Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қажет
2026 жыл Қазақстан тарихына Конституциялық реформа атауымен енгелі тұр. Оның тиімді-тиімсіздігін алдағы уақыт-төре көрсетеді. Оған мына сан мыңжылдық тарихы бар қарға тамырлы қазақтың ұрпағы куә болары және хақ. Ал қазіргі біздің қоғамнан, елден уақыттың табандап сұрап отырғаны – басқа. Жаңбыр жаумай жатып, су болмау. Жаңалықты жатсынбай, оған үрке қарамай, көлеңкеден шошымай, байыбына барып, бағдармен әрекет ету. Әрине, жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап дейтін кеп те кездеспейді емес, кездесер. Әйтсе де, Конституция Құран сөзі емес. Халық қаласа, өзгеріске, толықтыруға түсіп тұратын құжат. Осыған дейін 1995 жылғы Ата Заңға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгенін бұқара білуі тиіс. Десек те, бүгінгі кезеңде тұрақтылық туы астында сабыр мен салиқалылықты дос етіп, ел келешегі үшін шешім қабылдау міндет. Баланың бесікте беймезгіл жыламауы, ұлдың бес қаруды асынып, суыт жүрмеуі, ақ сүт берген ананың аңырап қалмауы осындай саяси реформаларда қылаң береді. Бір Мәскеудің тұрғынындай халқы ғана бар мемлекеттің тағдыры геосаяси ахуал тұрақсыз бұл күні біреулер үшін бұйым еместігін есте мықтап ұстаған абзал-ды. Жауынгер халық екеніміз, қанымыз қайнап, тасып тұратынына дау жоқ. Алайда, мұндай істе Абай хакім айтқан «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қажет. Турасында, бұқараға бүгінде осы керек.

Сонымен, жаңа Конституция жобасы не дейді? Әуелгі сөзі оның «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Бұл – мемлекеттің халқына берген ақ адал анты. «Біз, біртұтас Қазақстан халқы», деп басталатын Ата Заңдағы жолдар ұланғайыр далаға иелік еткен біздің ұлт үшін тұтастықтың қаншалықты мән-маңызды екенін ескертетінін есті адам ойланса керек-ті. Азаматтардың ойы еркін қазір. Сондықтан да, тілі де еркін. Сол себепті, пікір де сан алуан. Дегенмен, Конституцияны жаңарту бір күнде, я бір мезетте ойға келген іс емес. Бұл реформаға мемлекеттің ұзақ дайындық, әзірлік, зерттеп-зерделеу арқылы барғаны мәлім. Оған не үшін барғаны да аз айтылып жатқан жоқ.
БАҚ-тан естіп, көріп келеміз. Осы уақыт аралығында Конституциялық комиссия құрамында 130-дан астам маман жұмыс істеді. 12 ресми отырыс өткізілді. Алғашқы редакция талқылауға ұсынылғаннан кейін бір аптада мыңдаған ұсыныс түсті. Комиссия 10 мыңнан астам азаматтық пікірді қарастырды.
Жаңа Конституция жобасы қағидаттарының өзегінде бір ғана шындықты аңғара білу шарт: мемлекет халық үшін. Халық – биліктің бастауы. Бұл – мемлекеттің бағытын анықтайтын нақты ұстаным. Заң мен сот алдында бәрінің теңдігі, әділетті қоғамның келбеті болса керек. Ешкімнің тегіне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына қарап кемсітпеуді өркениетке бет алған ел өлшем ретінде ұстанады. Өмір сүру құқығының ажырамас құқық ретінде танылуы да бұл мемлекеттің ең басты гуманистік қадамы екені мәлім. Өлім жазасына тыйым салса, қатыгездіктен саналы түрде бас тартса, мемлекеттің күш арқылы емес, әділет арқылы өмір сүргісі келетінінің белгісі емей немене?
Сөз еркіндігіне кепілдік те қоғамның үнсіз емес екенін білдіреді. Халықтың ойын айтуға құқығы барлығын көрсетеді. Себебі үнсіз қоғам әлсіз, әлжуазға айналады. Ойы еркін қоғам ғана тірі.
Әсілінде, Конституцияны «заңдардың атасы» деп әспеттейміз. Дегенмен, оның шынайы құндылығы адамның күнделікті өмірінде көрініс табуы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Жеке басыңызға қол сұғылмаса, еңбегіңіз әділ бағаланса, балаңыз білім алса, денсаулығыңыз қорғалса, даусыңыз естілсе, міне, Конституция сол кезде ғана құнды құжат. Сондықтан да, Ата Заң жобасында Қазақстан азаматтарының негізгі әлеуметтік-саяси құқықтары мен міндеттері айқын жазылған.
Мемлекеттің ең жоғарғы басқару институты Президентке қатысты тәртіпті бекітіп отыр. Бұл баптарды бір-бірінен бөлек қарау мүмкін емес. Құқық кепілдікпен, билік жауапкершілікпен ғана мәнді. Меншік құқығы да көрініс тапты. Азаматтың заңды мүлкіне жеке меншік иесі, меншік пен мұрагерлікке Конституция кепіл. Ең маңызды тұсы – «сот шешімінсіз ешкімді мүлкінен айыруға болмайды» деген қағида. Бұл қағида азаматтың ертеңіне деген сенімін бекемдей түсуі тиіс. Кәсіпкерлік еркіндігі туралы тармақ экономиканың тынысын ашуы керек. «Монополия реттеледі немесе шектеледі, жосықсыз бәсекеге тыйым салынады» деп атап көрсетілуі нарықта әділдіктің салтанат құруына конституциялық ескерту екені анық. Өйткені әділет тек сотта емес, саудада да, нарықта да керек.
Отбасы, әлеуметтік мемлекет қағидасы, халықтың дауысы, Президент билігінің тәртібі, Құрылтай, Үкімет, Конституциялық сот, сот жүйесі, жергілікті басқару ежіктелген Конституция жобасын сарапшылар уақыт талап еткен құжат деп бағалайды. Ондағы әр бап мемлекет пен оның құндылығы – халық үшін зор мән иеленуі тиіс. Бүгін басқаша көрінген қағидаттар ертеңгі күні өзінің ақиқаттығын ақтар деген сенім түпсанадан бой көрсетеді.
Негізі, меемлекет үшін ең қауіпті сәт соғыс та емес, дағдарыс та емес. Ең қауіптісі – билік бос қалған сәт. Тарих көрсеткендей, билік вакуумы тұрақсыздыққа, қақтығысқа, күйреуге бастайды. Осы орайда нағыз мықты мемлекет билік қалай басталатынын ғана емес, билік қалай ауысатынын да нақтылайды. Қазақстан Конституциясындағы нормалар дәл осы ең қауіпті сценарийдің алдын алуды көздесе керек.
Егер Президент қандай да бір себеппен қызметінен кетсе, Конституция нақты алгоритм береді. Бірінші кезекте – Вице-Президент. Ол мүмкін болмаса, Құрылтай Төрағасы. Одан соң – Премьер-Министр. Бұл – қауіпсізідк архитектурасы. Яғни мемлекет бір адамның төңірегінде емес, институттардың жүйесі арқылы өмір сүретінін көрсетеді. Ең маңызды өкілеттікті уақытша қабылдаған тұлға Конституцияны өзгертіп, Құрылтайды тарата алмайды. Саяси тұрақтылықтың ең басты кепілі осында. Өтпелі кезеңде ешкім «жаңа ереже» жазып, билік балансын өз пайдасына шешуге рұқсат жоқ.
Тереңірек үңілсек, ақиқатында, Конституция шексіз билікті шектеудегі басты құжат екен. Ол шексіз биліктің бишігін ұстататын құжат емес әсте. Әр билік тармағына оның шекарасын айқындап, шектеу қояды. Сол шекараларды шегендейтін де де Ата Заң. Тар шеңберде емес, кең шеңберде ойлайтын кезеңге өту үшін де мұндай өзгерістер қажеттігін уақыттың өзі де, кәрі тарих та көрсеткен, көрсетіп те келеді.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ
“Ortalyq Qazaqstan”


