Саран қаласына жұмыс сапарымен барған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылыту маусымының аяқталуы мен алдағы кезеңге дайындық барысын назарға алды. Өңір басшысы қаладағы бірқатар нысандарды аралап, жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Ермағанбет Қабдулаұлы Абай көшесіндегі компенсаторларды орнату және жөндеу учаскелерімен, сондай-ақ, орталық жылу пункті мен жылу көздерін аралап, нысандардағы жұмыстардың барысымен танысты.
Орталық қазандыққа қосу процесі үш кезеңге бөлінген. Былтыр, яғни, 2024 жылы 113 көппәтерлі тұрғын үй мен 5 әлеуметтік-мәдени нысан орталық жылу жүйесіне қосылған. Саран қаласы әкімінің орынбасары Дастан Әрнешевтің айтуынша, жылу маусымы аяқталғанға дейін бірінші және екінші кезеңге қалған барлық тұрғын үйлер орталық жылу жүйесіне қосылады.
– Қазір келесі кезеңге дайындық аясында бастапқы компенсаторларды сынау жұмыстары жүргізілуде. Сынақ сәтті өткеннен кейін үшінші кезең іске қосылады, оған Абай көшесі мен Горняк шағын ауданындағы 81 үй кіреді, – деді ол.
Сонымен қатар, қалада жөндеу жұмыстары жалғасуда. Яғни, бастапқы компенсаторлар мен ысырмалар ауыстырылып жатыр. Жоспарға сәйкес мамыр айының соңына дейін екінші кезеңдегі барлық үйлер қосылып, шілде айының соңына дейін қала толық жылыту маусымына дайын болады.
Сапар барысында облыс әкімі мердігер ұйымдар мен жауапты құрылымдардың қатысуымен кеңес өткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
– Барлық қажетті жабдықтарды қазірден бастап сатып алыңыздар. Жылыту маусымы басталған соң ақау анықталса, оны жөндеуге уақытымыз жетпей қалуы мүмкін. Барлық жұмыс соңғы сәтке қалмай, алдын ала атқарылуы қажет! – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады.
– 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына барлық үш кезеңді толық қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, орталық қазандықтың жабдықтарына тексеру жүргізіледі. Төрт жаңа сорғы тобы мен оларға қосымша жөндеу жиынтықтарына тапсырыс берілді. Қысқы кезеңде анықталған ақауларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Жылу көзіндегі барлық жұмыстар тамыз айына дейін аяқталады, – дейді ол.
Маңызды кезеңдердің бірі – Горняк шағын ауданын орталық жылу жүйесіне қосу. Бұған дейін бұл ауданның №55 үйінің 43-і пешпен жылытылып келген. Қазіргі таңда барлық аулаларда жылу тораптары орнатылып, тұрғындармен жылу тарту жөнінде келісімшарттар жасалған. Енді үйлерге жылу беру үшін сығымдау және гидравликалық сынақтар жүргізіліп, жаңа маусым басталғанға дейін толығымен қосу жоспарланып отыр.
Жергілікті қазандықтар тоқтатылған соң олардың жабдықтарына толық тексеру жасалып, жөндеу жүргізіледі. Кейін бұл қазандықтар резервтік режимге көшіріледі.
Кеңес соңында облыс басшысы жобалар сапасының жоғары болуын, уақытында аяқталуын талап етіп, 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық облыс әкімдігінің тікелей бақылауында болатынын атап өтті.
Өз тілшімізден