Балқаш

Қызғыш құс

ҚР Мәдениет қайраткері Ләззат Шопанаева жайлы бір үзік сыр

Адам туған жерінің табиғатына тартады деген шындық болса керек. Жан дүниесі ізгілікке бай Ләззат Әменқызымен қызмет барысында таныстық. Ол ақ қайыңдар көмкерген әдемі өлкеде туып өсті. Өзінің келбеті де, жан дүниесі де сол ақ қайыңдардай әдемі, келісті еді.

Ұлттық рухтың көтерілуі, асқақтауы, жүрегі қазақпын деп соққан жандар үшін аса қажет еді. Сондай тұста мәдениет отауы – кітапханада неше түрлі бас қосулар өткізіліп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сондай-ақ, жазықсыз жапа шеккен Алаш көсемдері жайлы да кеңінен әңгіме қозғалатын. Дәл сол кезде Ләззат Әменқызы басы ашық пікір айтып, дініміз, тіліміз жайында өткір әңгімелер қозғап жүрді. Кейіннен өзі С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхана жүйесін басқару тізгінін қолына алған кезде бар болмысын, іскерлігін, білім-жігерін ұлттық рухты көтеруге жұмсады. Ана тілінде шыққан ұлы жазушыларымыздың кітаптарын дереу сөреге қойып, көрме өткізіп, оқырмандардың басын қосатын. Кеңестік тоқырау кезеңі бар, өзіміз Тәуелсіздік алғанмен оң-солымызды әлі бағдарлап үлгермегеніміз бар, қиындықтар кездесті. Әйтсе де, Ләззат Әменқызы сияқты қазақтың іскер, білімді, тәжірибелі қызы қаладағы ормандай оқырмандарын мәдениет отауына жинастырып, рух негізінде ұйытып, тамаша бастамаларды туындатты. Кітап аз данамен таратылады. Газет-журналдарды әр оқырманның жаздырып алуына мүмкіндігі келе бермеді. Еңбекақы, зейнетақы кеш берілді. Ондай кезеңді бастан өткергеніміз рас. Кітапқа, газет-журналға рухани жағынан шөлдеп қалған оқырмандардың талап-тілегін қалай орындау керек? Сондай сәтте Ләззат Әменқызы бюджет тапшылығына қарамастан кітапхана бөлімдерінің әр нүктесіне ана тіліміздегі газет-журналдардың жеткізілуін қатаң қадағалады. Содан барып көптеген оқырмандар орталықтандырылған кітапхана жүйесінің филиалдарына барып, рухани қажетін тауып, сусындап, жан рахатын кешеді.

«Ана тілі» газетінің алғашқы саны жарыққа шықты. Жасыратыны жоқ, кейбір зиялы қауым өкілдері ұлттық рухта шыққан осы газеттің таралуын онша қолдай қоймады. Әрине, ол қауымды да кінәлай алмадық. Коммунистік қасаң қалыпқа түсіп, тәрбиеленгендер үшін мұның өзі «бұзақылық» болып көрінді. «Япырау, «Ана тілі» деген газет шығару ұлтшылдықтың бір көрінісі емес пе?», – деді біреу­лер. Сонау 1937 жылдары рухани көсемдеріміз қазақтың мүддесін көздегені үшін қудалауға түсті, атып тас­тады немесе итжеккенге айдады. Бойымызды әбден үрей билеген ғой.

Көп кешікпей жер-жерде «Ана тілі» газетіне жазылу басталды. Көшбасшымыз Ләззат Әменқызы:

– Бауырларым-ау, енді не тұрыс, осы газет арқылы ғана жоғалғанымызды тауып, өшкенімізді қайта жандандыра аламыз. Неге тартынасыздар, алғашқы екі-үш санын оқып көрдіңіздер ме, рухани байлық тұнып тұр. Жертөледе жатқан рухани асыл дүниемізді жарыққа алып шығатын мезгіл әлдеқашан жетті. «Ана тілі» газетінің бағыт-бағдары ұлттық мүддені қорғайды, қолдайды, соған қарап, ұлттар арасына сына қағылады деп ойламау керек. Ондай ойдан мүлдем аулақ болыңыздар. Бізде бір-ақ мақсат бар, өз жоғалтқанымызды тауып, түгендеуіміз керек, – деді.

Сол жылы газетке жазылушылар көп болды. Біздің қала бойынша таралымы артты. Газет Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы жайында жап-жақсы әңгіме қозғады. Ұлы Абайдың немере інісі, әрі шәкірті Шәкәрімнің ән-күйлерін насихаттауға үлес қосты. Шәкәрім – даналық бесігі. Ләззат Әменқызы үнемі ұлттық рухты жаңғыртудың алдыңғы шебінде жүрді. Әлі есімізде, Шәкәрім бабамыздан кейін Жамбыл Жабаев атамыздың мерейтойы жақындай түсті. Тағы да Ләззат Әменқызына арқа сүйедік. Мұрағаттарды ақтарды, жәдігер дүниелерді сараптады, сөйтіп, ғасыр жасаған жыр алыбы жайлы жаңа деректерді жарыққа шығарды. Жамбыл әндерін естімеппіз, ән шығарғанын көбіміз назарға алмаппыз. Жыр алыбын, тек, жырау ретінде таныдық.

 ***

Бабамыздың көзіндей, ақ жаулықты әжелеріміздің өзіндей болған Наурыз мерекесімен сағынысып көрістік. Дей тұрғанмен, Наурызды қалай қарсы алу керек, оның сән- салтанатын қалай жасамақшымыз? Міне, осы кезде Ләззат Әменқызы көптеген ұйымдастыру жұмысын жүргізді, ізденіс танытты. Киізүй тігіп, ас ішіп, аяқ босатудың жөні бір бөлек. Ал, кейінгі жастарға қазақ халқына тән ұлттық көріністерді қалай ұсынуға болады? Ләззәт Әменқызы Наурыздағы көш-керуенді шығаруға ұйытқы болды. Әлі есімізде, кітапханаға бір соққанда ұлттық киімнің қандай дәрежеде болуы жөнінде қызметкерлерімен әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Кітапхана қоры жәдігерге бай ғой. Жертөледе жатқан кітаптарды шаң-тозаңнан арылта отырып, қазақтың ұлттық киімі, ою-өрнегін дәріптейтін кітап қолына түседі. Ерінбей отырып, ұлттық киімдердің бірнеше түрін белгілеп, кітапханашы қыз-келіншектердің қалауы бойынша өлшеп, пішіп, тіктіріпті. Сөйтіп, «Наурызға көрік берген сұлу сән» аталымы бойынша кітапханашы қыздар бас жүлдені жеңіп алғаны да бар.

Қаладағы бүкіл мәдени шараларға кітапханашы қыз-келіншектер белсене араласты. Көшбасшылары – Ләззәт Әменқызы. Енді бірде тіл мәртебесін көтеру жөнінде жақсы бастама туындады. Бұған Ләззат Әменқызы белсене араласып, айтарлықтай ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, бір топ қыз-келіншектер облыс орталығындағы сайысқа қатысты. Қазақы аудандарды артқа тастап, орысшасы басым балқаштықтардың жүлде алып келгенін сол кезде қуана сүйіншілеп хабарлаған болатынбыз.

Кітапханашылар тарапынан оқырмандардың олжасы көп болды. Ең көп кітап оқып, белсенді оқырман атанған аға-апаларымызды да анықтадық. Мектеп оқушыларының кітапханаға келуі, таңдаған кітабын оқып, ортайып қалған оқырман залын толтырудың сәті туды. Өйткені, оқушылармен бетпе-бет келіп, сырласу, әңгіме-дүкен құру олардың жан дүниесіне үңілу Ләззәт Әменқызының ерекше қасиеті еді.

Қалада «Сырлас» әдеби-мәдени қонақжай үйінің ашылуы айтулы оқиға болды. Бастамашы – Ләззат Әменқызы. Қазақтың атақты ақын, жазушылары Софы Сматаев, Қадыр Мырзалиев, Жеңіс Қашқынов, Сәтімжан Санбаев осы әдеби қонақжай үйінде оқырмандармен кездесіп, тартымды сұхбат өткізілді. Әйгілі күйші Мағауия Хамзин атамызбен дөңгелек үстел өткізгені де есімізде мықтап қалыпты.

***

Орталықтандырылған кітапхана жанынан қалам ұстағандар, әнші, өнерлі жандар жиі табылатын. «Қаламгер» қауымдастығы құрылды тұңғыш рет. Осыған Ләззат өзі белсене араласып, бір бөлмені арнайы босатып берді. Қалам ұстағандарға арнап мұражай ашты. Атақты ақ қайың ақын Шашубай Қошқарбайұлының жәдігерлерін осы мұражайдан кездестірдік. Жазушылар Тұғырлы Қойшыманов, Софы Сматаевтың тұтынған дүниелерімен таныстық. Кейінгі қалам ұстаған ақын, жазушылар да жәдігерлерін ұсынды. Ақын, сазгер Көбен Бекмағанбетов ағамыз Наурызда киген шапанын өткізіп, оны бәріміз жабыла көрнекті жерге ілгеніміз есімде. Мақала басатын машинкамызға дейін алып бардық. Ескерткіш дүниелер көп жиналды. Ләззат Әменқызының жақсы бастамасын жалғастыра алмадық. Өкінішті, әттең…  Қазір сол жәдігерлердің тағдыры не күйде екенінен бейхабармыз. Әлі де ұлттық мүддеге енжар, селқоспыз. Әйтпесе, сол Ләззат ашқан мұражайды қазірге дейін ұстап, жандандырып, болашаққа аманаттасақ оңды болар еді ғой.

 ***

Ұлттық рухтың қызғыш құсы Ләззат Әменқызы жаңалыққа жаны құштар, бастамашыл еді. Біздің облыс төңірегінде алғашқылардың бірі болып кітапхананы компьютерлік жүйеге енгізіп, автоматтандыруға қол жеткізді. Электронды катологтардың дүниеге келуі Ләззат Әменқызының тұсында болды. Оның бастамасымен ашылған кітапхана сайты казір ұлттық мүддемізді насихаттаудың бірден-бір дәнекері болып отыр.

Ләззат Әменқызы адамдардың кісілігін, ізгілігін байсалдылықпен бағамдап, құрметтей білетін. Адамдар арасындағы өзара сыйластық, кісілік қарым-қатынас, әріптестік қағидасы таза адамгершілік тұрғысынан өріліп тұратын.

Қазақы дәстүр-салтқа салып, жеңге деп еркелейтінбіз. Өмірлік жары Ермек ағамыз өз ауылымыз­дыкі болған соң, қайындарын, қайын ағаларын қадір тұтып, құрметтеді, сыйлады. Тағдырды кейде қатал деп жатамыз. Қолдан келер шара жоқ, арамыздан ерте кетті, өте ерте… Аяулы жан жөнінде естелік жазу біз үшін де өте ауыр. Ойымыз ағыл-тегіл, бірді айтып, бірге кетеміз. Өйткені, шоқтығы биік тұлғаның халыққа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз болатын. Мұндайда атам қазақ «қайсыбірін айтарсың…» деп өзін-өзі жұбататын. Біз де сондай күйдеміз.

Салиқалы, салмақты Ермек ағамыз көлденең қазаны қара нардай көтерді. Балаларына берекелі ғұмыр берсін, үрім-бұтағы өсіп, өне берсін! Ерекең аяулы жары туралы «Ерте үзілген гүл» атты естелік кітап құрастырып, тұсаукесерін жасады, аруағына құран бағыштады, тілеулестерінің басын қосты.

Ұлттық мүдде, ұлттық рух қазақ халқы үшін қашан да асқақ, биік. Өнердің, мәдениеттің көшбасшысы бола білген Ләззат Әменқызы Шопанаева балқаштықтардың жүрегінде. Біз қалам ұстағандар оның өнегелі істерін әрқашан үлгі тұтамыз, қастерлейміз.

Солтүстік өлкеміздің әдемі ақ қайыңындай ару келбеті, жан дүниесі Көкшенің мөлдір суындай таза, аяулы тұлға жайында айтпағымыз осы еді.

Айтпақшы, бірде жұмыс орнына соққанымызда ақын Абзал Бөкеннің кітабынан «Аппақ қайың» атты өлеңді оқып отыр екен. Соңғы жағын қайталап оқып берді бізге де.

Ақиқат тұр жазылған хаттай, әне,

Арудан да, адасса, бақ таяды.

Сен аман бол, аққайың –

ақ махаб­бат,

Сен аман бол, ағаштың ақ Баяны!

Сөйтті де, «Ауылымның ақ қайыңды ормандары есіме түсіп, сағынып отырмын», – деді.

Несін айтасыз, өзіңіз де ақ қайыңдай, ақ Баяндай едіңіз, жеңеше!

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

       БАЛҚАШ қаласы.                                            

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button