер еткенін атаған абзал.
Қожалық басшысы шаруашылықтың өркендеуімен қатар, қарамағындағы жұмысшылардың жағдайын да басты назарда ұстады. Шаруашылық өркендеген сайын, олардың да саны күн санап арта бастады. Мысалы, бүгінде шөп шабушылар мен механизаторлар – 360 мың теңге, жылқышылар 240 мың теңге көлемінде жалақы алады. Жататын орын мен тамақ тегін. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалығындағы жұмыскерлердің басым бөлігі Тегісшілдік ауылының тұрғындары.
Қожалық тек табыс табумен шектелмей, ауыл халқына да шарапатын тигізіп келеді. Жұмыссыз жүрген жергілікті азаматтарды маусымдық жұмысқа тартып, әлеуметтік тұрақтылықты сақтап отыр. Қысқы маусымда 30-ға жуық, жазда 40-қа дейін адам еңбек етеді. Қайырымдылық іс-шараларына да қатысып, ауылдағы жол жөндеу, мерекелерді ұйымдастыруға да жиі атсалысады.

Көктас ауылында келешек бар

Қарқаралы ауданына қарасты Қаршығалы ауылдық округіндегі Көктас ауылы соңғы жылдары жаңарып, жаңғырып келе жатқан елдімекендердің бірі. Тарих пен таңғажайып табиғаттың тоғысқан өңірі бүгінде инфрақұрылымы дамыған, алдыңғы шептегі айдыны ауқымданған ауылға айналып отыр.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылда кейінгі жылдары біршама жұмыстар атқарылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 7,3 шақырым жолға асфальт төселіп, ауыл ішіндегі қозғалыс сапасы мен қауіпсіздігі айтарлықтай жақсарды. Ауыз су жүйесі толығымен тартылып, ауыл ішіне көше жарығы орнатылып, бұрынғы қараңғы көшелер қазір шамдары жарқыраған, қауіпсіз әрі көрікті орындарға айналуда. Сонымен қатар, екі бірдей жалдамалы тұрғын үй салынып, алдағы уақытта жас отбасыларға, мамандарға беру жоспарланып отыр.
Қаршығалы ауылдық округінің жер көлемі 81 852 гектарды құрайды. Оның ішінде биыл 4 191 гектарға егін егілді. «Ас атасы – нан» деп тегін айтылмаса керек. Қазіргі таңда ауылда наубайхана жұмыс істеп тұр, ауыл халқы күнделікті нанмен қамтамасыз етілген.
Бүгінде ауылда жаңа спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. 40 адамға арналған бұл нысан ауыл жастарына спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп, саламатты өмір салтын қалыптастыруға негіз болады.
Құрылыс жұмыстарын «Нұрай құрылыс сервис» ЖШС жүргізіп жатыр. Мердігер компания басшысы Өткір Дәдебаев.

– Қазіргі таңда іргетас құю жұмыстары жүріп жатыр. Көмір қоймасы, қазандық пеш орнату жұмыстары да қатар атқарылуда. Амандық болса, қаражат толық жөнелтіліп тұрса, жыл соңына дейін сәтін салып жұмысты толық аяқтауға бел буып отырмыз. Негізі келісім бойынша жоба 2024-2025 жылға жоспарланған, – деді Өткір Қадырқұлұлы.

Құрылыстың жалпы аумағы – 1 гектар. Ғимарат көлемі – 20×25 метр. Барлық құрылыс материалдары Қарағанды қаласынан тасымалдануда. Ең бастысы, жұмыскерлердің көбісі жергілікті тұрғындар. Қазір құрылыс нысанында 17 адам еңбек етуде.
Тұрғындар ауыл ажарының ашылып, өркені өскеніне ерекше қуанып отыр. Солардың бірі – ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қанат Қашқынбеков. Ол ауылдағы жаңарулар мен жасалып жатқан істерге дән риза.

– Ауылымызда жастарға қажетті жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Бұрын ауылда балалар ойнайтын алаң жоқ еді, салынды. Немерелеріміз таң атысымен сонда жүреді. Салынып жатқан спорт кешені – халық үшін зор игілік. Жолдар жөнделді, жарық тартылды. Ең бастысы, ауыл тынысы ашылып келеді. Бұл игілікті істің жалғаса беруіне тілектеспін, – деді ақсақал.

– Ауылдың тұрақты дамуы бір орында тұрмау керек. Байқағандарыңыздай, ауылымыз кең қанат жайып келеді. Модельді кітапхана, 60-70 бүлдіршінге арналған балабақша – соның жемісі. Мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта скверлер мен субұрқақтар салу жоспарымызда бар, – деді округтің бас маманы Гүлмира Орынбасарқызы.

«Атамекенді» аңсап жеткен

Қарқаралы ауданының кең даласы шаруашылықтың қай саласын болса да дөңгелетуге бейім. Сондай іргелі шаруа қожалығының бірі әрі бірегейі Қарқаралы қаласының оңтүстік-теріскейіндегі Нұркен Әбдіров ауылдық округінде орналасқан «Атамекен» шаруа қожалығы. Шаруашылық атауының өзі тегін қойылмаған.
Шаруа қожалығының негізін қалаушы – Сламбек Хидаятұлы. Қытай Халық Республикасынан атажұртқа 2002 жылы оралған қандасымыз. Бүгінгі таңда туған жер төсінде табан тіреп, өз кәсібінің нәсібін көріп отырған ауыл шаруашылығы саласындағы қажырлы еңбек иесі.

Алғашында сүт шаруашылығынан бастаған қожалықта бүгінде 100-ге жуық сүтті сиыр бар. Қазіргі таңда 400 басқа арналған сүтті-тауарлы ферманы кеңейту жобасы іске асырылуда. Бұл – аудандағы ірі қара мал шаруашылығын дамытып, жергілікті сүт өнімдерін молайтуға бағытталған ірі бастама. Фермада заманауи қондырғылар қолданылып, сүт өңдеу мен сақтау үрдісі жаңартылуда. Бұл жоба толық іске қосылған кезде жаңа жұмыс орындары құрылып, өңірдің ауыл шаруашылық әлеуеті одан әрі дами түспек.

Қарапайым бидаймен шектелмей, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға бет бұрған Сламбек Хидаятұлы биыл ерекше қадамға барды. Қарқаралы ауданында алғаш рет 300 гектар жерге күнбағыс екті. Бұл – ауыл шаруашылығындағы тың тәжірибе, мол табыс көзі.

– Атамекенге аңсап жеткен соң шаруашылықтың атын «Атамекен» деп қойдым. Қазір осы туған еліме келіп шаруашылықтың түрлі саласын дамытып келемін. Аудан тарихында тұңғыш рет күнбағыс ектім. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген дана халқымыз. Облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен егіс алқабыма жақын маңайдағы Ақбұлақ өзенінен су тарттым. Күнбағыс өсіру бір күндік шаруа емес. Бұл үшін диқаншылықты жетік меңгеру қажет. Уақыт пен ауа райын бақылау, еңбек пен шыдамдылық қажет. Бұл – бізге ғана емес, кейінгі ұрпаққа да аманат, – дейді Сламбек Хидаятұлы.

Қожалыққа 1130 гектар суармалы жер тиесілі. Қазірдің өзінде шаруашылықта 5 дана суарушы техника жұмыс істеуде. Алдағы уақытта егілген дәнді-дақылға қарай техниканы көбейту де жоспарланған. Бұл техникалар егістікті тиімді әрі үнемді суаруға мүмкіндік беріп отыр. Ақбұлақ өзенінен тартылған су арқылы 500 гектар алқап суарылып жатыр.
Шаруа иесі жуырда облыс әкімімен кездесуге де қатысқан. Сонда өңірдегі шаруаларға электр желісін тартуға қолдау көрсетілетіні айтылды. Бұл шаруашылық үшін үлкен демеу. Жоба құны – 292 миллион теңге. Егер бұл жүзеге асса, егістікті автоматтандыру, сүт фермасын толық электрмен жабдықтау сынды жұмыстар әлдеқайда оңтайлы болмақ.
Атамекенге аңсап жеткен арда азаматтың елеулі еңбегі – аймақтың экономикалық дамуы үшін атқарылып жатқан игі бастама. Қарқаралы даласында тамыр жайған күнбағыс секілді, мұндай іскер азаматтар да елге құт әкелері анық.

Экотуризмнің ерен үлгісі

Табиғаты тамылжыған, тарихы терең Қарқаралы бүгінде экотуризмнің орталығына айналып келеді. Тау мен орман, көл мен шипалы ауасы астасқан өлке бүгінде тек жергілікті халықтың емес, сырттан келетін туристердің де сүйікті бағытына айналды. Осы бағытта бой көтеріп, өңірдің туризм әлеуетін арттырып отырған нысандардың бірі – «Орман» қонақ үйі.

Жеке кәсіпкерлік негізінде ашылған бұл демалыс орны – табиғатпен үндескен, жайлы әрі заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған экотуристік кешен.

– Қонақ үйіміз туристерді қабылдауға толық дайын. Табиғат аясында демалып, таза ауамен тыныстап, табиғатпен үндескенге не жетсін?! Біздің қонақ үйде қонақтарға қажеттінің бәрі бар. Туристер тек жақсы көңіл күймен, жайлы демалса дейміз, – деді қонақ үйдің басшысы Жанат Жәкенова.

Қарқаралы ауданы соңғы жылдары туризмді дамытуда оңды қадам жасап келеді. Аудан әкімдігі тарапынан туристік аймақ ретінде 75 гектар жер бөлініп, аталған аумақта инженерлік-коммуникация­лық желілер толықтай тартылуда. Бұл өз кезегінде жаңа нысандардың бой көтеруіне, инвестиция тартуға және демалыс сапасын арттыруға зор мүмкіндік.
Бүгінде өңірде туристерге арналған қырыққа жуық демалыс орны жұмыс істейді. Бұл нысандар бір мезетте 2 500-ге жуық туристі қабылдай алады. Оларда 300-ге жуық адам тұрақты жұмыс істеп, жергілікті халықтың табысын арттырып отыр.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлыбек Ілдебаевтың мәліметіне жүгінсек, өткен жылы Қарқаралы өңіріне 32 мыңға жуық турист келген. Ал, биыл тек алғашқы жартыжылдықтың өзінде бұл көрсеткіш 20 мыңға жетіп отыр. Жыл соңына дейін бұл сан 1,5 есеге дейін артуы мүмкін.
Тағы бір тиімділігі, «Қаз­АвтоЖол» компаниясы Қарағанды-Қарқаралы бағытындағы күрежолды толықтай жөндеуден өткізді. Ендігі кезекте, жергілікті кәсіпкерлердің осындай бастамалары өңірдің өркендеуіне жол ашады.
Қарқаралы ауданы түрлі бағыт бойынша қанатын кеңге жайып келеді. Ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылым салаларындағы жобалар өңірдің әлеуетін одан әрмен арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға серпін беруде. Бұл – бірлікпен жасалған берекелі істің нәтижесі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button