Қыз шынымен жау ма?..
Бүгінде әлеуметтік желіде белгілі пәлсапашы Омар Жәлелдің қызды тауар дегені, енді бірде қызды маркерге теңегені қызу талқыланып жатыр. Тіпті, орысқұлықты қаракөз қарындастарымыз бауырымыздан көпшіліктен кешірім сұрауды талап етіп, ақыры, кешірім сұрауға мәжбүр де болды. Шын мәнінде, ол кешірім сұрай қоятындай ешқандай әбестікке де барған жоқ еді. Әңгіме күрделі еді. Әңгіме ұлт тағдыры туралы еді. Балшықтан адам жасай алмай отырған біздің қоғамымызда қыз тағдыры қазақ қоғамының күйреуіне апаратын бағыт алып отыр. Сондықтан да, ел бүгінде қыз тағдырына Ұлт тағдыры деп қарайды.
Бабаларымыз бұл жөнінде қазып тұрып айтқан.
«Қыз – жау» деп…
Шынымен солай ма?!..
Сол айқайдың жуан ортасында Омар Жәлел де жүр. Бір айтып қоя салған жоқ. Қалай мүмкіндік туады, солай қыз тағдыры тақырыбына көміліп кете барады. Соған орай, абайтанушы бауырымыз әйелтанушы атағына қалып отыр…
Бар-жоғы бауырымыз батырып қана айтқан еді. Ақырып айтқанда не болар еді?!..
Ал негізі, сондай жағдайдың алдында тұрмыз. Олай деуге себеп жеткілікті. Бір Жаратушының көбейтіп жатқаны бір басқа, адам табиғатына қарай өзі көбеюі керек еді. Біз өз жаратылысымызды өзіміз жаратуымыз керек еді. Өкініштісі, халқымыз осы жасампаздық қабілетінен айырылып бара жатыр. Соның ең бастысы – жаратылыс тудыру жасындағы қыздарымыздың денінің оң жақта отырғаны. Басқа елдің қыздарының мұндай жаста байлыбаранды болып, алды әже атанып отырған жайы бар. Тағы бір бес-алты жылда олардың тұрмыс құра қоятынына сенім жоқ. Арғы жағы белгілі.
«Барыңнан жоғың!» – деп бабаларымыз осындайдан айтса керек.
Біздің бабаларымыздың заманында әйел баласы көп болмаған. Анығы – көптігін білдірмеген. Тоқалдыққа алған. Аяқбаулыққа алған.
Әйтпесе, әйел баласы қашанда ер адамдардан көп болған. Өйткені, соғыс деген бар, барымта-сырымта деген бар, бөріктілердің көп жасамайтыны бар…
Бірақ, ешуақытта қыз баланың көптігі білінбеген…
Қыз – қазақ баласының ұяты. Отбасының ұяты, руының ұяты, тайпасының ұяты, елінің ұяты. Ауылының ұяты, аймағының ұяты, елінің ұяты.
Бұл – біздің бабаларымыздың ұстанымы. Біз осы ұстанымнан ажырап барамыз. Жәлел бауырымыздың айтып отырғаны – осы.
Қыз – бүгінде қазақ баласының бас ауруы. Бұрын да солай болған.
Қазақ баласы әйел баласына ұрғашы деп қарамаған.
Баламның анасы деп түсінген. Сонан соң ғана барып ұрғашы деп қабылдаған.
Ер адамның міндеті баласына жақсы шеше тауып беру деп есептелген. Сондықтан да, бұл мәселемен әке-шеше, ата-әже, баба-мама, ағайын, жамағайын болып шұғылданған.
Табиғи сұрыптау деген бар. Қанық ұлттығын қанықтыра түсу үшін бабаларымыз мұнымен түбегейлі шұғылданған. Содан барып құдаласу дәстүрін шығарған. Бір қуанарлығы, қазір ел осы дәстүрімізді жаңа тұрпатта жаңғыртып жатыр. Бабаларымыз балалары дүниеге келмей жатып та оларды атастыра берген. Және оларынан зардап шекпеген. Сондықтан да, қазақ баласы құдалыққа қатты мән берген. Ел болып қалыңдық қарауға шыққан. Соған орай, құдалықтың түрі көп болған. Қалыңдық қарағанда дені сау, ақыл-ойы анық ұрпақ жалғастығын ойлаған. Соған орай, құдаларын белгілеген. Сарысүйек құда болған тараптар да жеткілікті. Шамалары жеткенше қыздарын алыс жерге ұзатуға талпынған және қалыңдықты алыс жерден қарауға бейіл болған. Өйткені, қан тазалығы бәрінен де жоғары еді.
Осылайша, қазақ баласы қатын алмай, қайын алған.
Осы жерде ойыма бір әпсана түсіп отыр. Атақты Қанжығалы қарт Бөгенбай бір жорықта Көкбөрі Жарылғаппен қарбалдасып шауыпты. Содан қалмақтың бетін қайтарып, Жарылғап әлгі Қарабұлақ деген жерден аттанатын болыпты.
Жақаңды шығарып салып тұрып Бөгенбай:
– Құда болалық, Құдай айырмас дос болалық, Жарылғап, – депті.
Сонда Жарылғап тіс жармай тұрып қалыпты. Содан:
– Төрт ұлым бар еді, – дейді Жарылғап.
– Сенде жоқ болса да, менде қыз бар. Сөзіңді байла! – дейді қарт батыр.
Жарылғап аға батырдың сөзін қабыл алыпты.
– Олай болса, алдағы күзде келемін, – дейді Бөгенбай, – бірақ, саған қоятын шартым: төрт балаңды біртіндеп алдымнан өткізесің. Күйеу баланы өзім таңдаймын.
Жарылғап мұны да құп алады. Мұны сол кезде біраз жұрт сөз қылады, әрине. Қыз қараушы еді, қалыңдық қараушы еді, күйеу қараған да бар екен ғой деп…
Келер күзде Бөгенбай келеді.
Жарылғап та тегін адам емес қой, аға батырды сынамақ болады. Батырдың алдынан өз балам деп топқа түсіп жүрген елдің төрт баласын өткізеді.
Төртеуін алдынан өткізген қарт Бөгенбай: – Жарылғап, енді өз балаларыңды көрсет, – дейді.
Батырдың сыншылдығына тәнті болған Жақаң кешірім сұрап, өз балаларын келтіреді.
Алдымен тұңғышы Жәнібекті салған екен.
– Қотан аяқ, қолекпелеу екен, – дейді Бөгенбай.
Бұдан кейін Сәдібекті келтіреді:
– Отбасынан ұзамай, мал ішіндегі малма етектің өзі болар тірі жүрсе, – деп оны да жаратпайды.
Бес қаруына ие кенжесі Бәубекті келтіргенде:
– Сауытымды киер, сағымды сындырмас деп сенген балаң ғой бұл. Мұны да қоя тұр, – депті.
Ең соңынан екінші ұлы Қырбасты шақыртса, Қырбас ақыра келді дейді:
– Мына заман не заман? Қатыны бай таңдаған қандай заман? – деп.
– Жарады! – депті қарт батыр.
Бөгенбай Жарылғаптың осы баласын жаратыпты.
– Тағы да бір қызым болса, оны да осы балаңа беруге бейіл едім, – депті.
Сөйтіп, Бөгенбай қызын Қырбасқа береді. Одан есімі Арқаға Бәшекең, Бәжең деп білінген атақты Бәйсейітбай туған.
Атақты жазушы Жүсіп Алтайбай айтқандай, «Ол – ауыздыға сөз, азулыға дес бермеген Бәйсейітбай. Аузынан жалын атқан аға сұлтан Құнанбайға Қарқаралы дуанында болған бір топта «Ақырзаман боларда күншығыстан жалғыз көзді тажал шығады, сен тап соның өзі емессің бе?» – деген Бәйсейітбай. Жалғыз баласы Нұрлан абақтыға түсіп, соның ісін қуа келгенінде оязға кіре алмай кезек күтіп отырған Шорманның Мұсасы мен тағы да Құнанбайды көріп «Сеніп келгенім сен екеуің ең, босағада күшіктей телміріп отырған түрлерің жаман екен, енді кете берсем де болар» – деген Бәйсейітбай. Жамантай ханның баласы Түлік төре күш көрсетіп, «Бәйсейітбайдың көк тұлпарын алып кел» деп жіберген биін сабап-сабап қоя берген Бәйсейітбай.
Қысқасы, Бөгенбай мен Жарылғаптың түлегі Бәйсейітбай да ердің еріндей, егеудің сынығындай, ақылына күші сай көкжал болған. Бірақ, оның заманында ту ұстап, қол бастап жорыққа аттанушылық болмай қалған.
Бір Жаратушы Қырбасқа қайын жұртты осылайша өзі лайықтаған.
Қайын дұрыс болғандықтан, Жақаң Бөгенбай батырдың осындай кейбір асылықтарына көнген.
Әйтпесе, бұл дүниеге Бәйсейітбайдай берен келер ме еді?!
Сол Бәйсейітбайдан Арқаға Атымтай жомарт атанған баласы Нұрлан мырза туған.
Сол Нұрланнан кешегі Ақшатау болыстығының болыстары болған Қуанышбек, Сәдуақас мырзалар туған.
Мәдиді құтқарып алам деп Қарқаралы қамағын шаппақшы болған кешегі ер Қапас туған.
«Қатын алмай, қайын алудың» себебі – осы.
Бүгінгідей мәһаббат-сәһаббат деп жатсақ, осындай тұлғалар дүниеге келер ме еді?!
Осы жерде есімізге, әрине, «Тақиялы періште» фильмі түседі. Кейбіреулер ойлайтындай, ол туынды комедиялық емес, қарсылық фильмі болатын.
Сол Бәйсейітбай заманында қожа, төре бөліске түскенде Бәжең «Төре төрімізді бермейді, қожа ел бұзады» деп оларды алудан бас тартқан.
Ол заманда өздерін ақсүйек санаған олар қарадан қыз алмаймыз деп, өз қарындастарын өздері қатын еткен ғой. Бәжең осыдан тартынған.
Бұл ештеңе емес, сорақылығы енді шығып жатыр. Мысыр имамы мұсылмандарға туған қызын қатын қылуға рұқсат беріпті.
Каирдегі сунниттік бағыттағы ең мықты Аль-Азхар университетінің имамы Мазен аль-Серсави көпшілікке «еркектердің өз қыздарымен жыныстық қатынасқа түсуіне болады» деген мәлімдемесі үшін танылды. Ол үшін қыз бала некесіз туған болу керек. Оның ойынша, некесіз туған қыздардың әкесіне ешқандай қатысы жоқ.
«Егер ондай әйел еркектен жүкті болып, босанса, онда онымен болатын еркек үшін ол һарам емес» дейді имам. Бұл мәлімдемесін ол 2012 жылдан бастап айтып келеді. Оның сөздері жазылған бейнежазба желіге тарап, шетелде де көп рет қаралған.
Қазіргі уақытта Египет қоғамында исламдағы әйел рөлі қайта дауға салынуда. Жақында ғана Наби альВахш есімді қорғаушы ашық-шашық киінген әйелдерді, әсіресе, жыртық джинсы кигендерін зорлау керек деген мәлімдеме жасады.
Бұл – мұсылман әлемінде болып жатқан жайт.
Біздегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Бір депутат қарындасымыз бастаған сылқымдар екі байымыздан болса деп елді шулатып жүр. Ал, енді бір депутат бауырымыз қазақ қыздарының қытай азаматтарымен некесін сөз қылды. Аттандайтын жер-ақ еді. Бірақ, дауысы құмығып шықты. Тағы бір Амантай қажы жетіспеді. Түбі айтып отырған қажымызды депутат етсек, ұтылмайды екенбіз деп қалдым.
Неке деген жай нәрсе болып қалды. Бүгін тіркеліп, ертең ажырап жатыр. Оған мешіт төңірегіндегі дау-дамайларды қосыңыз. Талақ деген шықты. Шариғатқа сияды деп жатыр. Сиғаны сол, өздерін мүмін деп есептейтіндер қатындарының есімдерінен жаңылып жатыр. Өйткені, бүгінгі қарлардың ілгері-кейінді байлары төрт-бесеуден асып жатыр.
Бұл – түптің түбінде жаппай некесіздікке алып келетін жайттардың бірі. Сондықтан, ерте ме, кеш пе, бұл мемлекеттік деңгейде талқыланатын мәселе деп ойлаймыз.
Осының барлығы кешегі бабаларымыздың неке институтынан ажырағанымыздан болып жатыр.
«Қайын алудың» тағы бір себебі, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан. Ер жігіттің барлық игі қасиеті – анадан. Бұл – медицинамыз куәлік беріп отырған шындық.
Қазақ баласының қыз баласына деген құрметінің жиексіз болуы – осы себептен.
Қазақ баласы қызын еш уақытта кемшілікте ұстамаған. Баласын міндетті түрде қазақ қызына үйлендірген. Ешуақытта қазақ баласының бәйбішесі басқа ұлттан болмаған. Басқа ұлттан қатын алар болса, оның барлық шариғатын келтіріп тоқалдыққа алған.
Бұған керісінше, қызын ешуақытта басқа ұлтқа бермеген.
Өйткені, қыз бала ұлттың құты болып есептелген!
Қазақта еркек жаманы болса да, әйел жаманы болмаған.
Сондықтан, байсыз өткен қазақ қызы болмаған!
Қазақ қызының басқа жұртқа қатындыққа шығуы қасірет болып есептелген. Өйткені, өзіндік ұлттық генінің басқа жұртқа ауатынын білген.
Сондықтан да, қыздарын басқа жұртқа жібермеген. Керек болса, тоқалдыққа алған. Керек болса, аяқбаулыққа алған.
Ал, бабаларымыздың өздері неге басқа жұрттан қатын алған? Қан ауыстыру керек болған. Бұқар жыраудың өзі айтпай ма? «Қатының болсын қалмақтан, отының болсын жантақтан» – деп. Біздердің талайымыздың мамаларымыз қалмақ жұртынан болған. Сол нағашыларымызды – жоңғарларды жұрт етпеген де біздерміз – жиендеріміз…
Міне, жиеннің ел болмайтын себебі!
Міне, қыздың жаулығы!
Міне, қызымыздың жаулығы!
Бүгінде әже жасындағы қыздарымыз әлі күнге оң жақта отыр. Және мыңдап отыр. Бұл – нонсенс! Байсыз қазақ қызы болмаған! Ал, байсыз қазақ қызы болса, оның өзі мыңдап болса, онда ұлттың азғаны!
Омар Жәлел бауырымның айтып отырғаны осы!
Қызымызды байсыз қалдырмайық дейді! Қызымызды басқа жұртқа бермейік дейді!
Бұл – ұлт ертеңі үшін айтылып отырған сөз.
Омар Жәлел бауырымыз ұлт қауіпсіздігі мәселесін көтеріп отыр.
Ұлтымызға, ұлттығымызға бүгінде қауіп-қатер көп. Соның бастысы қыздан болып отырғаны жасырын емес.
Байқасақ, бүгінде этникалық қазақ дегендер көбейіп кетті. Түріне қарасаң, қансуға, тіліне қарасаң, қазағыма тартып тұр. Осыларды тіліне қарап, бауырым дей аламын ба?! Менен басқаларды да бұл сауал әсіре мазалайтын болса керек. Өйткені, іштей қарсылығымыз қазір ашық сипат ала бастады.
Ол аздайын осы этникалық қазақ дегендер қазақ қыздарына үйленіп жатыр.
Қазақ болды дегеннің өзінде олардың тегі кім?! Кім бізге тектеп береді. Олай болса, тексіз ұрпақ күшіктеп жатыр…
Бұл туыттар қазағымның ертеңі болады дегенге сене алмаймын!
Қазақтың жат жұртқа кеткен жері аз емес. Оларымызды бір Жаратқанға тапсырып, бүгінгі шекарамызды бекемдейік.
Осы сайын даланың басты байлығы мұнай да, алтын да, уран да емес!
Басты байлығы – адамы!
Адамы болғанда…
Қазағы!
Олай болса, еліміздің ертеңі ұлттық саясатымызға негізделген демография саясаты болуы керек.
Тоқал әңгімесінің аясынан шығайық. Аяқбау әңгімесіне көшейік.
Олай болса, бабаларымыз салып кеткен неке институтына қайтып оралайық. Қыздарымызды жат жұртқа жібермейік.
Елімізде кәрі қыз деген болмасын!
Өз қызымызды өзімізге жау қылмайық!
«Қыз өссе, елдің көркі» дейді бабаларымыз.
Омар Жәлелдің де, басқаларымыздың да айтпағымыз – осы.
P.S. Жиен дегенде ең алдымен есіңізге нағашы сөзі түседі. Балаға үш жұрттың ішінде жақын жүретін жұрты. Соған орай, бұл жұртты жалпақ тілде есел деп жатады. Баланың есі кіргенде қайтаратын жұрт деп біледі.
Одан кейін есіңізге міндетті түрде баланың шешесі, яғни, қыз түседі.
Қазақ қызын қатты әлпештеген. Қонақ деп білген. Өрісім деп білген. Соған орай, төрден орын берген.
Ал, енді жат жұрттыққа кеткенде қызын жау деп білген. Өйткені, қызы дүниеге жат жұрттықты әкеледі ғой. Ал, ол шақалақтың бүгін болмаса, ертең жау болуы әбден мүмкін.
Содан барып та «қыз – жау» деген сөз қалған.
Төрехан МАЙБАС,
жазушы