Қыста қалтырамас үшін
«Караганда Энергоцентр» ЖШС – облыстағы жылу мен электр энергиясының негізгі өндірушісі. Кәсіпорын қызметі Қарағанды қаласын уақытылы әрі үздіксіз жылумен, электр энергиясымен жабдықтауды мұрат етеді. Кәсіпорын құрылымында қос жылу электр орталығы бар. Олар – бірінші және үшінші жылу электр орталығы. Екеуінде 16 қазандық пен 10 турбина орнатылған. Кәсіпорында 1 301 адам еңбек етеді. Бұл деректерге біз Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Караганда Энергоцентрмен» бірлесіп өткізген экскурсия кезінде қанық болдық…
«Компания объектілерін қайта жаңартып-жаңғыртуға, инвестициялық бағдарламаларды іске асырудағы тиімділік қаншалықты пайдалы?» деген бір сауал құзырлы мекемелер басшылары мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен журналистерден құралған арнайы делегацияны алға бастады. Тараптардың көздегені бір. Ашықтық.
– Жұмыс кесте бойынша жалғасуда. Биылғы жөндеу бағдарламасының жалпы құны – 13 млрд. теңге шамасында. Сәл ертерек біз Үкіметке де жұмыс қорытындысы бойынша есеп берген болатынбыз, – деді компания бас директорының міндетін атқарушы Мұхтар Сүлейменов. – Үшінші жылу электр орталығында үрлемелі желдеткіштердің негізгі тораптары мен екі қазандық агрегатындағы шаң-көмір қыздырғыштары ауыстырылады, – деп нақтылады ол. – №3 күл үйіндісі секциясының құрылысы, үшінші жылу шығару құрылысының жобасын іске асыру шеңберінде технологиялық құбырларды реконструкциялау, турбинаның жоғары қысымды цилиндрлерінің бу өткізгіш құбырларындағы бұрмаларды ауыстыру жүргізілуде.
«Караганда Энергоцентр» табиғи монополия субъектісі екендігін естен шығармаған маңызды. Қазіргі қолданыстағы тарифі 1 Гкал үшін 3 050,51 теңгені құрайды. Бүгінде энергетиктер №5 қазандық агрегаты мен №6 қазандық агрегатына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Көңіл бұрып, ұққысы келгендердің барлығына компания өкілдері ЖЭО-1 және ЖЭО-3 жабдықтарын дайындау бойынша жөндеу бағдарламасы жарты жылға есептелгенін мәлімдеді. Оған нақтылағанда 13 млрд. 698 млн. теңге жұмсалады.
– Оның 6 млрд. 91 млн. теңгесі қазандықтар мен турбиналарды, сондай-ақ қосымша жабдықтарды, Қарағанды ЖЭО-3 ғимараттары мен құрылыстарын күрделі жөндеуге қарастырылған, – деді Мұхтар Сапарғалиұлы. – Қарағанды ЖЭО-3 үшін №3 күл үйіндісінің 1-ші секциясын салуға және Қарағанды ЖЭО-1 күл үйіндісін құрғақ күл жинау әдісімен реконструкциялауға да сол сомаға жетеқабыл қаражат дерлік бағытталды. Қарағанды ЖЭО-1 қазандықтарын, турбиналарын, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды күрделі жөндеуге шамамен 926 млн. теңге қарастырылған. Екі станцияда күрделі, кеңейтілген-ағымдағы және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоғарыда жиі қайталанған екі жылу орталығы да маңызды аймақ. Онда қаланың орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне жеткізілетін жылу энергиясының 83% өндіріледі. Жылу энергиясын өндіру бойынша инвестициялық бағдарламаны орындау шеңберінде 2023 жылы ЖЭО-1-де жылыту және экологиялық жабдықтардың жұмысын жақсартатын шаралар іске асады.
– Жылыту маусымына дайындық негізгі жабдықтарды жөндеумен ғана шектелмек емес. Түтін құбырларын, электр қозғалтқыштарын, сорғы жабдықтарын, тепловоздар мен бульдозерлерді оңдау және бағыттамалық бұрмаларды ауыстыру жүргізілуде, – деді техникалық директор. – Жөндеу жұмыстарының жалпы көлемінің 75% құрайды. Станцияларда жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
Инвестициялық бағдарлама бойынша 2023 жылы өткізілген шаралардың жалпы құны 1 213 618 мың теңгені құрайды. Жергілікті маңызы бар ЖЭО-1 станциясында қазандық агрегатын күрделі жөндеу, екі қазандықты ағымдағы жөндеу, сондай-ақ су жылытатын қазандық агрегатын ағымдағы жөндеу аяқталды. ЖЭО-1-дегі төрт турбинада күрделі, кеңейтілген-ағымдағы және ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Станцияларға жанар-жағармай жеткізілуде және қазіргі уақытта отынның нормативті қоры қамтамасыз етілуде, ол барлық жылыту кезеңінде сақталады.
– Инвестициялық міндеттемелерді орындау бойынша бізді өңірдегі департамент өкілдері үнемі бақылап отырады. Күнделікті жұмыс көз алдында болған соң сұрақ туындамайды, – деді ол. – Жылыту маусымының басында 100% дайын болу үшін біз барлық белгіленген көлемдерді уақытында орындауымыз керек.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»