АймақҚарағанды

Қарағандыда жыл соңына дейін 47 қазандық пен 29 турбина жөнделуі тиіс

Қарағанды облысы қыстың қатал мінезіне биыл да тас-түйін дайын. 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыс­тары аймақта жүйелі түрде жүргізіліп, бүгінде негізгі жұмыстардың дені аяқталуға жақын. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жауапты кезең.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жөндеу мен жаңарту қатар жүруде

Облыстың аталған мәселеге жауапты құрылымдары энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен төтенше жағдайлар департаменті жұмысты әр қырынан үйлестіріп келеді. Бірі – жылу мен инфрақұрылымға, екіншісі – қауіпсіздік пен адам өміріне жауапты.

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда жылыту маусымына дайындық 95 пайыз деңгейіне жеткен.

– Біз бұл маусымға ерте қамдандық. Облыс аумағындағы барлық нысандарды уақытылы дайындау – басты басымдықтардың бірі. Қазіргі кезде 585 жергілікті жылу көзі, 1 400 шақырымнан астам инженерлік желі, 1 083 әлеуметтік маңызы бар нысан және 5 670 көпқабатты тұрғын үй жылу беруге дайын, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Аймақтағы 7 ірі энергия көзінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жылдық жоспар бойынша 47 қазандық пен 29 турбина жөнделуі тиіс болса, оның 24 қазандығы, 16 турбинасы бүгінде толықтай жаңартылған. Қалған 13 қазандық, 6 турбинада жұмыстар жалғасып жатыр.

Жылыту маусымындағы ең маңызды мәселе – отын тапшылығына жол бермеу. Бұл бағытта да жұмыстар уақытылы жүргізілген. Атап айтсақ, 1 миллион 468 мың тонна көмір мен 11,3 мың тонна мазут энергия стансаларының қоймаларында сақтаулы. Сонымен қатар, коммуналдық және халықтық қажеттілікке деп жалпы 851,1 мың тонна көмір да­йындалған, оның ішінде, 330,4 мың тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға, 520,7 мың тоннасы жеке тұрғындар үшін жеткізілген.

«Біз жөндеумен ғана шектелмей, жаңа инфрақұрылым салуға да басымдық беріп отырмыз. Биыл Абай және Осакаров аудандарында үш жаңа модульдік қазандықты іске қосу көзделген. Бұл – алдағы жылдары жүйенің тұрақтылығын арттырып, тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтуға мүмкіндік береді», – деп нақтылады Тілектес Досаев.

Өрт қаперсіздікті көтермейді

Жылыту маусымы басталған сәтте өрт қауіпсіздігі де басты назарға алынуы тиіс. Өткен маусымда тіркелген жағдайлар бұл мәселеге үстірт қарауға болмайтынын көрсетті.

Қарағанды облысы ТЖД Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрлан Жақыпбаев бұл бағыттағы жағдайды түсіндіріп өтті.

– 2024-2025 жылғы жылыту маусымында 314 өрт оқиғасы тіркеліп, 16 адам қайтыс болды. Тағы 14 тұрғын түрлі дәрежеде жарақат алды. Өрттің басым бөлігі әлеуметтік осал топтар тұратын үйлерде орын алды. Осыған байланыс­ты алдын алу жұмыстары биыл бұрын-соңды болмаған қарқынмен басталды, – дейді Нұрлан Жақыпбаев.

Биыл 5151 үй арнайы есепке алынып, олармен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 15 тамыздан ТЖ департаменті мен жергілікті әкімдіктер үй-үйді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру және өрт хабарлағыш құрылғыларын орнату жұмыстарын бастап кетті.

Басқарма басшысының ай­туынша, былтыр 4059 үй қамтылып, олардың барлығына өрт хабарлағыштар орнатылған. 2018 жылдан бері облыс бойынша 8273 хабарлағыш орнатылса, бұл құрылғылар талай отбасын дер кезінде құтқаруға көмектескенін атап өткен жөн.

Облыс әкімінің тапсырмасымен биылғы жылыту маусымына орай екі кезеңді профилактикалық жоспар бекітілген. Бірінші кезеңде әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар тұратын үйлерде түсіндіру мен тексеру жұмыстары жүргізілсе, екінші кезеңде пешпен жылытылатын барлық үйлерде қауіпсіздік шаралары бойынша үй аралау, үнпарақ тарату, түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.

Қарапайым ереже аман сақтайды

Төтенше жағдайлардың басым көпшілігі қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеуден туындайды. Осыған байланысты ТЖ департаменті тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Атап айтсақ, пештер мен газ құрылғыларын тек жарамды күйде пайдалану, мұржаларды әр тоқсан сайын тазалап отыру, пешті шамадан тыс қыздырмау, пеш жанында киім, зат кептірмеу, балаларға от жағуға, газ құрылғыларын пайдалануға тыйым салу және пешті қараусыз қалдырмау.

Газ қауіпсіздігі де ерекше назарда. Подполковник Нұржан Жақыпбаев бұл туралы айрықша атап айтты.

– Тұрғындар екі қабаттан жоғары үйлерде газ баллондарын сақтамауы керек. Олар балконда, лоджияда, жылу көздерінің жанында болмауы тиіс. Газ құрылғыларын өз бетінше орнатуға, жөндеуге немесе ауыстыруға қатаң тыйым салынады, – деп толықтыр­ды сөзін.

Облыстағы сала мамандары мен жауапты құзіретті органдар биылғы жылыту маусымына тек техникалық емес, кешенді көзқараста. Жөнделген қазандықтар мен турбиналар, жеткізілген көмір мен мазут, іске қосылуға дайын жаңа нысандар – жылу тұрақтылығының кепілі.

Ал, екінші жағынан, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – адами фактордың маңызды тетігі. Бұл тұрғыда тұрғындардың жеке жауапкершілігі, салғырттыққа жол бермеуі – атқарылған жұмыстың тиімділігін анықтайды.

Қысты қиналмай қарсы алуға толық дайынбыз десек те, әр тұрғын өз үйінің, отбасының қауіпсіздігіне өзінің де жауапты екенін ұмытпауы тиіс.

Демек, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – адам өмірін сақтаудың жолы. Әр үйде, әр отбасында қауіпсіздік бірінші орында тұруы қажет.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button