Қысқа қамданыс тастүйін
Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппараттық кеңесте облыстың қысқы маусымға дайындығы, оның ішінде, автомобиль жолдарының күтімі мен қар ұстайтын қалқандарды орнату мәселелері кеңінен сарапқа салынды.
Әңгімесінің әлқиссасын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Сарандағы жылу маусымында олқылық жіберген шенеуніктерге ескерту жасаудан бастады. Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды.
Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте ресми негізде мәлімдеді.
– Өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, атап айтқанда, жылыту маусымына дайындықты жеткіліксіз түрде бақылағаны үшін менің бірінші орынбасарыма ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылсын. Саран қаласының әкімі мен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялансын. Қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз ету міндеті біз үшін басым екенін тағы да еске салғым келеді. Жұмыс тұрақты түрде жүргізілуі керек! Әр жағдай бойынша қатаң баға беріліп, жауапкершілік дәрежесі анықталады, – деді өңір басшысы.
Өз кезегінде Саран қаласының әкімі «Қаладағы жылу жағдайы туралы баяндады. Оның айтуынша, барлық жергілікті қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеуде, отын қоры қамтамасыз етілген. Кейбір үйлер бойынша қалалық чатқа түсетін сұрақтар жедел қаралады», деп сендірді Еркін Баулықов.
Бұдан бөлек облыста бизнестің іскерлік белсенділігі де сөз болды жиында. Бұған мемлекеттік қолдау ықпал етуде. Шағын және орта бизнес саласында бүгінде 231,7 мың адам жұмыспен қамтылған – экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығы. Жаңа жұмыс орындары құрылып, жергілікті қазына толықтырылуда. Аппараттық кеңесте кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасын іске асыру туралы айтылды.
– Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4% өсіммен 101,8 мың бірліктен асты. Осы саладағы өнім өндірісі жарты жыл ішінде 1,2 трлн теңгеден асты – жылдық мәнде бұл өңірдегі екі алпауыт компания көлемімен салыстыруға болады. Qarmet және «Қазақмыс», – деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская. – 9 ай ішінде бірыңғай кешенді бағдарлама бойынша 847 жаңа бизнес жобасы қаржыландырылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ға артық.
Мемлекеттік қолдау алған жобалардың ең көп саны өңдеу өнеркәсібіне тиесілі екені аталып өтті. Әлеуметтік маңызы бар жобалар да іске асырылуда. Мысалы, Теміртауда мемлекеттік қолдаумен жаңа жеке емхана ашылады. Қарағандыда бизнес-мектеп құрылды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары мен әлеуметтік кәсіпкерлер 5 млн. теңгеге дейін өтеусіз гранттар алады. Биыл комиссия өңдеу, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы 12 жобаны мақұлдады.
Мемлекеттік қолдау алғаннан кейін бизнес қосымша міндеттемелер алады. Олардың орындалуын «Даму» қоры қадағалайды.
– Ең сұранысқа ие құрал – пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Келесі жылы осы мақсаттарға, әсіресе, өңдеуші өнеркәсіптегі жобаларды қолдауға облыстық бюджеттен қаражатты едәуір арттырамыз. Бізде Qarmet компаниясымен металлургиялық кластер құру бойынша уағдаластық бар, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңір басшысы бизнесті одан әрі қолдау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жол жөндеу маусымы да аяқталуға жақын. Биыл Қарағанды облысы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар 1032 шақырым автожол жөнделді. Күн тәртібінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолдарға қысқы күтім жасау шараларына дайындық пысықталған. Өткен қыста түйткіл туындаған Қарағандының солтүстік айналма жолында алдын алу шаралары қабылдануда.
– Қарағандының солтүстік айналма жолында ұзындығы 5,5 шақырым қар ұстайтын қалқандар орнату жоспарлануда. Бүгінде 1,5 шақырымы дайын. Айдың соңына дейін тағы 1 шақырым жасалады. 3 шақырымдық учаске бойынша жер иесімен мәселе шешілуде, – деді аппараттық кеңесте «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Қарағанды филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов. Оның айтуынша, қыста Қарағанды – Теміртау, Қарағанды – Балқаш жолдарына қызмет көрсету үшін қар тазалау техникасы қосылады.
Ал, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожановтың айтуынша, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардағы қысқы жұмыстар үшін 66 мердігер анықталған. 1200-ге жуық жол жұмысшылары мен 1026 арнайы техника жұмылдырылады. Облыс бойынша боран мен ауа райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған адамдарды жылытуға шамамен 35 пункт дайындалды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық шараларды алдын ала қабылдау қажеттігіне ерекше назар аударды.
– Барлық ведомстволар жұмыс механизмін, кестесін, кезекшілігін нақты пысықтауы тиіс. Қардың қалың түсуіне бейім учаскелерге ерекше бақылау қажет, – деді өңір басшысы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz