Әне-міне дегенше Арқа жеріне қылышын сүйреткен қыс та жетіп келеді. Бұл жылыту маусымына дайындық Абай ауданында ерте көктемнен басталып, қызу жүргізілуде.
Аудан бойынша негізінен орталықтандырылған жылу жүйесімен қаланың өз басы, Топар, Южный кенттері мен Жартас, Көксу ауылдары қамтамасыз етілген. Оларға жылуды Топар ГРЭС-і мен «Жартас» шипажайы және Южный кентіндегі екі қазандық береді. Міне, бірнеше жылдан бері жұртшылық тарапынан бұлардың қызметіне ешқандай арыз-шағым айтылмай, жылыту маусымдары жайлы өтіп келеді.
Жалпы Абай ауданындағы жылу желілерінің ұзындығы 204 шақырым болса, соның 139 шақырымы Абай қаласында орналасқан. Биыл содан 5,8 шақырым желінің 9 бөлігінде жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Атап айтқанда, Абай қаласындағы Жеңіс даңғылының 2,2 а,2 б желілерін ауыстыру аяқталып, енді ол 13-орам мен 4-шағын ауданда жалғасуда.
Өткен жылы Абайдан Топар ГРЭС-іне дейінгі магистральдық желілердің жылуын оқшаулау бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде жылу шығыны да азайып, қала тұрғындарына қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік туған.
Осы жылы «Абай» және «Қарабас» сорғы станцияларында сорғы агрегаттары ауыстырылып, ол да тұрғын үйлерге жылу берілуінің жақсаруына жол ашпақ.
Сондай-ақ, «Абайлық жылу жүйелері» кәсіпорны да өз қаражаты есебінен 999 текше метр желіні жөндеуді жоспарлап, қазірде сол шаруаның 90 пайызы орындалыпты. Енді бүгінде қаланың С.Сейфуллин көшесіндегі жылу желісіне диаметрі 219 мм компенсатор ауыстырылып, орнатылуда. Аталған кәсіпорын 2423 текше метр жылу желісін жөндеу бойынша 5 жылға арналған инвестициялық жоспар әзірлеп, бекіткен. Мұның өзі жылу энергиясын тұтынушыларға неғұрлым сапалы әрі үзіліссіз жеткізуге ықпал етеді.
– Сондықтан да Абай ауданы халқының алдағы қыстың қаһарынан қорқып, алаңдауына еш негіз жоқ, – дейді Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов. – Сол үшін де қолдан келгеннің бәрін жасап, жылыту маусымына қапысыз қамданудамыз.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz