Енді екі-үш айдан кейін Арқа атырабына да қылышын сүйретіп қыс келеді. Сол қатал сынның қарсаңында «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС ұжымы Абай ауданында алдағы жылыту маусымының сапалы және кідіріссіз өтуі үшін өзі қызмет көрсететін Абай қаласы, Южный, Топар кенттерінің жылу жүйелерін, жабдықтарын даярлау мен жөндеудің жоспарланған жұмыстарын жүйелі жүргізіп жатыр.
– Біз осының алдындағы жылыту маусымы аяқталысымен Абай қаласында магистральдық және орамішілік жылу тораптарының механикалық беріктігі мен гидравликалық тығыздығына сынақ жасаған болатынбыз, – дейді «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС директорының міндетін атқарушы Валентина Әбдіхалықова. – Соның нәтижесінде магистральдық тораптарда 20, ал, орамішілік тораптарда 13 ақау, сондай-ақ, олардың дефектоскопиясы анықталды.
Міне, осыдан кейін кәсіпорын өз күшімен биылға 1 246 қума метр орамішілік тораптарды ауыстыруды белгілеп, барлық жылу тораптарында диаметрі 57 миллиметрден 530 миллиметрге дейінгі ақаулар жойылған.
Электртехникалық қызмет көрсету мамандары электр аспаптары мен дәнекерлеу аппараттарын, өнеркәсіп базасының жабдықтарын, 1 және 2-ші жылу-сорғы станциялары камераларының едендерін, Абай станциясындағы бетон конструкцияларын, жылу жабдықтарын жөндеп, тексерген екен.
Абай ГРЭС-інің магистральдық жылу тораптары бойынша 174 дана сальник компенсаторлары ревизияланып, тығыздалып, өткізілген сынақтар барысында ақаудан арылтып, сол сияқты сорғы станцияларының сорғылау жабдықтары ревизияланған.
Биыл қаладағы станцияға жаңа сорғы орнатылып, ол қазіргі жылумен жабдықтау жүйесін айтарлықтай жақсартпақ. Мұның өзі жылу берудің тиімділігін арттырып, энергия шығындарын азайтып, тұтынушыларды жылумен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа жабдық ұзақ мерзім қызмет етіп, оның сапасын оңалтады деген үміт бар.
Сондай-ақ, инвестициялық бағдарлама бойынша қаланың сорғы станциясынан Мерей компенсаторына дейінгі аралықтың (диаметрі – 530-320 мм) бөлігі жөнделген.
Қазірде бюджет қаржысы есебінен жекеменшік секторының тармақтарында жылу энергиясын есептеудің 117 автономдық аспабы орнатылыпты.
Валентина Әбдіхалықованың айтуынша, кәсіпорын жұмысшыларының күш-жігерімен Южный кентіндегі қазандық цехын, «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС жылу тораптарын 2025-2026 жылдың қысқы жылыту маусымына даярлау (консервациялау) іс-шаралары әзірленген.Сол сияқты биылғы жылдың 14 мамырынан бастап, Топар кентінде сыртқы жылу тораптарының ескірген ораулары минералдық мақта мен мырышталған қаптамаларды пайдалана отырып, жаңасына ауыстырылуда. Жалпы мұнда 7 595 қума метр жылу орауларын ауыстыру көзделген көрінеді. Демонтаждау жұмыстары кезінде құбыр өткізгіштердің ақаулы бөліктері белгілі болып, оларды шұғыл түрде жөндеу қолға алынып, жылу тораптарын қыстың қатал сынына қапысыз қамдау әрекеті толассыз жалғасуда.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы