Қысқы спортты дамытуға не кедергі?
Сонау жылдары алып империя атанған Кеңес үкіметі дәуірлеп тұрған тұста, Қарқаралы тауының бөктері қысқы спорттың думанды ордасына айналған еді. Ақ ұлпа жамылған қыраттарда кеңес дәуірінің спортшылары шаңғы теуіп, дайындығын дәл осы жерде пысықтайтын. Сол кезеңде Қарқаралының қысқы спортының даңқы алысқа тарап, одақ көлемінде айрықша аталатын еді.
Алайда, тарих бір орында тұрмайды. Кеңес үкіметі ыдыраған соң, сол кезеңнің жарқын дәуірі келмеске кетті. Қарқаралыдағы қысқы спорттың бұрынғы қарқыны бәсеңдеп, шаңғы жолдары қарға көмілді. Сол дәуірдің дүбірін бүгінгі ұрпақ естісе, сенер ме екен?
Бүгінде Қарқаралы спортын қайта түлету мәселесі күн тәртібіне шыққаны рас. Қысқы спортты жандандыруға деген ниет те, талпыныс та бар. Алайда, игі бастамалардың жолындағы үлкен бір мәселе – инфрақұрылымның жоқтығы, маманның тапшылығы кедергі болып тұр.

Басты мәселе – инфрақұрылымның жоқтығы
Қарқаралы ауданында жалпы саны 30 мыңға жуық халық бар десек, оның 12 мыңға жуығы спортпен айналысады екен. Бұл шамамен 41 пайыздық көрсеткішті құрайды. Бұның ішінде қысқы спорт түрлерін серік еткендер де бар. Енді Туризм және спорт министрлігі бекіткен дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында бұқаралық спортпен айналысатындар үлесін 50 пайыздан асыру көзделген.
Аудан орталығында жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Алайда, бұл білім ошағы тікелей облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайды. Бүгінде осы спорт мектебінің қабырғасында қысқы спорт түрлерінің ішінен тек шаңғы спорты ғана жүйелі жұмыс істеп тұр.
– Қарқаралыда үйірме жұмыс істеп тұрғанымен, арнайы шаңғы базасы жоқ. Ауылдық мектептерде білім бөлімі арқылы шаңғы үйірмесі ашылып, дене шынықтыру мұғалімдері жаттығу өткізуде. Шаңғылар алынған. Дайындық жұмыстары мектеп ауласында ұйымдастырылып жүр. Бізге аудан орталығына шаңғы базасы керек-ақ. Осы бағыттағы жобаны тиісті органдарға жолдадық. Біз мұндай жобаларды өз деңгейімізде қаржыландыра алмаймыз. Оған бюджетіміз жетпейді. Сонымен қатар, «кәсібімді дамытамын», «қысқы спортқа үлес қосамын» деген қызығушылық танытқан кәсіпкерлер де болмай тұр, – деді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ербол Иксанов.

Қарқаралы өңірінде қысқы спорттың қайта жандануына түрткі болған жандардың бірі – осы өлкенің тумасы Думан Бейсенаев. Ол 2017 жылы жеке кәсіпкер ретінде аудан орталығында шағын шаңғы базасын ашып, өз кәсібін дөңгелете бастаған. Базада өзі инструктор болып, балалар мен жасөспірімдерге шаңғы тебуді үйретті. Шаңғы, сноуборд және тюбинг құралдарын жалға беріп, жастарды қысқы спортқа баулыды. 2022 жылы ауданда жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, ол жерде шаңғы үйірмесі құрылды. Осы үйірмеге Думан Бүркітұлы жаттықтырушы болып барған. Содан бері талай шәкірт тәрбиеледі. Алайда, негізгі түйткіл әлі шешілмеген. Басты мәселе – инфрақұрылымның жоқтығы. Думан 2017 жылдан бері жаттығуға арналған жер телімін заңдастыра алмай келетіндігін айтып берді.
– Біз Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркке қарасты аумақта орналасқанбыз. Сондықтан, жергілікті әкімшілік, парк басшылығымен жыл сайын келісімге отырып, 2017 жылдан бері жерді қыс мезгіліне ғана алып отырмын. Енді базаны кеңейтіп салайық десек, әлі жер қарастырылмаған. Биыл «конкурс болады» дейді. Сол конкурсқа қатысып, жер алсақ, шаңғы базамызды кеңейте аламыз. Бұған дейінгі аудан әкімдері Ұлттық табиғи парктің меншігіндегі жерді бере алмайтындықтан, әкімшілікке тиесілі басқа жерлерді ұсынды. Алайда, шаңғы спорты – ойлы-қырлы, жоталы жерді қажет етеді. Спортшыларымыз жоғары көтеріліп те, төмен құлдилап та сырғанауы керек. Сондықтан, ол ұсыныстан бас тарттым, – деді Думан Бейсенаев.
Ұлттық табиғи парк аумағында «Бес кіреберіс» деп аталатын аймақ бар. Дәл қазіргі шаңғы базасы «Бірінші кіреберісте» орналасқан. Кезінде Кеңес үкіметінің спортшылары дәл осы жерде дайындалып, биік нәтижелерге қол жеткізген екен. Ал, «Бесінші кіреберісте» бес шақырымдық трасса бар. Бұл трассаның өзі де сол кеңестік кезеңде спортшыларға арналған жүйелі маршрут ретінде жасалған.
– Кеңес үкіметі құлдырағаннан кейін керемет жаттықтырушылардың бәрі көшіп кетті. Сол кезде жаттықтырушылардың бәрі немістер еді. 90-жылдары әкем Пионерлер үйінде тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болды. Сол жылдары тоқырау орнап, Пионерлер үйі жабылғанда құрал-жабдықтың бәрі таратылып кетеді. Сол кезде әкем маған бір шаңғы әкеліп берген. Сол шаңғымен дайындалып, үйрендік. Кейін ол шаңғы сынып, бізге арман болып қалды. Араға біраз уақыт салып, әскерден келген соң шаңғы спортын қайта қолға алып, осы спорт түрін жандандыруды мақсат тұттым, – деді ол.

Шаңғы трассаларын тазалайтын арнайы техника жоқ. Оның орнына көліктің дөңгелектерін бір-біріне байлап, моторлы қар шанасымен (снегоход) тартып жол ашып отыр. Дегенмен, тазаланған жолдар стандартқа мүлдем сай емес. Өйткені, кәсіби трасса – түп-түзу болуы қажет. Одан бөлек, бірнеше жылдар пайдаланылмаған жерлерде ағаштар өсіп, трассаны тарылта бастаған. Бұл да спортшылар үшін кедергі. Алдағы уақытта парк басшылығымен келісіп, бөгет болып тұрған кәрі ағаштарды алып тастауды жоспарлап отыр. Бірақ, бұған да келісім алу қажет екен.
Мүмкіндік бар, қолдау жоқ
Бүгінде Қарқаралыда қысқы спортты дамыту мақсатында түрлі турнирлер ұйымдастырылуда. Оларды өткізуге аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен жасөспірімдер спорт мектебі қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар, қажетті құрал-жабдықтар мен трассаны тазалауға арналған моторлы қар шанасы да осы қос мекеменің бюджетіне алынған.
– 2024 жылы спорт мектебі бізге бағасы 3,5 млн теңге тұратын алты шаңғы алып берді. 2025 жылы жаңартпадық. Көбінесе жарыстарға қатысып, шәкірттерімнің шеберлігін шыңдадым. Ал, биыл қар мотоцикліне тіркелетін қар тегістегіш құралды алып береміз деп отыр. Тағы бір мәселе, кешкілік уақытта жаттығу жасайық десек, қараңғы түсіп кетеді. Сол уақытта жаттығу жасау қиынға түседі. Орман іші қараңғы. Енді өзіміз дайындалатын 1,5-2 шақырымдық жерге жарық орнатсақ па деп отырмыз. Бірақ, әзірге бұл да мүмкін болмай тұр, – деді Думан Бүркітұлы.
Думан Бейсенаев өзінің шаңғы базасын кеңейтуге арналған жобасының бар екенін де атап өтті. Жобаның жалпы құны – 50 млн теңгені құрайды екен. Оған екі трассаны реконструкциялау жұмысы да кіретін көрінеді. Алайда, үлкен база ашуға қос мекеменің бюджеті жетпейді. Сондықтан, жоба иесі аудан әкімдігі мен облыстық спорт басқармасына өтініш жолдаған. Әзірге бұдан да ешқандай жауап жоқ.
– Қысқы спортты кәсіпқой деңгейге көтеру үшін бұқаралық спортты дамытуымыз қажет. Ал, ол үшін үлкен база керек. Мен база тұрғызу үшін шамалы ғана жер сұрап отырмын. Қазір біз контейнермен отырмыз. Осының өзінде күніне 5 000-ға жуық адам қабылдайды екенбіз. Ал, бізде база болса, мүмкіндіктеріміз де көп болар еді. Сонымен қатар, әр ауылда кішігірім шаңғы базасы болса екен деймін.
Аудан орталығында спорт мектебінің ғимараты бар. Өткен жазда толықтай реконструкция жасалды. Алайда, сол ғимаратта арнайы шаңғышыларға зал жоқ. Шаңғышылар үнемі далада жүре бермейді. Оларға да физикалық тұрғыдан дайындалу қажет. Ал, ол үшін зал қажет, – деді ол.
Қарқаралыда өткен жылдан бастап мұз айдыны іске қосылыпты. Нақты спорт түрлері бойынша жүйелі жоба-жоспар әзірленбеген. Тек, мұз айдынын қонақтар мен туристерге ғана пайдалануға беріп отыр. Себеп не? Себеп – техниканың тапшылығында. Одан қала берді, қажетті инфрақұрылымның да жоқтығы әсер етіп тұр. Енді инфрақұрылымды жолға қою үшін мәселенің бір ұшы тағы да қаржыға келіп тіреледі.

– Хоккейді дамытуды қолға алдық. Ауданымызда ардагерлерден құралған команда бар. Команданы қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз еттік. Алайда, бұл спортқа деген жастардың қызығушылығы аз. Сондықтан, осы спортты дамытып, жастардың қызығушылығын ояту үшін арнайы корт қажет. Қазір қатқан Айманкөл көлінің бетін тегістеп, коньки алаңын аштық. Жастар мен ардагерлер осы жерде сырғанайды. Былтыр жазда аудан әкімшілігіне және тиісті органға корттың қажеттігін айтып өтініш жолдағанбыз. Бұл жобаның өзі қыруар қаржы тұрады. Бұдан да кері байланыс келген жоқ.
Аудан бойынша №1 мектепте ғана хоккей алаңы бар. Оның өзі 2012 жылы ашылған. Сол жылы барлық киім-кешек пен құрал-жабдық алыныпты. Бүгінде олар тозды. Одан бөлек, хоккей жаттықтырушысының тапшылығы және бар. Сол олқылықтардың орнын толтыру үшін жастарды тартып жатырмыз. Алайда, әзірге нәтиже жоқ, – деді Ербол Иксанов.
Айта кетейік, сонау жылдары биатлон федерациясынан да өтініш түскен екен. Тіпті, федерация мамандары арнайы келіп, аймақты көріп шыққан. Алайда, мамандар қажетті алаңның жоқтығын айтып, өз ұсыныстарын кері қайтарған. Одан бөлек, 90-жылдардың соңында «Шахтер» демалыс үйінде аспалы жол салынған. Бүгінде оның өзі жұмыс істемейді. Аталған демалыс орны жекеменшік болғандықтан, биліктегілердің де «былай» деп айтуға тісі батпай тұр.
Шын талант ауылдан шығады
Думан Бейсенаев ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымының жеткіліксіз екенін атап өтті. Ауылдарда шаңғы үйірмелері жоқ. Ал, ауыл жастарының назары қалаға ауған. Осы мәселені шешу мақсатында өзі өткен жылдан бастап «Қарқаралы ауданының кубогы» пилоттық жобасын бастапты. Биылғы турнирді үш кезеңге бөлген. Яғни, бірінші кезеңі Қарқаралыда, екіншісі Қарағаш ауылында өтсе, үшінші кезеңді Томар ауылында ұйымдастырған. Алдағы уақытта жобаны Қасым Аманжолов ауылында өткізу жоспарланып отыр.
– Қарқаралыда қала статусы болғандықтан, жас мамандарды тарту қиынға соғып тұр. Оларға спорт саласы бойынша көтерме және үстеме жәрдемақылар төленбейді. Жастардың ауылға келіп, уақыттарын құр өткізгілері келмейтіндігінің бір себебі де осы. Сонымен қатар, аудандағы дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің басым бөлігі – зейнет жасына таяп қалған жандар. Ал, оларды алмастыратын жастар жоқ, – деді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ербол Иксанов.
Думан Бейсенаев болса өз шәкірттерін ауылда ұстап қала алмай отырғанын жасырмады.
– Менде талпынысы жоғары, шеберлігі шыңдалған қаншама шәкірт болды. Мектеп жылдарында керемет өнер көрсетіп жүрген. Кейін олар мектебін тәмамдап, қалаға оқуға түсті. Сол кеткеннен көбі спорттан қол үзіп қалды. Біз спортшы дайындаймыз. Бірақ, әрі қарай бағыт бойынша оқытатын оқу орындары жоқ. Сол себептен талай талантымыз тасада қалып қойды. Біз бәсекелестікті көтеруіміз қажет. Бәсеке көп болса, жетістік те көп болады. Сонымен қатар, студенттік спортты да қолға алу керек. Сонда ғана спортта даму болады, – деді Думан Бүркітұлы.
Сөз соңы
Айта кетейік, келешекте Бұғылы таулы алқабы аумағында ірі демалыс аймағының жобасы жүзеге асырылмақ. Жобада жаңа аспалы жол да қарастырылған. Былтыр осы аумақта су тарту, кәріз және жарықтандыру жүйелері жүргізілген. Алдағы уақытта ниет білдірген кәсіпкерлерге сол жерден жер телімдері жалға берілмек.
Қарқаралыда қысқы спорт пен туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Әуелі, жоғарыдағы айтылған мәселелерді біржақты ету қажет…
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



