Қысқа дайындық – қазірден
Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік нысандарды жылумен қамту және инфрақұрылым объектілерінің дайындығы жан-жақты талқыланды. Жиынға Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және Нұра аудандарының әкімдері, сондай-ақ тиісті басқармалар мен коммуналдық қызметтердің басшылары қатысты.

Бұқар жырау ауданы әкімдігінің мәліметінше, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғын үй қорының дайындығы 60 пайызды құрайды. 1 қыркүйекке дейін білім, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерін көмірмен толық қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі таңда аудан аумағындағы қазандықтар мен жылу желілерінде жоспарлы жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
– Қушоқы кентінде №4 орталық қазандықты, көмір жеткізу және күл шығару конвейерлерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар кварталдық жылу желілері жаңартылып жатыр, – деді аудан әкімі Ерлан Құсайын. – Жеті модульдік қазандықта жабдықтар жаңартылып, қуаттылық арттырылуда. Бұдан бөлек, білім беру нысандарына арнап төрт жаңа блок-модульді қазандық салынбақ.
Қарқаралы ауданындағы жылу магистралінің 90 пайызы жаңартылып болды. №1 қазандыққа қосымша қуаты 1,2 МВт болатын қазан агрегаты орнатылды. Барлық қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар су және кәріз жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бүркітті ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеуі аясында оның жылыту жүйесі де толықтай жаңғыртылды. Қазіргі уақытта аудан халқы мен әлеуметтік сала нысандарына көмір қоры жинақталып жатыр. Шет ауданында 28 КТП, трасформаторлар, сымдар, ажыратқыштар және басқа да қажетті жабдықтар сатып алынды.
– Энергетика басқармасының мониторингіне сәйкес, аудан аумағындағы жылу және сумен жабдықтау нысандарының дайындығы 60 пайыздан асты. Электр желілері мен қосалқы стансалардың дайындығы – 70 пайыз. Әлеуметтік-мәдени нысандарға келсек, спорт мекемелері қысқы маусымға толық дайын, қалғандарының дайындығы шамамен 70 пайыз деңгейінде, – деп атап өтті Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.
Нұра ауданындағы әлеуметтік нысандар үшін көмір қорының негізгі бөлігі дайын. Шұбаркөл кентінде орналасқан орталық қазандық 100 пайыз дайын деп танылды. Сонымен қатар Кертінді және Мыңбаев ауылдарындағы мәдениет үйлеріне жаңа блок-модульді қазандықтар орнатылған. Білім беру мекемелеріндегі жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары жалғасуда. Су құбырларын жөндеу аяқталуға жақын, кәріз желілерін қайта жаңғырту жүргізіліп жатыр.
Ңір басшысы жауапты тұлғаларға дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімге дейін толық аяқтауды және дайындық барысын жіті бақылауды тапсырды.
– Барлық нысандар техникалық тұрғыда белгіленген күнге – 15-ші қыркүйекке дейін толық дайын болуы тиіс. Әр кезеңдегі жұмыс барысы тұрақты бақылауда болуы қажет. Әсіресе, кестеден кешігу қаупі бар учаскелерге ерекше назар аударылсын, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аудан әкімдеріне жөндеу жұмыстарының қарқынын төмендетпеу және бекітілген кестенің орындалуын қатаң бақылауда ұстау жүктелді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА