АймақБас тақырыпҚарағанды

Қысқа дайындық пысықталды

Балқаш, Приозёрск және Саран қалаларында жылыту маусымына дейін қазандықтар, жылу магистральдары және инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл нысандардың дайындығы туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа баяндалды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Балқашта жылу электр орталығының негізгі қуат көздері жылыту маусымына толық дайындалуда. №6, №7 және №8 қазан агрегаттары, сондай-ақ, №2, №6 және №7 турбиналары күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, ұзындығы 24 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр, оның 68 пайызы аяқталған. Саяқ кентінде жаңа қазандық салынып, үш шағын қазандық резервке қойылмақ. Қазандықтарға отын сатып алу қыркүйекте басталады.

– Қалада су құбыры желілерін қайта жаңғыртудың екінші және үшінші кезеңдері жалғасуда. Жоспардың жартысынан астамы орындалды. Ұзындығы 2 шақырым проблемалық учаскелерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, кәріз желілері жаңартылып жатыр. 7 шақырым электр желісі қалпына келтіріліп, сегіз трансформатор ауыстырылды, – деп хабарлады Балқаш қаласы әкімінің міндетін атқарушы Руслан Сыздықов. – 5 қыркүйекке дейін барлық көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар дайындық актілерін алуы тиіс. Одан кейін магистральдық және орамдық желілерді сығымдаудан өткізу және шаю жұмыстары басталады.

Приозёрск қаласында да қысқы дайындық жалғасуда. Мұнда басты назар №1 қазандыққа аударылған.

Бұл жерде жабдықтарға кешенді жөндеу жасалды, түтін мұржалары толық тексеріліп, дефектоскопиялық зерттеу жүргізілді. Қалада су құбыры мен жылу желілерінің бір бөлігі ауыстырылды.

– 80 көпқабатты тұрғын үйдің 56-сы дайындық актісін алды. Жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізілуде, – деді Приозёрск қаласы әкімінің орынбасары Темірхан Айдарханов.

Саран және Ақтас қалаларындағы дайындық былтырғы кемшіліктер ескеріліп атқарылуда. Орталық қазандықта ысырма арматурасы мен датчиктер толық тексеріліп, жаңа сорғылар орнатылды, жылу пунктінің жабдықтары жаңартылды. Жылумен қамту сызбасы бастапқы жобасына сай қайта қалпына келтірілді. Жергілікті қазандықтарда 10 қазан ауыстырылды. Отын жеткізу 20 тамыздан басталады. Сондай-ақ тұрғын үйлерді жылу желілеріне қосу жұмыстары жүргізілді.

Ерекше назар Горняк шағынауданына бөлінген.

– Бұған дейін мұндағы 43 үй пешпен жылытылып келген. Бүгінде олардың 40-ында жертөле ішіндегі жылу құбырлары толық дайын. Үйлерге жылу магистралі тартылып, 18 тамыздан бастап шағын ауданда сығымдау басталады, – деп мәлімдеді Саран қаласы әкімінің орынбасары Дастан Әрнешев.

Облыс әкімі қала әкімдеріне барлық жабдықтарды алдын ала тексеріп, қыс ортасында ақау жоюмен айналыспау керектігін ескертті.

– Қазандықтарды дер кезінде дайындаңыздар, отын жеткізілуін қатаң бақылаңыздар және барлық мәселені жылыту маусымы басталғанға дейін толық шешіңіздер! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button