Руханият

Қыс шілдесі

Қазір әлеуметтік желілерде қыс шілдесі жөнінде жұрт жарыса жазып жатыр. Бәрі жақсы-ау, бірақ құр жамырағаннан басқаны көрмей отырған жайымыз бар.

Керек десеңіз, сол баяғы сусаниншілдік… Өзі адасып ғана қоймай, өзге жұртты да адастырып жатыр. Әрине, әдейі істеп жатқан жоқ…

Қыс шілдесінен бұрын әңгімемізді қыс тоқсаннан бастағанымыз жөн болады.

Қыс тоқсан дегеніміз кәдімгі қысқы үш айымыз. Ол өз күшіне бұрынғыша ақпан айының (желтоқсан) 13-де кіреді. Осы күні жұрт соғым сояды.

Қыс тоқсанымыз үш айдан соң өз орынын көктемге босатады. Бұрынғыша айтсақ, мұнымыз ұлыс айы!

Парсыша айтсақ наурыз айы…

Олай болса, қазақтың жаңа жылы ұлыс айының 14-де кіреді. Ұлыс оң болсын дейтініміз содан!

Жаз шілдесін бәріміз де білсек керек. Тура қырық күн ми қайнататын аптап тұрады. Мұнымыз маусымның 25-нен шілденің 5-дейін созылады.

Осыған қарама-қарсы қыста қырық күн тұратын аязды күндерді қыс шілдесі дейді. Онымыз қаңтардың 17-нен ақпан айының соңына дейін созылады.

Қаңтардың 17-нен бастап, аса қатты аяздар жүреді. Оны бабаларымыз саршұнақ аяз деген. Арқаның кыс шілдесі бір күн аяз, бір күн боран. Келер айдың 17-нен бастап, борасын жүреді. Оны кешегі үлкендеріміз бөрісырғақ деген.

Бұл туралы мен жазудайын жазып-ақ жүрмін. Алайда, жұрт та баяғы жазғанынан таймай бөрісырғақ қаңтар айының 17-нен бастап жүреді деп жар салуда.

Жұпқа түсетін жалды – бөрі дейді, шуланды – бөрте дейді.

Бөрі мен бөрте мойнына алған шаруаларын басқа мақұлықаттар сынды ашық, кез келген жерде жасамайды. Олар бұл жауапкершіліктерін жасырын жасайды!

Әуектен бөлініп, көзден таса жерде. Бір жаратушы ақпанның ақырған боранын осы бөрі мен бөрте үшін әдейі жіберген сынды көрінеді. Әуектің қалған көзінен жасырынуы үшін…

Осы амалды бабаларымыз бөрісырғақ деген. Бұл амал ақпан айының 17-25 аралығында өтеді.

Қасқыр баласын 63 күн көтереді. Содан барып, қарақұлақтарын сәуір айының басында әкеледі. Қыс ішінде қасқыр (бөрте) күшіктеді деген әңгімені естімедік.

Төрехан МАЙБАС,
жазушы-этнограф

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button