Президент Абай мерейтойы туралы: “Ысырапшылдық керек емес”
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар қандай бағытта өтуі керектігін түсіндірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қажеті болса бөлінген қаржыны қысқарту керек. Ысырапшылдыққа жол бермеу қажет, той деген тойлау үшін емес, бәрімізге толғау үшін керек. Сондықтан, бұл шараларда ұқыптылық болуы керек, яғни, шектен тыс концерттерді ұйымдастырудың қажеті жоқ. Шетелдік әртістерді тарту қажет емес. Яғни, демеушілік қаржы бөлінгеннің өзінде, ысырапшылдық керек емес. Менің ойымша, осы шараларды іскерлік тұрғыда өткізуге болады. Сіз әкімдердің арасында ең тәжірибелі адамсыз. Осы орайда, Абайдың 175 жылдығын атап өту аясында ұйымдастырылатын барлық шараларды мұқият пысықтап шығыңыздар», – деді Президент Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке жиын барысында.
Мемлекет басшысы аталған шараларға ағартушылық бастауды енгізуді тапсырды.