Бас тақырыпРуханият

ЮНЕСКО деңгейіндегі өнер байқауына өтінім қабылдау басталады

Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы 20 наурызда «THE PLANET OF ART – 2025» халықаралық жастар фестивалінің музыкалық циклінің ресми басталғанын жариялаған болатын. Жоба БҰҰ Бас Ассамблеясының «Болашақ үшін Пактіні» ілгерілету, сондай-ақ Абай Құнанбаев, Нұрғиса Тілендиев, Антуан де Сент-Экзюпери, Майя Плисецкая сынды тұлғалардың мерейтойларын атап өту аясында жүзеге асырылады.

Сурет ұйымдастырушылардан

Фестиваль 12-18 жас аралығындағы талантты жастарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау және өнер арқылы бейбітшілік пен достықты нығайту мақсатында ұйымдастырылуда. Жобаға ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтары бар елдерден қатысушылар шақырылады. Вокалдық, аспаптық және хореографиялық бағыттар бойынша бақ сынайтын жастар екі кезеңдік іріктеуден өтеді: онлайн және офлайн тыңдау форматында. Кейін үздіктер ақтық сынға жолдама алады.

Фестивальдің финалдық кезеңі Қазақстанда өтеді. Мұнда қатысушылар еліміздің жетекші педагогтары мен өнер қайраткерлерінен шеберлік сабақтарын алып, арнайы білім беру және мәдени бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – жастарға тек өз талантын шыңдау ғана емес, сонымен қатар ұлттық және әлемдік мәдениетті тереңірек түсініп, өз елінің мәдени елшісі ретінде әлем сахнасына шығуға берілетін бірегей мүмкіндік.

Фестивальдің шарықтау шегі – Алматы қаласында өтетін үлкен Гала-концерт. Бұл концерт симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен театрландырылған музыкалық бағдарлама ретінде ұйымдастырылып, отандық және әлемдік классикалық музыка туындыларын біріктіреді. Мұндай формат – фестивальдің көрнекті ерекшеліктерінің бірі болып табылады.

THE PLANET OF ART – 2025 жобасы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия және Алматыдағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің қолдауымен өткізіледі. Сондай-ақ облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері мен басқа да серіктес ұйымдар белсенді атсалысуда.

Фестивальге қатысу үшін өтінімдер 2025 жылдың 11 мамырына дейін қабылданады. Бұл – шығармашылығын паш етіп, әлемдік деңгейде өнер көрсетуге ұмтылатын жастар үшін үлкен мүмкіндік. THE PLANET OF ART – 2025 – бұл өнер арқылы бірігудің, мәдениет арқылы үнқатысудың және болашаққа жаңа көзқараспен қараудың жарқын үлгісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button