Басты тақырыпРуханият

Қызқосбасар

     Аққыз…

     Ақәже…

     Мүгілсім…

     Бұлардың барлығы бір-ақ адам – Мүгілсім Ахметқызы, күйші Аққыз…

     Сол Аққыз есімі аталған жерде есіме Дина да емес, Тәтекең де емес – қосбасарлар түседі.

     Оның ішінде Қызқосбасар…

    Қосбасарлардың тұмасында Тәттімбет тұр. Тәтекеңді сол қосбасарларынан айыру деген бекершілік. Содан да Тәтекең есімі өлмей келеді. Өлтірмей келе жатқан сол өзінің қосбасарлары.

    Өзекті жан барда қосбасарлар өле қоймас. Өйткені қосбасарлар сол өзектінің өмір сүру болмысы. Сол қосбасарларымыз үзіліп барып, үзіліп барып жалғасын табуда. Оның себебі де, салдары да жеткілікті.

    Қосбасарды тыңдаған адам Құранды естіген мүсілім сынды қалт тұра қалады. Өзіне-өзі сырт көзбен қарайтын сәтті бастан өткізеді. Сөйтіп, өзін таниды. Өз көзімен. Бір сәт болса да ол өзінің пенделік қамытынан босайды. Ол өзінің адам екендігін көреді.

    Тіршілік тауқыметінен өткен зіл жоқ. Енді оның тіршілік қамытын қайтып мойнына ілгісі жоқ. Мынау жалғаншы ішіп-жеуден ғана тұрмайды екен. Қарын қамынан басқа да қамдар баршылық екен. Мынау жарық дүниең жалғаншы екен. Ертеңіңнің не боларына көз жетпейді. Дегенмен, сынық сәуле бар. Бәрі қайтып оралады. Қалай? Кешегіңе оқ атсаң ертеңіңнен зеңбірек болып оралып жүрмей ме?! Қосбасарлар дүниеге солай келген.

    Сол қосбасарлар қазақ баласына қырын келді. Меншебек те, бәлшебек те ытырынды. Ақ та, қызыл да ешкікөзденді. Қосбасарлардың соңына шам салып түсті.

    Ел өздерінің қосабасарларынан танды. Өздерінен бұрын өткен күйшілерге теліді.

   Оның ішінде Тәтекеңе телінгені қаншама? Бір кездері барша қосбасарлардың Тәтекең атынан шертілген заманы болған. Сол заман да келмеске кетті.

   Ел қосбасар тартудан тартынған.

   Қалақ біткеннің барлығы тамызыққа жаратылды. Ел ішінде есімдері білінген күйшілердің барлығын контр деп жариялаған. Алды итжеккенге айдалған. Ел ішінде қалғандарының он саусағы төс пен балғаның арасына түскен.

   Сонда да бұл қазақ күй «тартудан» тыйылмаған. Қалақтағы тыңқылды іштегі ыңылға айналдырған.

   Ел солайынша домбыра ұстаудан қашқан. Ән сүйемелсіз айтылатын жағдайға келген. Домбырада ойнайтын он саусақ шіркін енді санды шапаттаудан аспаған.

   Саусақты бір-біріне ұрып та әуезді дыбыс, әуезді ырғақ алуға болады.

    Қосбасарлар сөйтіп те «күн көрген».

    Кейін мұртты көсем кеңшілік жасады. Батырларды жырлауға қосты. Ал жыраулар домбырасыз жыр толғай алмас еді. Айтыскерлер домбырасыз жындарын шақыра алмас еді.

  Домбыралармен бірге қосбасарлар да қайтып келген. Аузы күйіп қалған ел оларын ашық түстеп айта алмады. Солайынша «Туған жер», «Сағыныш», «Ағаларым» сынды бейкүнә күйлер пайда болды. Бұл күйлерді ешкім де контр дей алмады.

    Шын мәнінде бұлар нағыз қаны тамып тұрған қосбасарлар еді.

    Сағыныш…

   Бейкүнә сезім. Туған жерді сағыну, бауырды сағыну, баланы сағыну, әке-шешені сағыну… Бұл сезімі үшін ешкім сотталмаған. Ешкім ешқайда айдалмаған.

   Аққыз еді бұл «сағынышты» алып келген. Бәлкім, әке-шешесін, ет бауырларын, туған топырағын сағынған болар. Мұны қутақтай қарауылдары өздерінше қабылдаған. Олардың да өз өлшемдері бар.

   Аққыздың да өз өлшемі бар!

   Ол өзінше сағынған!

    Қыз күнін!

    Оның шертпесі – Қызқосбасар болатын!

    Оның қосбасары – Қызқосбасар болатын!

     Бәрі де оралады!

    Туған жерің өз аяғынан келе алмайды. Алайда өзің бара аласың ғой. Бауырың келмесе өзің бар. Ал қыз күнің орала алмайды!

    Қыз күнің оралмайды!

   Оң жақтағы қыздың жайы белгілі.

   Оның ішінде күйші болар ма?!

   Бүкіл ауыл оның қорғанышы. Бүкіл ауыл оның тілеулесі.

Расында да солай еді!

Мүгілсім десе Мүгілсім.

Атына заты сай болды.

   Кимешегі қандай ақ болса оның болмысы солай ақ еді. Жүрген жүрісінде, киген киімінде, ішкен жемінде «әйкәпір» атанбады. Ол ақ еді!

Ол ақ қыз еді!

Ол – Аққыз еді!

Сол ақтық оның есіміне жамалды. Оң жақта отырып Аққыз атанды.

Тұрмысқа Аққыз болып ұзатылды!

Тұрмысында да Аққыз атанды!

Тұрмыстан қалғанда да Аққыз атынан ажырамады!

   Барған жері текті жер болатын. Атақты Тобықты Қараменде бидің Серігінің Көпбайы еді. Отбасылық шуақты күндері ұзаққа бармады. Төтеннен келген ажал қосағын көкке алып ұшты. Сол қосағы берген кеңшілікпен шерін тарқатты. Домбыраның екі шегіне емінді.

   Сонан дүние дөңгелеп берсін. Иығына жамау түсірмегенімен қартоны көнетез тартқан. Ұлы мен қызын Моншақбай көкесіне тапсырып, Шаң атасының кең қолтық Иген деген азаматының етегінен ұстаған. Үлкендердің батасын алмап еді, талайына қарсы келді. Барған жерінде сырқат жамай берді.

Сөйтіп жүріп те дүниеге екі түсті балпанақтай сәби әкелген. Қосағы солардың қызығын көре алмай кетті.

Ендігі дүниені тәрк еткен.

Содан бастап қутақтай айнымас серігіне айналды.

Дүние теріс айналсын. Жаратушының сынағына ілінді.

Жаратқан бәрінен айырды. Ұйқыдан, күлкіден.

   Сол шемені күй болып шанақтан төгілді. Біреу мақтады, біреу даттады. Дабырасы көп еді. Домбырашы деді. Күйші деді. Дәулескер деді.

Бұл қосбасаршы еді!..

Кімге ежіктеп отырсын. Бұл қосбасар деп?!

    Қызқосбасар еді!

   Алғашқы екі жетімегіне тағы екі жетімек жамап төркін жұртына оралды. Қызқосбасарымен. Ішкі әлемі әлемтапырақ еді. Қыздың қайтып келгені хош көрінбеген заман ғой. О, құдірет, мұның қыз ғұмыры туған топырағында қалған екен ғой. Ешкім де оған тура да, сырттай да қар деп қыжыртпады.

     Уақыт тоқтап қалған сынды. Қыз ғұмырында. Үлкені де, кішісі де Аққыз деп үзіліп тұр…

     Бәрі оралды!

   Оралмағаны – қыз ғұмыры!

    Бұл ешқандай да сағыныш емес еді!

    Бұл ешқандай да «Сағыныш» емес еді!

    Бұл «Қызқосбасар» еді…

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button