Қыздарымыз қара үзді
Әйелдер күресінен облыс құрамасы Қазақстан кубогында жалпы есепте көш бастап, аймақ абыройын асқақтатты. Облысымыз бұрын-соңды мұндай жеңіске жетпеген. Дода 26-29 мамыр күндері аралығында Астана қаласында өтті. Спортшылардың қанжығасында бес медаль. Үшеуі алтын.
Қарағанды облысының құрама командасы жалпы 110 ұпай жинады. Екінші орында – Алматы (105 ұпай), үшінші орында – Ақмола облысы (104 ұпай).
Алтын медальді 53 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ирина Жәнібекова мен 55 келіде күрескен Зульфия Яхьярова және 76 келіде аймақ намысын қорғаған Эльмира Сыздықова иеленді. 55 келі салмақ дәрежесінің күміс медалін Ангелина Первухина, 62 келі салмақ дәрежесінің қоласын Гүлдана Бекеш алды.
Облыс құрамасының жаттықтырушысы Владислав Сутормин спортшыларымыз боз кілемде жоғары деңгейде күрескенін айтты.
– Облысымыздан 13 спортшы барды. Бесеуі үздіктер қатарына енді. Жаттығуларымыз Қарағандыда өтті. Спаррингтерге де, жаттығу залдарына да көмектескен барлық жаттықтырушыларға алғысымды білдіремін! Оқу-жаттығу жиындары жемісті болды. Командалық жұмыс осындай нәтиже берді. Спортшыларымыз бабында. Бұл – қыркүйек айында Хорватияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңдерінің бірі. Біздің қыздарымыздың оған мүмкіндігі бар, – деді жаттықтырушы Владислав Сутормин.
Алда бір айдан кейін Түркияда халықаралық турнир өтпек. Одан кейін рейтингтік турнирлер де жалауын көтереді. Осы додаларда үздік болғандар әлем чемпионатының жолдамасын алады.
Олардың нәтижесі бойынша әлем чемпионатына жолдамалар ойнатылады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»