Жаңалықтар

Қытай тәжірибесі Қарағандыда

Техникалық және кә­сіптік білім беру жүйесін реформалау ел Президентінің ерекше назарында. Сол ар­қылы елдегі жұмысшы мамандығының тапшылығы мәселесін шешу – ең әуелгі міндет. Осы орайда, өндірісті өңір Қарағанды білікті жұмысшылар дайындайтын ұс­таханаға айналу керектігі айқын дүние. Облыстағы бір­қатар колледж соның қам-қарекетіне кірісті. Жа­қында өңірдің колледж бас­шылары технологиясы қа­рыштаған Қытай еліне ба­рып, тәжірибесін олардың зерделеп қайтты.

Жыл басында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жетекші колледждердің басшыларымен кездесу өткізіп, онда жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеріп, кадр даярлаудың сапасын арттыруды талқылаған болатын. Сонда әкім колледж басшыларына Жол картасын әзірлеуді тапсырған еді. Қытай елінің жұмыс тәжірибесімен танысып қайтқан бұл сапар – соның алғашқы қадамы.

Сонымен, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск колледждерінің басшылары кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы тәжірибені зерделеу мақсатында алғашқы сапарды Қытайдан бастады. Облыстан барған делегация олжалы оралды. Қарағанды өңірінің 12 колледжі мен қытайлық білім беру мекемелері арасында 17 ынтымақтастық келісімге қол қойылды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова «мұндай ортақ келісім отандық кәсіби білім беруді дамыту мен халықаралық тәжірибесі бар білікті мамандарды даярлауға зор мүмкіндік ашады» дейді.
Облыстық делегация Шанхайда бірнеше білім беру тағылымдамасынан өтті. Барлық кездесу «Қытайдағы кәсіптік-техникалық білім беру» тақырыбы аясында өрбіді.

Бағдарлама негізінде Қытайдың жетекші білім беру мекемелеріне, яғни, Шанхай баспа ісі және полиграфия, қала құрылысы, ғылым және технология, электроника және информатика, Наньху кәсіптік-техникалық колледжіне барып, білім беру деңгейімен танысып, тәжірибе жинақтады.

Өңіріміздің колледж басшылары оқытудың озық әдістемелерін зерделеп, заманауи зертханалар мен оқу корпустарын аралады. Сонымен қатар, студенттер қажетті жабдықтармен тәжірибесін жетілдіретін өндірістік базалар мен шеберханаларымен танысты.

Делегация Қытайдағы WorldSkills-2026 әлем чемпионатына дайындық алаңдарында да болды. Сондай-ақ, елден барған білім басшыларына арнап, бірнеше дөңгелек үстел ұйымдастырыпты. Онда техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жан-жақты қарастырылды.

– Бұл ынтымақтастық біздің колледж үшін өте маңызды. Әсіресе, типография және баспа өндірісі саласындағы заманауи білім беру стандарттары мен технологияларын енгізу мәселесі бізді қатты қызықтырды. Біршама тәжірибе жинадық. Енді, келісім негізінде колледжбен жұмыс жанданады, – дейді делегация құрамындағы Қарағанды тамақтану және сервис колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Диляра Апсалямова.

Қазақстандық делегация Шанхай білім беру комитетінің және Қазақстанның Шанхайдағы бас елшілігінің өкілдерімен кездесті. Екі тарапта серіктестікті нығайтып, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге уағдаласты.

Жақын арада Қарағанды өңі­рінде кәсіптік білім беруді дамытудағы маңызды қадам болатын бірлескен жаңа бастаманы іске асырады.

Бұдан бөлек, өңіріміздегі колледждерді кластерлеу жұмысы да жүйелі жүріп жатыр. Сұранысқа ие мамандықтарды даярлау үшін білім мен өндіріс арасындағы байланыс біршама нығайтылды.

– Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Біз үшін бұл – өте маңызды. Индустриалды өңірімізде жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары құрылып жатыр. Жұмысшылар жетіспейді. Жергілікті мектеп түлектерін оқыту ғана емес, алдымызда колледждерге басқа облыстардан оқуға келушілердің санын арттыру міндеті тұр. Бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Егер, біз тірек колледждерді таңдасақ, оларды толық жарақтандыру керек. Содан кейін оқытудың сапасы мен жұмысқа орналастыруды талап ету қажет, – дейді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Облыста 52 колледж 126 мамандық бойынша жұмысшы кадрлар даярлайды екен. Мамандарды бiрлесiп даярлауға 300-ден астам орта және iрi кәсiпорын атсалысып отыр.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер облыс әкімінің сайтынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button