Жылқы жылының қысы өзінің тұяғындай қатты болып отыр. Ақпанда құйған ақ жауынға ауылдағы ағайынның күйі – «алаң да, алаң, алаң жұрт». Тебіндеп жайылатын жылқы қолға қарап жатыр. Жалпы, шаруалар Арқаның алты ай қысында қысылмай шығатын түліктің кейінгі жылдары «жанын» әзер бағып қалып жүр.

Жылқы қолға қарап жатыр
Шет ауданы, Көктіңкөлі ауылындағы «Фриден» шаруа қожалығының басшысы Анатолий Гуреев биылғы қыс жылқы ұстаған ағайынға оңай тимей отырғанын айтады. Оның сөзінше, ақпан айының басында жауған алғашқы жаңбырдан кейін дала мұз болып қатып, жағдай күрт қиындаған.
– Ақпанның басындағы жаңбырдан кейін жайылым көктайғаққа айналды. Содан бері жылқыны толықтай қолға қаратып отырмыз. Қордағы шөпті беріп жатырмыз. Күніне шамамен бір тонна шөп кетеді. Оған қоса аз-аздан бір қап жем шашамыз. Қысқа қажетті азықты уақытында қамдап алғанбыз, соның арқасында әзірге шыдап тұрмыз, – дейді қожалық басшысы.
Бүгінде шаруашылықта үш үйір жылқы қолда тұр. Табиғи тебіндеуге мүмкіндік болмаған соң, барлық салмақ жемшөп қорына түсіп отыр. Даланың өзі мұз, мал еркін жайыла алмайды. Бұл тек бір қожалықтың мәселесі емес.
– Ауыл тұтас осындай жағдайда. Көрші ауылдағы ағайын да малын қолға қаратып отыр. Былтыр да қыс қатты болған, биыл да қайталанып тұр. Жалпы, соңғы жылдары жылқы өсіру тиімсіз болып барады. Шығын көбейді, табиғаттың мінезі құбылмалы, – дейді Анатолий Гуреев.
Шаруаның айтуынша, жемшөп бағасының өсуі мен ауа райының қолайсыздығы кәсіптің табыстылығына кері әсер етуде. Дегенмен, ата кәсіптен бас тарту ойда жоқ. «Мал аман болса, береке де болады» деген сеніммен еңбек етіп отырған шаруалар үшін бастысы – қыстан шығынсыз шығу.
«Шығын өтейтін бағдарлама керек»
Агросарапшы Аспандияр Сейсен ақпан айындағы ақ жауын, көктайғақ, мұз Арқа шаруалары үшін кездейсоқ құбылыс болмай қалды дейді.
– Бұл – соңғы жылдардағы климаттық құбылмалылықтың көрінісі. Жылқы – табиғи тебінге бейімделген мал, бірақ жаңбырдан кейінгі мұзға жылқы тұяғы батпайды. Қазір қожалықтар күніне тонна-тонна шөп беруге мәжбүр, азық қорын толық пайдалану үшін қосымша жемге тәуелді. Мұндай қарқынмен қор ұзаққа жетпейді, мал әлсірейді, жарақат алу қаупі өседі. Соңғы жылдары жылқы өсіру экономикалық тұрғыдан күрт қиындап барады. Жемшөп қымбат, ауа райы тұрақсыз, өнім өткізу жолдары әлсіз. Егер, мемлекет бұл саланы стратегиялық деңгейде қолдамаса, шағын қожалықтар біртіндеп қысқарады. Жылқы – тек ет немесе қымыз көзі емес, ұлттық бренд, ауыл экономикасының тірегі. Мәселені нарыққа қалдыруға болмайды. Әуелі, жемшөп қауіпсіздігін реттеу керек. Әр облыста тұрақтандыру қорын құрып, төтенше жағдайда шаруаларға арзандатылған шөп пен жемді заңды түрде ұсыну. Екіншісі – климаттық сақтандыру. Дәл осындай қиын қыс, қуаңшылық сияқты табиғи апаттардан келетін шығынды өтейтін тиімді бағдарламаларды енгізу. Қазіргі жүйе толық емес. Субсидиялау саясатын қайта қарау керек. Жылқы еті мен қымыз өндірісін нақты ынталандыратын шаралар енгізу. Кооперативтерді қолдау арқылы өнім өткізу тізбегін жолға қою. Жайылым инфрақұрылымын дамытуды да қолға алатын кез жетті. Құдық қазу, су көздерін қалпына келтіру, ықтасын базалар салуға гранттық қолдау тетігін қарастыру керек. Бүгінгі қиындықтар уақытша емес. Климат құбылып тұр. Сондықтан, шаруаларға бір маусымдық көмек емес, ұзақ мерзімді бейімделу бағдарламасы қажет. Дұрыс жоспарлау мен мемлекеттік қолдау болса, жылқы шаруашылығы қайтадан табысты, стратегиялық салаға айналады. Басты мақсат: қыстан малды шығынсыз шығарып қана қоймай, саланың болашағын сақтап қалу, – дейді Аспандияр Сейсен.
Ақпанның соңына дейін аяз
«Қазгидрометтің» Қарағанды облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Береке Әбілдаұлының айтуынша, өңірде ақпан айының соңына дейін қыс ызғары сақталады. Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері жауын-шашын күтілмейді, ауа райы негізінен құрғақ болады.
Түнгі уақытта ауа температурасы облыстың басым бөлігінде – 25-30 градус аязға дейін төмендейді, ал шығыс аумақтарда сынап бағаны – 33 градусқа дейін түсуі ықтимал. Облыстың оңтүстік бөлігінде түнгі суық – 13-18 градус шамасында болады. Күндізгі ауа температурасы өңір бойынша – 15-20 градус аязды көрсетсе, оңтүстікте –5, –10 градусты болжап отыр.
Сондай-ақ, желдің жылдамдығы секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін. Ертеңнен бастап облыстың оңтүстігінде қар жауу ықтималдығы бар. Соның салдарынан кей аумақтарда мұз қатып, көктайғақ қалыптасады.
Мамандар мұндай ауа райы жағдайы жол қозғалысына да, мал шаруашылығына да қолайсыз екенін ескертеді. Қатты аяз бен көктайғақ жылқы малының жайылымдағы қозғалысын қиындатып, қосымша жемшөп беру қажеттігін арттыруы мүмкін. Сондықтан, синоптиктер тұрғындарды сақтық шараларын күшейтіп, ауа райы болжамдарын қадағалап отыруға шақырады.
Малдың амандығы – ауылдың бүтіндігі
Былтырғы қыстан бірнеше шаруа қожалық төл ала алмай қалды. Жабағы-тайлар көтерем болды. Міне, биылғы қыстың соңында қар жауып, тағы да жылқы қолға қарап, фермерлерді қыспаққа алды. Ауылда шөп бағасы шарықтады. Амалы жоқ ауылдағы ағайын жылқысын қыстан шығару үшін бағаға қарайтын мұршасы жоқ. «Жұттың бұл да – бір түрі», дейді жұрт. Осылайша, қыстың қаталдығы малға ғана емес, ауылдың тіршілігіне де сынақ болып отыр. Жылқының амандығы – шаруаның амандығы, ал шаруаның тіршілігі – ауылдың тірегі. «Бұл қиындықтарды жеке қожалықтардың мойнына артып қойған жарамайды», – дейді фермерлер. Тұрақты жемшөп қоры, климаттық сақтандыру, субсидия және инфрақұрылымдық қолдау арқылы ғана шаруалар қыс мезгілінен шығынсыз өтіп, жылқы шаруашылығы аяғынан тік тұрады.
Сондықтан, басты міндет – малдың амандығын қамтамасыз ету арқылы ауылдың бүтіндігін сақтау. «Ендігіде қыстың қиындығы – мемлекет пен шаруаның ортақ жауапкершілігінде болса», – дейді шарасыз шаруалар.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



