Ыза сырық – халық соты байырғы
Қазақ тіліндегі əрбір сөздің өзіндік ыза-назасы, сəн-салтанаты, зарарсыз заңы, мəрт мінезі бар. Тіл тарихында өзінің мəнін ешбір өзгертпейтін тұрақты, құқықтық мықты негізі бар іргелі сөздің бірі – «Ыза сырық».
Қазіргі сөздік «Ыза сырық – ертедегі білім алушы шəкіртті оқымағаны үшін жазалайтын шыбық. Оқу тəртібін бұзғаны үшін жаза тартқызу, дүрелеудің бір түрі» деп түсіндіреді. Дүре жазасының əрбір соққысы «берес» деп аталған. Қазақтың «алты аласы, бес бересі жоқ» дегені де тəртіпке, қарым-қатынасты реттеуші заң ережесіне сай шыққан.
«Ыза сырықты» шыбық деп түсіндіру бұл сөздің алғы қызметі ұмытылып, байырғы мəн-мағынасы өшкендіктен болған шаруа. «Ыза сырық» бойындағы «шыбық» пен «сырық» сөздерінің бейнелері əртүрлі, шыбық-жіңішке, солқылдақ ағаш; сырық-жіңішкелеу келген ұзын ағаш. Тіл заңына сəйкес əрбір сөздің мəн-мағынасы өзіне міндеттелген, атқаратын қызметіне қарай анықталады.
Сол себептен, біз «Ыза сырық» сөзінің ішкі сырын оның əуел бастағы қызметі арқылы анық тап көрелік.
Ерте, ертеде… есте жоқ ескіде, аңшылықпен күн көрген кезеңде адам баласы ұшы үшкірленген істік ағашты пайдаланған. Алғашқы адам қауымы бірігіп, қауымдасып, қосылып, ұйымдасып шаруашылық жүргізбесе, түр ретінде жойылатынын ерте ұққанын көреміз. Бірігу мен қосылудың бір символы – Қазық.
Ертеде қазақ даласы «Қазық» деп аталған. Көне иврит тіліндегі «Xa- z- q» сөзінің мағынасы – «байлау», «біріктіру».
Əр сөздің пайда болуы, байланар қазығы – қажеттілік заңы, қажеттілік мəжбүрлейді. Əркімнің бірінші қажеттілігі – өмір сүру құқығын қорғау, сақтану. Əрбір алғашқы символдың негізгі атқаратын қызметі – қорғаныс. Қаздауысты Қазыбек бидің сөзі соны растайды:
«Біз – қазақ деген қырда қой баққан елміз,
Жүйрік жаратып, қымызға бие байлатқан елміз.
Дəм-тұзды ақтай білген,
Достықты сақтай білген,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз!
Төрімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Туырлыққа ту іліп,
Қыннан қылыш суырып,
Көк найзаның ұшына күдері үкі таққан елміз!»
Үкілі көк найза – егемендіктің, тəуелсіздіктің, тұтастықтың, мемлекет жерінің бөлінбестігінің белгісі. Көк найзаның ұшындағы «күдері» – əбден иі қанып жұмсартылған тері. Соғыста найзаға, балтаға, бас киімге тез шашылып қалатын құс қауырсынын, жүнін тақпайды.
Атам қазақ аттан əлі түспей жүрген көк найза заманында соғыс майданы үлкен кеңістіктерде өткізілетін. Жеңген жақ тізе бүккен ел-жұртты өз қатарына қосып алатын заң болатын. Елге ел қосылса, ырыс-береке. Қосын болу үшін жеңілген əскер майдан төрінде құрылған мемлекеттік белгі «Ыза сырықтан» өтуге тиістін.
Бір мезетке көз алдымызға кең жазықта құрылған киіз үйдің екі босағасы мен маңдайшасын елестетіп көрейік. «Ыза сырықты» құру үшін қан майданның төрінде үкілі үш найзаны қолға алған. Екі босаға есебінде жерге екі үкілі найза қадаған соң, маңдайша ретінде үшінші найзаны екі босаға-найзаларды жоғары жағынан біріктіріп, ұстап тұратындай əскерін қарсы беттегі төрде отырған жеңімпаз ханның алдынан өткізеді. Əріден келе жатқан бұл ескі дəстүрді Рим империясының тарихында «Subiuqummittі» – «Ыза сырықтан өткізу» деп атайды.
Латынның «iugum» (иго) зат есімі «iunctus» деген етістіктен шыққан, мағынасы – қосылу. Кейінгі тарихшылар «иго» сөзіне «қиындық, қорлық» деген теріс мəн бере бастайды. К.Қайыржанның «Сөз сандығы» жинағында да «Ыза сырыққа» – қорлық, қиындық деген анықтама берілген.
Əрине, қазіргі адамға «Ыза сырық» тезінен өту жеңілген жақтың намысына тиетін іс-шара болып көрінгенмен, ол замандардың заңына сай бұл рəсім бейбіт келісімге қол қоюмен, ескінің жаңаруымен тең еді. Абай тіліне жүгінсек, «Ыза сырықтан» өту – əркімнің қабірден əрі өту ісімен тең. Абай: «Əділеттік, арлылық, махаббатпен, үй жолдасың қабірден əрі өткенде» деген сөзінің ішкі сырына үңілейік.
Ықылым замандағы «Ыза сырық» қақпасының сыртқы сұлбасы қазақтың киіз үйінің ағаштан жасалған ішкі есігі сықырлауыққа ұқсас емес пе? Есіктің қызметі өзінің атауынан көрініс беруде. Бір күйден екінші бір күйге өту, болмыс.
Бізге туыс Саха елінің бұрынғы «Өлекмін» өлкесінде халық сотының отырысы өтетін орман алаңқайын «ан дрйду ычытэ» деп атаған, мағынасы – жаратылыс қақпасы, əлем есігі. Саха «Ыза сырық» сөзінің біз ұмытқан қызметін дұрыс ашқан екен: «Халық соты – құдайға апарар жолдағы алтын қақпа».
Сонымен, Абай атап өткен үш үй жолдасың болса, халық сотынан дін аман өтесің. Үштің бірі болмай қалса, құдайға қайтар есік мəңгі жабық күйде қала бермек, жалғыз əділеттік жарамайды, арлылық пен махаббат болмаса.
Саха елінде сияқты көне Рим қаласындағы атақты қорым «Романо форумда» еркіндік символы деп есептелген «силена Марсия» статуясының жанында ашық сот процестері өткізіліп отырған.
Сол іспеттес, құрамы жүз ер-азаматтан тұратын «Courtofthe Hundred» – деп аталатын азаматтық істер қарайтын сот алқасының сот отырыстары өтетін жердің белгісі ретінде жерге үкілі найза қадап қойған.
Бағзы заманғы герман тілінде халықтық ашық жиындарды «Thinq (тинг) деп атап, қаралып жатқан іс бойынша қабылданар шешімге қолдау білдіргенде халық қолдарындағы қысқа ағаш сапты ұшы үшкір найзаны көкке көтеріп дауыс берген. Найзаның қоғамдық, мемлекеттік құқықтық мəн-мағынаға ие тағы бірнеше қызметі бар. Римде найзаның астында құлдарды, мемлекеттік меншікті сататын. Бұл – артықшылық құқығының белгісі.
Найзаның дəп осындай артықшылық құқықтық белгісіне ие болуына меншік құқығы, тұрмыс-тіршілік, күнкөріс заңы себепші. Алғашқы аңшылар өз қолдарынан шыққан найзаны пайдаланған. Əр ісмер соққан найзаның қым-ұшында өзіндік ерекшелігі болған, сол белгі бойынша кімнің найзасы аңға қаза келтірген жарақат салғаны анықталып, сол найзаның иесі табысты бөлуде үлкен үлеске артықшылық құқығы пайда болған.
Меншік құқығы болған соң оны қорғаушы қызметін атқаратын құрылым қажеттілігінен мемлекет институты дүниеге келіпті. Мемлекет міндеті – адамды адамды ішкі жəне сыртқы қауіп-қатерден қорғау.
Айтылған барша сөзді түйіндесек, «Ыза сырықтың» құқықтық философиясы – бірігу, келісім мен сенімге негізделген, сыннан өткен тұрақтылық. «Ыза сырық» – сын, сот, арылу, ағару процесі. Тыныштықта тыным табу, тоқтау. Терең ойлы сап таза келісімге қол жеткізу.
Көне «Ыза сырық» сөзінің түпкі, алғы, өзіне ғана тəн құқықтық негізін анықтауға мүмкіндік беретін дəстүр, рəсім туралы мəлімет қырғыз тілінде сақтаулы. Қырғыз халқы нəрестені бөлер алдында бесікті отпен аластау барысында «Сырық-сырық» деп демеп отырады.
Үш найзадан құралған Ыза сырықтың тағы да бір құқықтық қызметіне арнайы тоқталсақ, артық болмас.
Найзаның үшкір ұшы, найза басы ертеде «қым» деген атауға ие болғанын адамзаттың түгел сөздің түбірі бір тіл тарихы жеткізеді. Күдері үкіні найза басы қымға таққан. Көне корей мифологиясында «ким/кым» ироглифі əуел басында «старейшина», «жрец» деген сөздерді беретін.
Қазақ тіліндегі баламасы «қам», «жырау». Қамшы – дұрыс кеңес беріп, ақыл айтар, адастыр май жөн сілтер қамқоршы, ел басы. «Шы» жалғау, жұрнақ «кісі, ие» деген мағына беруші. Кісілігінен, киесінен адасқан ел басы елін аздырады. Азған елдің ызасы ашулы көпті, тозған топты төңкеріс жолына итермелейді. «Ыза» – барша қайғы-қасіреттің басы.
Атақты «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының Г.Потаниннің жазып алған нұсқасын қарасаңыз, оған көзіңіз жетеді.
Потанин нұсқасында Қарабай мен Сарыбай ызаның құрбаны. Ол екеуі де қартайғанша перзент көрмей жүріп, туысқан-туғанынан зорлық көрген соң елден кетіп, ызадан қаңғып, талай жерге жетеді.
Қарабай аңда алдынан бір марал ыза қылып кеткенін кешпей, Сарыбайға өтініп атқызып алады. Маралды атқан Сарыбай да, атқызған Қарабай да оңбайды.
Ғалым Ə.Марғұланның дерегіне сай Потанинге бұл нұсқаны «Қайғы шығар ілімнен, ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығарды тілімнен» деп кеткен Абай 1884 жылы жіберіпті.
Марат АЗБАНБАЕВ