Спорт

Қысқы Азиада несімен есте қалды?

Қытайда өткен IX қысқы Азия ойындары мәресіне жетті. Күншығыс еліне 10 спорт түрінен 137 спортшы (72 ер, 65 әйел) аттанып, жалпыкомандалық есепте IV орын иеленді. Ел қоржынында – 4 алтын, 9 күміс, 7 қола жүлде. Жалпы, аптаға созылған Азиада ойындары несімен есте қалды? Шолу жасайық…

Әуелі, ел қоржынына тарихи алтын алып, басты қарсыластарын басып озған спортшылардан бастасақ. Атап, айтсақ, шорт-трек­тен Олимпиада бағдарламасына кіретін 5 000 метр қашықтықта өнер көрсеткен ерлер құрамасы тарихи алтын медальді жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, аралас эстафетада 2 000 метр қашықтықта бақ сынаған Яна Хан, Малика Ермек, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов күміспен күптелді. Жарыс барысында кіл мықтылардан жасақталған Қытай құрамасының командасын жүлдесіз қалдырды.

Ал, әйелдер құрамасы 3 000 метр қашықтықта бақ сынап, күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл сайыс­тағы басты фаворит – Оңтүстік Корея қомандасы еді. Нәтижесінде отандастарымыз фавориттерді басып озды.

100 метр қашықтыққа конькимен жүгіруден Евгений Кошкин де ерледі. Ол басты қарсыласы әлем чемпионатының күміс жүлдегері оңтүстік кореялық Ким Джун Хоны артқа тастап, күміске қол жеткізді.

Ақ Азиада ойындарында отандастарымыз бұған дейін бірнеше сайыс түрінен жүлде алмаған еді. Биылғы бәсекеде олқылықтың орны толды. Биыл фристайл-­акробатикадан бірнеше жаңа дисциплиналар қосылған еді. Сондай бәсекенің бірі – синхронды секіру. Роман Иванов пен Шерзод Хаширбаев осы сайыста алғашқы алтынды ел қоржынына салды. Ал, аралас командалық сайыста 15 жастағы Асылхан Асан және Шерзод Хаширбаев пен Аяна Жолдас күміс медаль еншіледі. Ал, әйелдер арасындағы додадан да бұған дейін құр қол қайтқан еді. Биыл құрама сапында өнер көрсеткен Ардана Маханова мен Аяна Жолдас ел қоржынына қола жүлдені алып келді.

Конькимен жүгіруден 100 метр қашықтықта Евгений Кошкин мәреге екінші келді. Ал, командалық спринт бәсекесінде Надежда Морозова, Кристина Силаева, Дарья Важенина үздік үштікке кірді.

Биылғы ақ Азиада ойындары – тәмам. Тек тау шаңғысы, кёрлинг, ски-альпинизм спортынан отандастарымыз жүлдесіз оралды. Ендігі қысқы Азия ойындары 2029 жылы Сауд Арабиясында өтеді деп жоспарлануда. Сол додада ел қоржыны еселене түсер, бәлкім…

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет Туризм және спорт министрлігінің сайтынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button