Қызғалдақ құлпырған шақ
Қарағандылық әйелдер қауымы үшін Арқа өңірінің тартуы мол. Көктем табиғатымен жымдасқан жылылықты, шексіз мейірімділікті төгіп келген 8 наурыз – әйелдердің халықаралық күніне орай Қарағандының ірі жылыжай кешенінде 240 мың 750 қызғалдақ өсіріліп, сатылымға шығарылды.
Гүл өсіруші «Green Technology» ЖШС бас агрономы Галина Кизилованың айтуынша көктемді, көңіл-күйді білдіретін нәзік әрі әдемі қызғалдақтың 12 сұрыбы отырғызылыпты. Оның ішінде нәзік жандыларға ерекше қуаныш сыйлайтын, триумф-қызғалдақтар, лалатүстес қызғалдақтар, шашақты, жасыл түсті, дарвиндік, гибрид және өзге де қызғалдақ түрлері өсірілген. Жуашықтарды Голландиядан алдырған екен. Мереке қарсаңында хош иісті әсем гүлдер қауыз ашып үлгеріпті. Аталмыш жылыжай былтырғы жылы 220 мың қызғалдақ өсірсе, биыл гүлдердің санын 240 мың 750 данаға дейін жеткізген. Бүгінгі күнде гүл сататын дүңгіршек иелері барлық қызғалдақ гүлдерін сатып алған көрінеді.
Нұрдос КӘРІМ