«Қысқы бақтың» қызығын тамашала
Биыл Теміртаудағы «Қысқы бақтың» ашылғанына – 30 жыл. Қазақстан табиғатында кездеспейтін тропикалық өсімдіктерге бай мекеннің атаулы мерейтойына «Озат» ақпараттық-технологиялар мектеп-лицейінің оқушылары, жас экологтар электронды кітап әзірлеп, ұжымға сыйлады.

Өндірісі өркен жайған Теміртауға «Қысқы бақ» салу мәселесі кеңестік кезеңде ұсынылған. Алғашқы қазығы 1991 жылы қағылып, іргетасы құйылыпты. Ал, 1993 жылдың қаңтарында ресми ашылу салтанаты өткен. Тоқсаныншы жылдары қыс ішінде бақ жарық пен жылусыз қалып, өсімдіктерге қауіп төнген. Қызметкерлердің жанқиярлығы арқасында баққа пеш орнатылып, от жағылған.
Бүгінде «Қысқы бақта» тропикалық елдерде, шөлді аймақтарда кездесетін жүзден астам өсімдік жайқалып тұр. Қарағандылықтардың сүйікті мекеніне айналған жерге көпшілік демалу үшін жиі келеді. Сондай-ақ, оқушылардың да қызықтайтын орны.
Алайда, дамыған заманда қызыққан адамға интернет арқылы тамашалауға мүмкіндік беретін бақтың сайты жоқ болып шықты. Интернет арқылы ақпарат алу қиындау. Экскурсияға келген балалар бақ қызметкерлері ұсынған мол ақпаратты қорытып, қайта пысықтауға қиналады. Сондықтан, «Озат» мектеп-лицейі жанынан құрылған «Балауса» эко-клубының мүшелері электронды кітап әзірлеуді жөн көрген. Жоба жетекшісі – биология пәнінің мұғалімі Арай Ержан.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда балаларға жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеп, олардың бойындағы патриоттық сезімдерді қалыптастыру керегін айтқан болатын. Әрі Президентіміз «Отанға деген сүйіспеншілік – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес» деп атап өтті. Өте құптарлық сөз. Біз өзіміздің туған елге, жерге деген махаббатымызды іспен көрсетуіміз керек. Балалар өз қаламыздағы осындай ғажайып орын туралы кітап дайындау арқылы, оның тарихымен танысты. Бақ қызметкерлерінің қиын да қызықты жұмыстары туралы білді. Бұрын бұл жерге қызық үшін келсе, енді табиғат жанашыры есебінде бас сұғатын болды, – дейді Арай Ержанқызы.
Электронды кітапқа әзірге бақта өсетін 15 өсімдік түрі енгізілген. Кітап қазақ және орыс тілінде. Алдағы уақытта өзге өсімдіктер туралы ақпарат толықтырылып, қызметкерлер жөнінде мәліметтер енгізілмек.
– Оқушыларымыздың ауқымды іске бел буып, бастамашыл болғаны қуантады. Біз балаларға білім берумен шектеліп қалмай, олардың бойындағы адамгершілік қасиеттердің дамуына, ел азаматы болып өсуіне жағдай жасаймыз. Алдағы уақытта да клуб мүшелері бастаған жұмыстарын жалғастырып, жаңа идеялармен толықтыра түседі деген сенімдемін, – дейді «Озат» мектебінің директоры Шолпан Фаткулина.
Электронды кітаптың таныстырылымы «Қысқы бақтың» алаңқайында өтті. Таныстырылымнан соң бақ қызметкерлері оқушыларға экскурсия ұйымдастырып, өсімдіктер дүниесі туралы ақпарат ұсынды. Электронды кітап қалалық «Temirtau tynysy» газетінің және biodapter.kz сайтында орналасқан.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz



