Қысқы отынның жылдағы «жыры»
Қарашаның алғашқы онкүндігінде-ақ Арқада ақтүтек боран соқты. Ауылдағы ағайын шөбін үйіп, қысқы отынын әзірлеп алған. Алайда, бұған үлгермей жатқан да ел-жұрт бар. Әсіресе, көмір тапшылығын ақтоғайлықтар кешегі күнге дейін сезініп келді. Дегенмен, аудан басына көмір жеткізу жұмысында іркіліс азайды. Мұнымен қоса, шалғайдағы ел-жұрттың көмір бағасына көңілі көншімейді.
Арбалап емес, дорбалап тасуға рұқсат
Қарағандыдағы арнайы көмір сату нүктелерінде жеткілікті көлемде қор бар. Бірақ, Ақтоғайдағы көмір сататын екі үлкен базаға енді жеткізіле бастады. Енді ғана жолы жөндеу көргендіктен 30-40 тонналық жүк көліктеріне жүруге рұқсат жоқ. Тіпті, жақында олар 2 млн теңгеге жуық айыппұл арқалаған. Кейіннен ақтоғайлықтарды қысқы отынмен қамтамасыз етіп отырған екі бірдей базаның техникаларына шектеулі мөлшерден асырмай көмір тасуға рұқсат берілген. Дегенмен, «Бұған дейін көмір мүлдем болмады деуге келмейді» дейді аудан әкімінің орынбасары Ардагер Қапашев.
– Қысқы отын Қарағандыдан екі бірдей көмір нүктесіне аз-маздан тасылды. Бұған дейінгі «Аудан мүлдем көмірсіз қалды» деген жаңсақ әңгіме. Аудан басындағы бес кәсіпкер өздерінің жүк көліктерімен тасып, сатты. Бірақ, көмір тапшылығы болғаны рас. Өйткені, екі ірі көмір тасымалдаушы кәсіпкер енді-енді кірісті. Апта басында Қарағандының сату нүктелерінен «Мұңайтпасов» көмір базасына 60-70 тонна көмір жеткізілді. Енді күніге «КамАЗ» жүк көліктері қысқы отынды осындай мөлшерде әкеліп, сатып жатыр. Ал, «Кеңасу» қоймасындағылар «Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамының өз басынан тасуды бастады. Олар күніне 100-110 тонна көмір әкеледі. Біз өз тарапымыздан көмір таситын екі кәсіпкерге кезексіз тиеп алуды ұйымдастырып отырмыз. Өйткені, жол алыс. Бағаны да былтырғыдан өсірмей, келіссөз жүргізіп отырмыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ардагер Ермекбайұлы.
Алыпсатарға ауыл өкпелі
Тағы бір шаруа, сөз басында айта кеткеніміздей, аспандаған бағаға ел-жұрттың базынасы бар. Ақтоғай ауылының ақсақалы Болат Тілеубергенов отынды шарықтаған бағаға амалдың жоқтығынан алады дейді.
– Алыпсатарлар 27-28 мыңнан сатып жатыр базаларынан. Жылдағы баға – осы. Қыс келген сайын айтар әніміз ғой бұл. Көбіне Қарағандыдан тасымалдайды. 250 шақырым қашықтық бар. Сол үшін бағаны екі есе қымбаттатып әкелу елді аямау деген сөз ғой. Жарайды, Ақтоғайдың басындағылар алады. Бірақ, шалғай ауылдан келіп әкететіндер техникаларына тағы шығындалады. Олардың да бағасы арзан емес. Осы бір тасымалдау мәселесін шешіп, бағаны реттесе деген ауылдағы елдің назы бар, – дейді Болат ақсақал.
Расымен, ауылдағы ағайынның қалтасын делдалдар қағып тұр. Шалғайда жатқан ел, шынымен, қысқы отынға қолын қалай жеткізсін?! Қыста қалтырамас үшін амалдың жоғынан алады.
– Күніне Қарағандыдан 40 тонна көмір әкетеміз. Жасыратыны жоқ, кейде 2-3 күн күтіп қаламыз. Көмір келмей қалатын кездер болады. Бастысы, көмірдің сапасына ел риза. 27 мыңнан сатып жатырмыз. Халық «қымбат» дейді. Бізді де түсіну керек деп ойлаймын. Бір «КамАЗ»-ға келіп-кетуі үшін дизель отынына 70-80 мың жұмсаймыз. Бұрын бір жүк көлігіне 35 тонна тиейтінбіз. Қазір 20 тонна апарамыз. Түнімен тұрамыз. Екі «КамАЗ» жүк көлігім бар. Қыс бойы, көктемге дейін тасимыз. Біздікі де еңбек, – дейді «Мұңайтпасов» көмір қоймасының басшысы Ерлан Нұртазин.
Жергілікті әкімдік бағаны әлі де қымбаттатпақшы болған тасымалдаушы кәсіпкерлерге барып, былтырғы бағада ұстап тұруға уағдаласқан көрінеді. Ал, алыстағы Айыртас, Қусақ ауылына Балқаштан көмір тиеген «КамАЗ»- дар барып, сол бағаға түсіріп беріпті. Шет ауданының теміржол стансасындағы елдімекендер қызуы қатты Шұбаркөл көмірін тоннасын 20-21 мың теңгеден алып жатыр.
– Біз жылда осы көмірді аламыз. 15-20 тонна түсіреміз. Қызуы тамаша. Кейінгі өндірілген көмір болғандықтан сапасына ризамыз. 2500-3000 теңгеге «Газ-53» көлігімен жеткізіп береді. Ірі көмір көп. Негізі жол бойында тұрған біздер үшін бағасы қымбаттау. Бағасын түсірсе, жақсы болар еді. Арқада алты ай қыс жатады. Ел үздіксіз пеш жағады. Халықты ойлау керек қой, – дейді С.Сейфуллин кентінің тұрғыны Гауһар Есенбекова.
«Шұбаркөлдің» рекорды
Қазір пеш жағатын жұрт «Шұбаркөлдің» көміріне әбден үйренген. Қызуы күшті, әрі сапалы. Халықтың дені алатын көмір – осы. Өткен қазан айында «Шұбаркөл көмір» АҚ кеншілері рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Олар қазан айының ауысымына 472 вагон көмір жөнелткен. Бұл жоғары нәтиже – ұжымның үйлесімді жұмысының жемісі.
«Шұбаркөл көмір» – еліміздің 30 пайызын көмірмен қамтамасыз етіп отырған өндіріс орны. Олардың мұндай межеге жетуінің тағы бір себебі техника паркін үнемі жаңартып отырғандығында. Мұнымен қоса, компанияны «ТрансКом» және «Қазақстан темір жолы» АҚ қолдап, вагондардың уақытылы берілуін қамтамасыз етеді.
Қазір компания қарқынды жұмыс істеп тұр. Көмірді өз көлігімен алып кету қосыны демалыссыз, тәулік бойы қызмет етеді. Көмірді алып кету орнында көмірдің бір тоннасының бағасы – 8 790 теңге.
– Көмірді алып кету орнында көмір қоры жеткілікті. Біз жауапты кәсіпорын ретінде тұтынушылар алдындағы міндетімізді орындау үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз, – дейді «Шұбаркөл көмір» кәсіпорнының бас инженері-операциялық директоры Саят Абжанов.
Өткен жылы кәсіпорын 13,8 млн тоннадан астам көмір өндірген. Биылғы меже – 14,4 млн тонна. Компания үнемі дамуға және жаңаруға ұмтылады. Инвестициялық бағдарлама аясында құрал-жабдықтар жыл сайын жаңартылып отырады. Соңғы 5 жылда 44 түрлі техника сатып алынды. Негізгі жұмыс жабдығы – экскаваторлар, оның ішінде жапондық Hitachi фирмасының өнімділігі жоғары гидравликалық үлгілері мен ресейлік ЭКГ экскаваторлары. Тау массасы мен көмірді жүк көтерімділігі 60-тан 220 тоннаға дейінгі Caterpillar және Hitachi автосамосвалдары тасымалдайды. Жолдарды дайындап, тиеу үшін бульдозерлер, грейдерлер және жүк тиегіштер қолданылады.
Қара отын қоры жеткілікті
Жылына 150 мың тонна көмір өндіретін «Рапид» шахтасында да жұмыс қызу. Бұл көмір жерасты әдісімен өндіріледі. Сәйкесінше, бағасы да жоғары. Атап айтсақ, бір тоннаның бағасы 24 мың теңгеден басталады. Соған қарамастан күніне 15 жүк көлігі тиеліп, жеткізіліп жатыр. Бұл, әсіресе, апталық пештер үшін тиімді көрінеді.
Аймақ тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етуге арналған 740 мың тоннадан астам көмір қоры бар. Бүгінде облыста 55 сату нүктесіндегі сауда қызу. Оның 41-і теміржол тұйығында, ал, 14-і қоймадан сатылып жатыр. Сату нүктелерінде жұмыс штаттық тәртіппен ұйымдастырылған. Бұл іске жауапты мамандар көмір қорының жеткілікті екенін айтады.
– Қазір қорда 39 мың тонна көмір бар. Оның 17 мың тоннасы – Қарағанды қаласында. Өңірді көмірмен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе туындап жатқан жоқ. Шұбаркөл көмірінің тоннасы орта есеппен 19 мың теңгеден. Мәселен, Пришахтинскідегі сату нүктесіндегі баға – 14 750 теңге. Айта кетейік, көмір бағасының өзгеруіне тасымалдау нүктелерінің қашықтығы да әсер етеді. Мысалға, Нұра, Ақтоғай аудандарына вагон-вагон көмір таситын теміржол тұйығы жоқ, – дейді өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ақдидар Рымбек.
Түйін
Шалғай ауыл ғана емес, теміржол бойындағы станса тұрғындары да көмірді қымбатқа алып жатырмыз деп шыр-пыр. Халық «Шұбаркөлдің» бағасы шарықтап тұр деуде. «Шұбаркөл» болса, «біздің баға арзан» деп жауап қайырады. Сонда бар айып алыпсатарда ма?
Айналып келгенде, алты ай қысқа көмір аламыз деген ауылдағы ағайынның қалтасы қағылып, қымбатқа ұрынып жатыр. Делдалдар «қампайған қалта біздікі емес, тапқан табысымыз жол шығынымызға, жұмыскерлердің айлығына жұмсалады» дейді. Жыл сайынғы «жыр» қашанға дейін созылады?
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz